Жетекші мектеп: Бағыт болашаққа бастайды
Біздің білім ошағымыз 2016 жылдан бастап жетекші мектеп функциясы ретінде қызмет етіп келеді. Жетекші мектептердің негізгі міндетінің бірі – серіктес мектептерге қолдау көрсету. Сондай-ақ білім саласындағы қандай да болмасын жаңалықтарға ашық болу, сол бағытта белсенді шараларды жоспарлау мен үнемі кәсіби дамуды мақсат тұтады. Осы ретте өз жұмысымызды абыройлы атқару үшін біз де алдымызға жан салмай келеміз. Әр жаңашылдықты қабылдап, кедергілер мен қиындықтарды шешу жолында жұмыстар жүзеге асып жатыр.

Шынайы атқарылған жұмыстың нәтижесі қашан да шырайын байқатып тұрады. Жетекші мектеп негізінде әдістемелік кабинеттен басталған жүйе ынтымақтастықта жүзеге асса және тек орындаушылық жүйеде емес, бастамашылдыққа басымдық берсе, жарқын жетістіктерге жетуге болады. Бірінші кезекте, белгілі тәртіп пен жауапкершілік болуы тиіс. Нақты стратегиялық жоспар негізінде жұмыс істеп, атқарылған қызметтердің есептер мен талдауларын жүргізу үшін жетекші және серіктес мектептерде үйлестірушілерді тағайындау арқылы әр мектептегі көшбасшы ұстаздардың жұмысын бір арнаға бағыттап отыруға болады.
Мәселен, қазіргі таңда біздің мектебімізде құрылған «Көшбасшы» даму командасының аталған міндеттерді атқаруға толық әлеуеті жетіп отыр. Сонымен қатар қоғамдастық қатысушылары сенімділікке негізделген оқу үдерісіндегі қарым-қатынас құру мүмкіндіктерін ұлғайтуда. Білім ордамыз жетекші мектеп ретінде тәжірибелерді тарату құрылымы бір мектептегі ғана емес, серіктестік аясындағы барлық білім беру ұйымдарындағы педагогтердің ортақ құндылықтар мен синергетикалық ынтымақтастығын қалыптастыруда.

Мәселен, педагогтер «Сабақты зерттеу», «Іс-әрекеттегі зерттеу» тәсілі мен сандық платформаларды еркін қолдану дағдылары сынды өз кәсіби әлеуеттерін дамыта отырып, оны тәжірибеде тұрақты пайдалануда. Бұл мұғалімдерге білім беруді жетілдірудің жаңа парадигмасын түсіне қабылдаумен бірге оқушылардың да білім алудағы икемді дағдыларын қалыптастыруға негіз болуда. Қазіргі таңда мұғалімдердің кәсіби өсуі мектептің ақпараттандыру үрдісіне де байланысты. Сондықтан педагогтердің біліктілігін көтеруде олардың АКТ құзыреттілігін дамытуға бағытталған іс-шараларға мән беру өте маңызды.
Ғылыми-техникалық прогресс бізге мектептен шықпай интернет арқылы сұхбаттарға қатысуға, әріптестермен байланысуға, білімімізді арттыруға жол ашты. Жаңа инновациялық технологиялар серіктес мектептермен қарым-қатынасымызды қашықтан жүргізіп, кәсіби қоғамдастықтың жұмысын үйлестіруге мүмкіндік береді. Оқу-тәрбие үдерістерін жақсартудағы бірлескен әрекет – табыстың кілті. 2019–2020 оқу жылы біздің мектеп үшін жемісті жыл болды дер едім.

Мектебіміз Педагогикалық шеберлік орталығының Тараз қаласындағы филиалы ұйымдастырған облыстық «Ең үздік жетекші мектеп» байқауында бірінші орынды алса, жыл қорытындысы бойынша тамыз кеңесінде облыс әкімінің «Үздік білім беру ұйымы грантын» иеленді. Бүгінгі мақсат – жеткен жетістіктерді тұрақты дамудың қадамдарына айналдыру. Педагогика үрдісіндегі әрбір сәт дұрыс шешім мен әрекеттерді қажет ететіндіктен, жетекші мектептердің стратегиялық бағыты үздік болу жолында қызмет ету керек.
Мұхит Жанұзақұлы НАМЕТҚҰЛОВ,
Ғани Мұратбаев атындағы гимназия
директоры, Жамбыл облысындағы
Байзақ ауданының Сарыкемер ауылы