Мың алғыс: Ұлық ұстаздың ұлағаты

Біздің сыныпты көктем айының шуақты мерекесі 8-наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында айтып кетпеске болмас. Сынып жетекшіміз және бір жарым жыл ішінде балапандарымыздың жетістіктері туралы жазғанды жөн санадық. Екі жылдай бұрын біздің перзенттеріміз осы білім ордасының табалдырығын аттады.

Ата-ана үшін баласының алғаш мектеп партасына отыруын үлкен қуанышпен қабылдаса да қандай мұғалім дәріс беретіндігіне алаңтайтындығы тағы бар. Себебі, барлық білімнің негізі осы бастауыш сыныптарда қаланады емес пе? Бағымызға қарай, жолымыз әбден болды деп айтсақ болады. Біздің 1 «Ә» сынып оқушыларын жетекшілікке қабылдаған «ұлағатты ұстаз», шебер педагог, үлкен тәжірибесі бар білімді, білікті, баламызға екінші анасындай болған – Меруерт Берікбаева.

Мұғалімге кішкентайларымыз бірден бауыр басты. Меруерт Серікқалиқызы алғашқы күннен-ақ бүлдіршіндерді баурап алғанымен қоса, оқуға құштарлығын ояту арқылы білім ұясы мен ұстаздар қауымына құрметін арттыра білді. Бірінші сыныптан бастап балғындар білім мен тәрбиеге және жинақты тәртіпке мән берді. Соның нәтижесінде, өткен 2019-2020 және биылғы 2020-2021 оқу жылдарында сынып жетекшісінің ұтымды ұйымдастыруымен барлық оқушылар пәндік онлайн олимпиадалар мен байқау және жарыстарға белсене қатысты.

Озықтар қалалық ғылыми зерттеу жұмыстарынан жүлделі орындарды иеленуде. «Білім мен тәрбие егіз» дегендей, сыныптағы ынтымақты бірлік жақсы қалыптасқан. Ең бастысы, үйде орысша шүлдірлейтін балаларымыз қазіргі таңда бізге мемлекеттік тіліміз қазақшаның ұмыта бастаған көп сөздерін қайтадан үйретуде. Демек бұл бір жарым жылда балаларымыздың ой-өрісі кеңейіп, сауаттылығы артқандығының нақты дәлелі емес пе?

Мектеп қабырғасында жиі ұйымдастырылатын түрлі бағыттағы іс-шаралардан ұл-қыздарымыз шет қалған жоқ. Мерейлі мерекемен сынып жетекшісін шын жүректен құттықтай отырып, мықты денсаулық пен баянды бақыт және жемісті жетістіктер тілейміз! Сізге айтар алғысымыз шексіз. Балғындармен бірге биік белестерді бағындыра беріңіз!

Ыстық ықыласпен,
“81 Astana English school” мамандандырылған
гимназиясының 2 «Ә» сынып ата-аналары,
Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий