“Томирис” би тобы – республикалық олимпиада жүлдегері

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Томирис» би тобы «Хореография» білім беру бағдарламалары бойынша республикалық пәндік олимпиадасында екінші орынға ие болды, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.

Қазақ ұлттық хореография академиясында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған білім сайысына Нұр-Сұлтан, Алматы, Тараз, Ақтөбе, Қызылорда қалаларындағы жоғары оқу орындары қатысты.  Қатысушылардың көрсетілім реттілігі алдын ала жеребе бойынша  анықталды.

Олимпиада үш кезеңнен тұрды. Қатысушылар үй тапсырмасы бойынша «Ашық сабақ» деп аталатын алғашқы турда кәсіби пәндердің жүргізілу барысын  көрсетті. «Біздің ЖОО-дағы қашықтан оқыту» тақырыбындағы екінші кезең бойынша өздерінің презентацияларын таныстырып, жоғары білім деңгейлерін дәлелдей білді. Соңғы айналым «Kahoot» зияткерлік ойыны ретінде ұйымдастырылып, қатысушылар ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған және хореография өнерінің тарихына байланысты сұрақтарға жауап берді.

Қазылар алқасының шешімімен Қазақ Ұлттық хореография академиясының «Academy Stars» командасы бірінші орынға ие болды. Екінші орынды Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Томирис» және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Қорқыт-Орда» топтары өзара бөлісті. Ал үшінші орынды М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Томирис» және Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Жұбанов жұлдыздары» командалары иеленді.

Айта кетейік, Қыздар университетінің «Томирис» би ансамблін жарысқа ҚР Мәдениет саласының үздігі, Хореография және Арт менеджмент кафедрасының меңгерушісі Роза Сабдалиева дайындады.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий