Қызықты кездесу: Онлайн форматтың оңтайы
Қашанда ана тіліміз бен әдебиетіміздің мәртебесін арттыру, ел мен тілдің мүддесіне қызмет ету – өзін ұлтжанды деп есептейтін әр азаматтың абыройлы борышы. Ана тіліміздің абыройын арттырып, айбарын асырып, мәртебесін бекітіп, мерейін өсіріп, тіл қолданысын кеңірек насихаттау арқылы жас ұрпақты тәрбиелеу мақсатында мектебімізде бірнеше жұмыстар жүргізіліп келеді.
«Әдебиет пен тіл – рухани жаңғырудың тетігі. Тұлғалар туралы толғаныс және тарих тағылымы» тақырыбында біздің білім ордасында қазақ тілі мен әдебиеті пәндер бірлестігінің онкүндігі аясында ұстаздар мен оқушылар – тіл маманы, «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының авторы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Нұрша Оразахыновамен онлайн форматта «Алаш арыстарымен рухтас ұстаз – Нұрша Оразахынова» аталымындағы кездесу кеші ұйымдастырылды.
Қашықтан ұйымдастырылған жүздесуді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жеткеншек Меңдіғалиұлы zoom платформасы арқылы жүргізді. Нұрша Алжанбайқызының өмір жолы мен ғылымдағы еңбегі туралы дайындалған бейнеролик көрсетілімінен соң, 5 «Е» сынып оқушысы Бекбергенова Ақниет «Менің қазағым» әнін әуелетсе, 5-сынып оқушылары – Серік Інжу мен Серікбай Нұрасыл морфологиялық бірліктерді сатылай талдаса, 11 «Ә» сынып оқушылары туғанына биыл 110 жыл толып отырған ақын Қасым Аманжоловтың «Өзім туралы» шығармасын оқып, аталған технология бойынша тілдік және әдеби талдауларды жарыса жасады.
Сонымен қатар «Сатылай кешенді талдау технологиясы» бойынша қазақ тілі, физика және ағылшын тілі пәнідерінен 11 «Ә» сынып оқушылары – Ділмағамбет Әйгерім, Бекболат Малика, Манап Мадиналар алдына жан салмаса, мектебіміздің жас ақыны Байназар Аружан Нұрша апайына өз өлеңін арнады. Оқушылар әдіскер ғалымға тіл бағытындағы бірнеше сұрақтарын қойып, көкейдегі көп ойдың жауабын тапты. Мектебіміздің жас әншісі Дулат Айша «Желкілдек» әнімен барша қатысушылар мен көрермендерді орнында билетті. Кездесу соңы Нұрша Алжанбайқызының барша қауымға ақжарма тілегін жеткізсе, көпткен күтілген жылы шырайлы басқосу жүздесу №148 мектеп-гимназия директоры Фатима Маметқалиқызының қорытынды пайымымен тәмамдалды.
Мирас АМАНГЕЛДІ,
№148 мектеп-гимназияның 11 «Ә»
сынып оқушысы, Алматы қаласы