Ақпараттық технология: Оқу үрдісінде қолданудың тиімділігі

Қазіргі жас ұрпақтың саналы да сапалы білім алуының ең басты шарты – оқу орындарындағы білім беру процесіне жаңа инновациялық технологияларды енгізу екендігі сөзсіз түсінікті. Сондықтан ғылыми – техникалық прогрестен қалыспай, жаңа педагогикалық инновацияларды дер кезінде қабылдап, өңдеп, нәтижені пайдалана білу – әрбір ұстаздың негізгі міндеті болып табылады. Біздің ойымызша, оқу орындарында инновациялық басқару жүйесін енгізіп, оны жүзеге асыру міндет.

Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен «ХХІ ғасыр – ақпараттандыру ғасыры» деп   аталды. Қазақстан Республикасы да ғылыми-техникалық прогрестің негізгі белгісі – қоғамды ақпараттандыру болатын жаңа кезеңіне енді. Қоғамды ақпараттандыру – экономиканың, ғылымның, мәдениеттің дамуының негізгі шарттарының бірі. Осы мәселені шешудегі басты рөл мектепке жүктеледі. Қазіргі қоғамымызда орын алған індетке байланысты, елімізде ақпараттық – технологиялар сауаттылығы арты түсті. Көптеген жаңа технологиялық бағдарламаларды игердік.

Қазіргі ақпараттану заманында оқытуды ақпараттық-коммуникативтік  қамтамасыз етудің мәні зор екені даусыз. Сондықтан да мен сабақтарымда осы технология негіздерін қолданамын. Оның мүмкіндіктері: Google meet, Сфера платформасында сабақтың  әдістемелік құрылымын сақтай отырып, флипчарттар дайындау, оқушылардың ғаламторға еркін кіріп, ақпаратпен қамтылу мүмкіндігі, сабақтың аудио және видео  технологиясымен жабдықталуы, ең бастысы, оқушылардың сабаққа қызығушылығы артып, креативтік іс-әрекетпен айналысуға мүмкіндік ала алады.

Қазіргі заман талабына сай адамдардың мәлімет алмасуына, қарым-қатынасына ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың кеңінен қолданысқа еніп, жылдам дамып келе жатқан кезеңінде ақпараттық қоғамды қалыптастыру қажетті шартқа айналып отыр. Ақпараттық қоғамның негізгі талабы – білім алушыларға ақпараттық білім негіздерін беру, логикалық ойлаудағы құрылымдық қарым қабілеттерін жетілдіру.

Ақпараттық технологияны пайдалану дағдыларын қалыптастыру және оқушы әлеуметінің ақпараттық сауатты болып өсуі мен ғасыр ағымына бейімделе білуге тәрбиелеу, яғни ақпараттық қоғамға бейімдеу. Ақпараттық технология – қазіргі компьютерлік техника негізінде ақпаратты жинау, сақтау, өндеу және тасымалдау істерін қамтамасыз ететін математикалық және кибернетикалық тәсілдер мен қазіргі техникалық құралдар жиыны. Ақпараттық технологияны қолдану арқылы оқыту: жаңа ақпараттық технологияны қолдану арқылы бiлiмнiң сапасын көтеруді көздейді.

Жаңа ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды енгiзу арқылы бiлiм беру мазмұнын жаңарту; жаңа ақпараттық технологияны қолдану саласы бойынша оқушылардың мамандыққа баулу механизмiн құру; бiздiң елiмiздегi және шет елдердегi жинақталған ақпараттық ресурстарға жедел ену; мультимедиялық электрондық оқулықтарды, виртуальдық лабораторияларды және бақылау программаларын жасақтап, қамтамасыз ету; бiлiм берудiң телекоммуникациялық желiлерiн құруға бағытталған.

Ақпараттық қоғамның негізгі талабы – оқушыларға ақпараттық білім негіздерін беру, логикалық-құрылымдық ойлау қабілеттерін дамыту, ақпараттық технологияны өзіндік даму мен оны іске асыру құралы ретінде пайдалану дағдыларын қалыптастырып, ақпараттық қоғамға бейімдеу. Ұлы педагог Ушинский: «Мұғалім білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, іздеуді тоқтатса, мұғалімдігі де жойылады»деген болатын. Сондықтан әр бір ұстаз күнделікті сабағына өмір талабына сай дайындалып ақпараттық және коммуникациялық технологияларды кеңінен пайдалануы тиіс. Ол заман талабы.

Мен де үнемі өз біліктілігімді көтеріп, жаңа әдіс – тәсілдер мен технологияларды меңгеріп, үйреніп, өз тәжірибеме қолдануға жағдай жасауға тырысамын. Қазіргі ақпараттық коммуникациялық технологияларды пайдалану негізінде жаңа педагогикалық әдістерді қалыптастыруға бағытталған білім беру жүйесін ақпараттандыруды зерттеу істері оқулықтар шығарумен қатарласа немесе оның алдында атқарылуы керек. Заман талабына сай күнделікті сабаққа видео, аудио қондырғылары мен теледидарды, компьютерді қолдану айтарлықтай нәтижелер беруде.

Бұл қондырғылар студенттердің қызығушылығын арттырып, зейін қойып тыңдаумен қатар, түсінбей қалған сәттерін қайталап көруге, тыңдауға және алған мағлұматты нақтылауға мүмкіндік береді. Студенттердің өздері де алынған ақпаратты көшіріп алып (дискетке, бейне таспаға) онымен өз ыңғайына қарай жұмыс істей алады. Әсіресе, олардың тиімділігі: қашықтан білім алу мүмкіндігінің туындауы; қажетті ақпаратты жедел түрде алу мүмкіндігі; экономикалық тиімділігімен (бару, келу, тұрмыс тауқыметі сияқты тағы да басқа материалдық шығынды қажет етпеу) білім сапасына әсері зор.

Әсіресе, тіл сабақтарын игеруге (ағылшын, орыс, қазақ тағы да басқа тілдерді) айқын сезіледі; іс – әрекет, қимылды қажет ететін пәндер мен тапсырмаларды оқып үйренуге (би өнері, қол еңбек, дене шынықтыру сабақтары); қарапайым көзбен көріп, қолмен ұстап сезіну немесе құлақпен есту мүмкіндіктер болмайтын табиғаттың таңғажайып үрдістері мен әртүрлі физикалық, химиялық, биологиялық тәжірибе нәтижелерін көріп, сезінуге мүмкіндік береді; оқушылардың ой – өрісін, дүниетанымын кеңейтуге де, ықпалы зор (теледидардағы ғылыми – көпшілік, рухани, тарихи танымдық хабарлар мен компьютерлік жүйедегі шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ логикалық ойындар).

Қазіргі кезде мектептің оқу – тәрбие үрдісінде елуден астам педагогикалық технологиялардың қолданылып жүргені мәлім. Бұл технологиялардың бәрін бір сабақта қамту мүмкін емес. Сондықтан, мектептегі әрбір пәнді оқыту технологиясын таңдап, іріктеу және оны іс – әрекеттік тұрғыда жетілдіру арқылы оқушының білім жетістіктерін арттыруға болады. Солардың бірі ақпараттық технология, бұл оқушы өзіне тиімді оқыту технологиясын таңдап алуына және жеке даму бағдарламасын құруына мүмкіндік береді.

Сонымен, ақпараттық технологияны қолданып, сабақты ұтымды жүргізу оқытушыдан терең білімділікті, оқу үрдісін шеберлікпен ұтымды ұйымдастыруды талап етеді. Осы сабақ  материалдары әр алуан ғылымдағы өзара байланыстарды оқушылардың зерделеуіне, олардың білімін арттыруға мүмкіндік береді.

Жазира Имашевна  АЯНБЕКОВА,
№149 ЖББ мектебінің орыс тілі мен
әдебиет пәні мұғалімі, Алматы қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий