Бірлескен әрекет: Интербелсенді оқытудың негізі

Бірлескен әрекет адамның психикалық белсенділігі мен жұмыс қабілеттілігіне айтарлықтай әсер етеді. Бірлескен (ұжымдық) оқудағы әрекетке: белгілі бір мәселені шешуде ұжымдасуды талап ететін топтық міндеттер; жұмысты орындауда міндеттерді бөлісуді, өзара бақылау мен жауаптылықты талап ететін өзара тәуелділік жатады.

Соңғы кезде бірлескен әрекет тұлғаның деңгейінің төмендеуіне әкелуі мүмкін деген пікір бар. Дегенмен бірлескен оқудың өзара әрекетке қатысушы, әсіресе өзара әрекет деңгейі барынша жоғары жерлерде топтың әрбір мүшесінің дамуына мүмкіндік беретінін дәлелдейтін сынама мәліметтер саны күн санап артуда. Тіптен, ортақ әрекетпен немесе жағдайлармен қысқа ғана уақытқа біріккен мүдделестер арасында адам өзін айтарлықтай сенімді, рухани өсіп, өзінің маңыздылығын сезінетіні дәлелденіп отыр.

Бірлескен оқу барысындағы негізгі әсер ету тетігі – бұл еліктеу болып табылады. Оқушылар сүйікті мұғаліміне немесе үлгі тұтатын сыныптасына еліктейді. Сондықтан кез келген ортада еліктеу үлгілері болуы және сол үлгілер баланың мүмкіндіктеріне сәйкес болуы керек. Еліктеуге болатын үлгілердің болуы, тіптен егер оқушыда белгілі бір әрекетке қажетті танымдық және атқарушылық әрекеттер жүйесі қалыптаспаған жағдайдың өзінде,  бірлескен оқуды өнімді оқу әрекетінің құралына айналдырады.

Әдетте оқыту мен оқу мұғаліммен жеке және топтық жұмыс түрінде жоспарланып, ұйымдастырылады. Сабақтағы жеке жұмыстың қажеттілігі оқу материалының ерекшеліктеріне, оқушыларда өздігінше жұмыс істеу қабілеттерін қадыптастыруға байланысты. Бұл жұмыстың нәтижесі (шығарма, диктанттар, мазмұндамалар, эсселер, бақылау жұмыстары және тағы да басқалар) толықтай нақты оқушының күш-жігеріне байланысты болады. Оқушылардың бұл әрекеті «жаныңда, бірақ бірге емес» қағидатына құрылады.

Бұл жағдайда, әрбір орындаушының жұмыс мақсаты ұқсас болса да, оны жүзеге асыру бірлескен күш-жігерді немесе өзара көмекті қарастырмайды, сондықтан, бұл бірлескен оқуға жатпайды. Оқу әрекетін ұйымдастыруда, соның ішінде жаңа материалды түсіндіру мен жаңа білімдерді бекітуде сыныптың ұжымдық жұмысына үлкен мән беріледі. Осы орайда мұғалім бүкіл сыныппен жұмыс жасайды, себебі қойылған міндет ортақ. Білімді жұмыстың бірлескен оқу формаларында меңгеру үдерісі әрбір оқушы үшін барынша жеке боп қала отырып, бұл үдерістің нәтижелері (алынған білімдер) оқыту ерекшеліктері мен  қолданыстағы оқушы жұмысын бағалау формаларына сай жауапты тәуелділік қарым-қатынастарын қалыптастырмайды.

Сондықтан оқу әрекеті оқушы санасында бірлескен, ұжымдық әрекет ретінде көрініс бермейді. Негізінен ұжымдық жұмыс оқушылардың жеке-дара әрекетінің сыныптағы оқушылар санына көбейтілген бір нұсқасы болып табылады әрі бірлескен оқуға жатпайды. Бірлескен оқу әрекетінің міндеттеріне сабақтағы топтық жұмыс жауап береді. Топтық жұмыстың негізгі екі түрі бар – бірыңғай және сараланған жұмыс. Бірыңғай жұмыста топ ұқсас немесе бірыңғай тапсырмалар орындайтын топтарға бөлінеді.

Ал сараланған жұмыста – әр топ өзінің дербес, дегенмен ортақ оқу мақсатымен байланысты тапсырмасын орындайды. Топтық жұмысты қолдану сыныптағы жеке, ұжымдық жұмыстардан бас тарту дегенді білдірмейді. Алайда, олардың сипаты айтарлықтай өзгереді. Сонымен, оқу әрекетін топтық нысанда ұйымдастыруда жұмыстың негізгі екі кезеңін ажыратамыз – алдыңғы және қорытындылаушы. Бірінші кезең – оқушылардың топтық әрекетіне дейін жүзеге асырылады: мұғалім сабақ мақсатын тұжырымдайды, топтарға нұсқау береді, тапсырмаларды бөліп береді.

Әрі оларды орындаудың ортақ нәтижелерге қол жеткізудегі маңызын түсіндіреді. Екінші, қорытындылаушы кезеңде – топтар кезегімен сыныптың және мұғалімнің алдында есеп береді. Мұндай есептер оқушыларды білімдермен байытады, өйткені оларда жаңа, басқаларда бар білімдерді толықтырушы ақпарат бар. Мұнда ұжымдық жұмыс ынтымақтастықпен, өзара жауаптылықпен, әркімге өзінің жеке жұмысын және сыныптастарының жұмысын ортақ мақсаттар мен міндеттер тұрғысынан бағалау мүмкіндігі және қажеттілігі мен сипатталатын ұжымдық өзара әрекет белгілеріне ие болады.

Бұл жағдайда оқушылардың жеке жұмысы да басқаша болады. Дәстүрлі нысаннан гөрі, интербелсенді оқыту жағдайларында ол айтарлықтай ұжымдық бағдар алады, өйткені әрбір жекелеген оқушының дара күш-жігерін, ұмтылысын біріктіре отырып, бірлескен әрекет мақсаттарына қызмет етеді. Ұжымдық әрекет сыныптағы жауапты тәуелділікті қатынастарын қалыптастырып, қолдай отырып, жеке-дара белсенділікке ынталандырады. Бірлескен оқуды ұйымдастыра отырып, мұғалім оқушылардың қарым-қатынасының сипатын, оларға ұнамды және ұнамсыз нәрселерді, тұлғааралық ұнамды түрткілерін, бірлескен әрекетке даярлығын ескере білгені абзал.

Мұндай топтардың тиімді көлемі 5-7 адам. Бірлескен оқу түріндегі педагогикалық өзараәрекетті ұйымдастыру: біріншіден, қарым-қатынастың монологтық стилінен («мұғалім-оқушы»), диалогтыққа; авторитарлық нысанынан – бедел, абырой нысанына ауысуға мүмкіндік береді. Екіншіден, оқушылардың енжар әлеуметтік ұстанымнан белсенді өзараәрекетке ауысуы, олардың «жақын арадағы даму аймағында» әрекет етуге мүмкіндік береді. Үшіншіден, бірлескен оқу барысында топқа үлгілі оқушы арқылы әсер ету механизмдері, баланың басқаның қорқынышына, қуанышына және қажеттіліктеріне, нақ өзінікіндей алаңдаушылық танытуына жағдай жасайтын сәйкестендіру тетіктері жанданады.

Оқу үдерісіндегі бірлескен оқудың мәніне оған қатысушылардың ынтымақтастығы жатады. Ынтымақтастық үдерісінде мұғалім мен оқушылардың теңқұқылы рөлдік қарым-қатынастарының динамикалық қарым-қатынасқа ауысуы жүзеге асады, ол құндылықтық бағдардағы, іс-әрекет мақсаттарының және өзараәрекеттің өзінің өзгерістерімен беріледі. Шығармашылық ынтымақтастық бірлескен оқудағы ынтымақтастықтың дамуының айтарлықтай жоғары деңгейі болып табылады әрі оның қатысушыларына өздерінің ішкі әлеуеттерін барынша кеңінен жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Өзара әрекет үдерісіндегі ынтымақтастық құрылымы мұғаліммен бірлескен, бөліскен әрекеттен қолдау көрсетілген әрекетке және ары қарай еліктеуге және өзін-өзі оқытуға қарай өзгереді. Шығармашылық ұстанымы тек оқушы мен мұғалімнің ынтымақтастық нысаны арнайы ұйымдастырылған жағдайда ғана жүзеге асырылып, сол нысандардың бірлескен оқу барысындағы өзгерісі, қайта құруы қамтамасыз етіледі.

Гүлмира Жагипаровна АБДЫКАЛЫКОВА,
“Өрлеу” БАҰО” АҚФ Қызылорда облысы бойынша
педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін
арттыру институтының аға оқытушысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий