Өзін-өзі тану: Рухани адамгершілік пен ізгілікке бастар жол

Рухани бастау ол адамгершілік, риясыз мейірімділік, махаббат, өзара түсінушілік, төзімділік арқылы жүзеге асырылады. Рухани-адамгершілік –  адамдарға деген ізгі ниеттілік, құрмет, жанашырлық пен сенім, кеңпейілділік, басқалардың мүддесі үшін жан аямау сияқты жеке қасиеттерді қамтиды. Бір минутқа да күмәнданбаймын: осы бір болмыстың мәңгілік сұрақтарына жауап беру үшін жалпыадамзаттық құндылықтарды жаңғырту керек, өзіңнің бастауыңа оралуың қажет, – дейді Сара Алпысқызы Назарбаева «Өмір әдебі» кітабындағы жазбасында.

Қазіргі уақытта ғылым және білім, технология мен техника қаншалықты жоғары дамыған сайын, адамның бойындағы рухани-адамгершілік қасиеттерінің соншалықты төмендеп бара жатқанын күнделікті өмірде көріп отырмыз. Бүгінгі күнде атап айтар болсақ: тастанды бала, қарттар үйі, қатыгездік, осының бәрі адамзаттың рухани-адамгершіліктен жұрдай болуы. Жалпы адамзаттың ең асылы ол –«адам».  Сондықтан да адамның азғындауына не себеп деген сұрақ туындайды? Әлде оған заман кінәлі ме? Ал, заманды құрайтын адамдар емес пе? Міне, сонда барлығы да қайтадан адамға келіп тіреледі.

Сондықтан күллі әлемді сақтап қалатын бірден-бір жол  рухани-адамгершілік білім екені даусыз. Ал, адамның жүрегіне нұр құятын, риясыз сүйіспеншілікпен рухани бастауға жетелейтін, ол – ұстаз. Сондықтан да, адам қоғамдағы ең жоғарғы құндылық ретінде қарастырылады. Білім беру тұлға болмысының рухани-адамгершілік тұрғысынан, ізгілікті дамуының негізгі құралы болғандықтан, мәдениеттің негізгі құраушысы ретінде ерекше маңызды. Рухани-адамгершілік білімнің негізі болып табылатын «Өзін-өзі тану»  жобасының авторы Сара Алпысқызы.

Сара Назарбаеваның бастауымен дүниеге келген «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру Бағдарламасы адамның өзін-өзі тануына, өзінің адами кейпін өзгертпеуге, адамгершілігін және әрқашан адам қалпын сақтауға, өзін-өзі жетілдіруге, адамға тумысынан берілген жалпыадамзаттық құндылықтарды жарыққа шығаруға, рухани-адамгершілік қасиеттерін ашуға, ойы, сөзі, ісі бір адамның үйлесімде болып өмір сүруіне, қоғамға риясыз қызмет етуге, өзін толықтай танып білуіне, өмірдегі өзінің орнын ұғынуға көмектеседі.

Сонымен қатар, «Өзін-өзі тану» білім берудің құндылығын күшейтеді, ең маңыздысы бұл  риясыз сүйіспеншілігін ашып және дамуын көрсететін өзіне және өзінің күшіне сенуге, жақсылық жасауға, физикалық, психикалық, рухани және шығармашылық дамуда үйлесімге жетуге өзін жетілдіруге және түсінуге мүмкіндік береді. Жалпыадамзаттық құндылықтарды оқыту арқылы рухани-адамгершілік дүниетанымына  жетуге болатынын атап көрсетті. Ұлттық сана мен ұлттық тәрбие және отбасы тәрбиесі бұл мәселелер қазіргі қоғамымыздың өзектілігіне мәселесіне айналды.

Сана мен тәрбиені біз қайдан бастаймыз? Әрине отбасыдан бөлек мектепке, ұстаздардың беріп жатқан білімі мен тәрбиесіне жүгінеміз. Тәрбиенің ішінде аса маңызды болып табылатын рухани-адамгершілік тәрбиеге көңіл бөлетін бірден-бір пән өзін-өзі тану пәні болып табылады. Баланың жанын дүниесін тәрбиелеу, ішкі сезімін жеткізе білуге баулу маңызды екені белгілі. Себебі сезімсіз, махаббатсыз адамның жүрегі жетім. Айналаға, қоршаған ортаға, қоғамға, қыбырлаған кез-келген тіршілік иесіне деген риясыз сүйіспеншілік сыйлай білу жүректің кеңдігі, рухани байлықтың көрінісі болып табылады.

Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы тақырыпта сөйлеген сөзінде: «… жаңа жағдайларға байланысты бәрімізді алаңдататын мәселе – білімді, кәсіби даярлығы бар адам тәрбиелеу ғана емес, қоғамдық өмірдің барлық саласында ұлттық және дүниежүзілік құндылықтарды қабылдауға қабілетті, рухани және адамгершілік мүмкіндігі мол тұлға қалыптастыру болып табылады», — деген болатын. Соған байланысты «Өзін-өзі тану» пәні әр оқушыға, жеке тұлғаға бағытталған тәрбиесінің көрінісін адам талпыныстары, абыройы, жауапкершілігі, ерік-жігері, жалпы ізгі қасиеттерін басты мәселе етіп қойғандығынан байқаймыз.

Болашағын баласынан, жас жеткіншектерінен көретін халқымыз, еліміз үшін бала жанын жүдетпеу маңыздылығы зор. Осы тұста Абай атамыздың: «махаббат пен әділдік сезімі кімде көбірек болса, сол кісі – ғалым, сол – кісі дана» деген сөздерімен келіспеске болмас. Тұлғаның үйлесімді дамуының нәтижесінде бүгінгі күнді ғана емес, болашағын сәулелі күйде елестетіп, алға ұмтылатын, арманшыл, қиялы асқақ, рухы биік азамат тәрбиелеуге болады. «Өзін-өзі тану әлемінде» әр баланы керемет рухани күш иесі деп қарап, демеу жасасақ, қуаттандырсақ, жүрегі нұрға толы, жан-жағына шуағын шашып тұрған мейірімді, адамгершілігі мол, үнемі талпынып тұратын, өз елін, өз жерін, өз  тілін, өз  отбасын сүйетін, еңбекқор, адал адам тәрбиелейтініміз сөзсіз.

Дариға Оразайқызы ДАУЛЕТОВА,
“Өрлеу” “БАҰО АҚФ СҚО ПҚ БАИ”
білім беру процесін психологиялық
педагогикалық сүйемелдеу кафедрасының
аға оқытушысы, Петропавл қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий