Ұстазы жақсының ұстамы мықты

“Алты алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын – ұстаздікі”, – дегенін білеміз ағартушы ақын Мағжан  Жұмабаевтың. Әр адам өзінің өмір жолындағы белеске көтерілгенде белгілі бір қорытындылар жасай бастайды. Қандай істер атқарылды? Қандай жетістіктерге жетті? Болашақтағы мақсаттары мен міндеттері қандай болмақ? Күнделікті күйбең тірлікте біз өткенді сараптай бермейміз, бірақ мерейтой қарсаңында артта қалған жылдарға көз тастаймыз. Міне, осындай өмірлік кезеңге Набуова Роза да келді.

Біз, әдетте, жақсы мен жайсаңдарды өткен заман еншісінен іздеп, олар туралы жазылған деректермен танысқанда, таң-тамаша қаламыз. Бүгінгі қоғамда тынымсыз еңбегімен, үлгілі тәрбиесімен өз ортасына сыйлы болып, елімізге адал қызмет жасап жүрген замандастарымыз аз емес. Сондай аяулы жанның бірі – ұлағатты ұстаз, зерделі ғалым, көптеген оқулық, оқу-әдістемелік құралдардың, ғылыми еңбектердің авторы, парасатты тәлімгер, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы, еліміздің жоғары білім беру жүйесінің дамуына қосқан зор үлесі және жоғары білікті мамандар дайындаудағы еңбегі үшін Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары қауымдастығының А.Байтұрсынов атындағы медалінің иегері – Роза Абдрахманқызы.

Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазіргі ұстаздардың басты кәсіби қағидасы болып саналатын «Жас ұрпақ тағдыры – ұстаздың қолында» деген сөзі нақтылығымен құнды. Ұстаздық қашан да оңай болмаған. Сондықтан да Мағжан Жұмабаев атамыздың «Еліміздің аз ғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын – мұғалімдердікі» деуі тегін емес.

– Ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, бұлардың ешнәрсесін ұмытпайтын, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп,қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек жан, – деп әл-Фараби бабамыз айтқан екен.

Шығыс данасының осы сөзін жадына сақтаған, ұстаздық қызмет пен ғалымдықты қатар ұстаған, ең алдымен, шәкірттеріне сыйлы, адалдық пен адамгершілікті биік тұғырға қойған ұлағатты ұстаз, зерделі ғалым Роза Абдрахманқызы туралы ізгілік ниетпен лебіз білдіріп, оң пікір, орынды сөз айтсақ, артық болмас деп ойлаймын. Байыпты адамның лайықты бағасын бере білсек, ол да адамдық қасиетіміз емес пе?! Әріптес апайымыздың биік адамгершілігі мен асқан еңбекқорлығының талай мәрте куәсі болдық. Жаны терең, жүрегі кең, жолдастыққа адал жанның бір көргенде-ақ жүзінен парасатты екені білініп тұрады.

Парасаттылық пен бекзаттылық адам баласына әкенің қаны, ананың сүті арқылы сіңетін, туған жерінің топырағынан нәр алатын қасиет қой. Роза Абдрахманқызы да туған жеріне тартып туған, сол қасиетті топырақтан нәр алған тұлға. Кемел кейіпкеріміз “Сыр елі-жыр елі” атанған сөз дүлдүлі – дүрлер мен шайырлар туған өңірде», яғни Қызылорда облысы, қазақы қаймағы бұзылмаған Жаңақорған ауданында  бір қауым елге сыйлы болған Сапарбаев Абдрахман деген қарияның отбасында бойжетті.

Осы шаңырақта Алдабергенова Салтанат атты аяулы анадан өмірлік өнеге алды. Ата мен ананың берген тәлімді тәрбиесінің арқасы шығар, бір үйдегі бес ұл мен үш қыздың бәрі жоғары білім алып, өмірден өз орындарын тапқан. Жаңақорған жері әулие әз бабаларға бесік болған, ескі шаһарлардың киелі мекені, тасы да, топырағы да тектіліктің тамырына байланған өңір ғой. Роза апайдың атасы Нәбу есімді кісі кезінде елге сіңген еңбегімен қадірлі болып, әкелік парызын абыроймен өтеп, жолдас-жораларының алдында өлшеусіз беделге ие болып, азаматтық қыруар еңбегінің жемісін татып, қоғамға сыйлы, әулетіне қадірлі бола білген жан.

Ол өзінің  өжеттілімен, алдына қойған мақсатына жетпей тынбайтын табандылығының арқасында Жаңақорған ауданы №56 мектептің бастауыш сынып мұғалімінен Жаңақорған аудандық комсомол комитетінің ІІ хатшысы, аудан әкімшілігі ішкі саяясат бөлімінің меңгерушісі, облыстық білім басқармасының бөлім бастығы, аудан әкімінің орынбасары қызметіне дейін, ары қарай Қызылорда облыстық білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институты директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары лауазымына дейін көтеріледі.

Халқымыздың қайсар қаhармандығын мінезімен танытып, бүкіл елдің құрметіне бөленген өмір жолы барлық азаматтарға үлгі-өнеге болатын батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының ұстаздар жайлы айқан ұлағатты сөздері ұрпақтар жүрегінде мәңгі сақталуға тиіс деп ойлаймыз: «Ұстаздық – ұлы қызмет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз», – деген даналық сөздері ұстаздарға берілген аса зор бағаның басқа баламасы болуы мүмкін емес.

Ұстаз – ғалым әр сөзінде: «Ашуды жақсы мінезбен, жамандықты жақсылықпен, ашкөздікті кеңпейілділікпен, өтірікті шындықпен жеңе біл», – деп отырады. Оның басты тәрбиелік ұстанымы адам баласын ойлауға, талдау жасай білуге, одан жақсы шешім шығаруға үйрету. Әл-Фараби бабамыз: – Ұстаздық мінез-құлық нормасы мынадай болуға тиіс: ол тым қатал да болмауға тиіс, тым ырыққа да жығыла бермеу керек, өйткені тым қаталдық шәкіртті өзінің ұстазына қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру ұстаздық қадірін кетіреді, оның берген сабағы мен оның ғылымына шәкірті селқос қарайтын болады. Ұстаз тарапынан барынша ынталылық пен табандылық қажет. Өйткені бұлар, жұрт айтқандай, тамшысынан тас тесетін бейнебір су тәрізді, – деп «ұстаздық мінез-құлық нормасын» тайға таңба басқандай сипаттап берген.

Мұғалім ұстаз «ұстаздық мінез-құлық нормасын» жоғары мәдениеттілікпен көрсету, оны іске асыру арқылы шәкірттеріне із, әсер қалдырады. “Ұстазы заманынан озық елдің бүгіні де, болашағы да зор”, – деп Нұрсұлтан Әбішұлы айрықша атап айтқандай, білім саласының жаңа деңгейге көтерілуіне ұстаз қауымының қосар үлесі айтарлықтай зор. Ұстаздың лектор ретіндегі тағылымын да ерекше атап айту жөн. Ғалымның лекторлық шеберлігінің ерекшелігі – ол өз аудиториясын алғашқы сөздерімен-ақ тыңдаушыларын өзіне түгел қаратып, баурап алады. Оның дәрісін тыңдаған студенттер өзіндік еркін ойлау мүмкіндігіне ие болатынын бөлекше айтады.

Ұстаз өзі тәрбиелеген шәкірттерінің бойында ең асыл қасиеттердің болғанын қалайды. Олар жоғары оқу орнын бітіргенде дайын маман болып шығулары керек. Осы жолда шәкірттер уақыттарын босқа жоғалтпай, берілген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өзін жан-жақты дамыған түлек ретінде танытуға күш салулары керек. – Оған біздің білім ордамызда барлық жағдай жасалған. Қай қоғам болмасын, өз ісінің шебері ғана емес, сондай-ақ салт-дәстүрін, тілін құрметтейтін, досқа адал, ізетті, ибалы, адамгершілігі мол, үлкендерді сыйлайтын, мәдениетті, рухани жағынан толысқан адамдарды қажет ететіні сөзсіз. Мен де барлық шәкірттерімнің бойына осы қасиеттер дарыса деп тілеймін,- дейді парасатты педагог, ұлағатты ұста, ғибратты бізбен әңгімесінде. 

«Студенттердің бастауыш мектептегі сыныптан тыс тәрбие жұмысын ұйымдастыруға даярлығын қалыптастыру» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғағаннан кейін оған Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің шешімімен педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі берілді. Бүгінде ол түлеткен кәсіби білікті мамандардың арасында елімізге танымал ғалымдар, мұғалімдер, білім саласының қызметкерлері бар.

Біз білетін ғалым-ұстаз ізденушілермен, әріптестерімен өте мәдениетті, аса сыпайы араласады. Әдістеме саласындағы жұмысты ұйымдастыру қабілеті, кісілермен қарым-қатынасы, үлкендерге деген ілтипаты ерекше. Үлкенді де, кішіні де, қатарластарын да ұйыта ұйымдастыра біледі. Кәсіби білікті, жауапкершілігі жоғары, өз мамандығына үлкен талаппен қарайтын ізденімпаз, еңбекқор Роза Абдрахманқызы университет деңгейінде өткізілетін қоғамдық іс-шаралардың қандайы болсын, асқан белсенділікпен атқарады.

Сөзіміздің дәлелі ретінде өткен оқу жылында университетімізде «Жоғары оқу орнында жаңартылған білім беру бағдарламасы негізінде оқу үдерісін жоспарлау және ұйымдастыру» тақырыбында біліктілікті арттыру курсы өткізілді.72 сағаттық біліктілікті арттыру курсын жүргізген педагог, біздің мақаламыздың кейіпкері, педагогика ғылымдарының кандидаты, сертификатталған тренер – Кембридж университетінің Білім беру факультетімен бірлесе отырып, «НЗМ» ДББҰ Педагогикалық Шеберлік Орталығы дайындаған деңгейлі бағдарламалар бойынша оқытудан өткен және Кембридж университетінің Халықаралық емтихан кеңесінің сертификатын алған тренер, педагог-ғалымдардың алдығын сапында. Бұл курста 70-тен астам оқытушы-профессорлардың біліктілігін көтерді.

Ұйымдастырылған іс-шаралар барысында педагогтарға 7 модуль бойынша дәріс-тренинг өткізілді. Сонымен қатар жаңартылған білім беру бағдарламасы негізінде «Жаңартылған оқу бағдарламалары ерекшелігі», «Қазіргі заманғы білім берудегі жаңаша бағалау жүйесі» тақырыптарында жүйелі түрде семинар-тренинг жүргізеді. Айта кету керек, педагог-ғалым республика деңгейінде ғылыми–зерттеу жұмыстарға сарапшы ретінде жүйелі түрде атсалысады. Мәселен, Республикалық оқулықтардың және оқу-әдістемелік кешендерге сараптама, сынақ нәтижелерін қарастыру жөніндегі пәндік комиссияның мүшесі, Дарын республикалық ғылыми-практикалық орталығы, “Педагогикалық идеялар фестивалі” республикалық конкурсы қазылар алқасының мүшесі ретінде қатысып, білікті сарапшы ретінде танылуда.

Ғылыми ізденістердің нәтижелерін “Бастауыш мектептегі сыныптан тыс тәрбие жұмысын ұйымдастыруда педагог мамандарды даярлау теориясы мен әдістемесі” атты монография мен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің республикалық оқу-әдістемелік бірлестігінің шешімімен «Бағалаудың өлшемдік технологиялары», «Тәрбие жұмысының әдістемесі» секілді оқу құралдарынан, елімізде және алыс-жақын шетелдердегі басылымдарда жарияланған жүзге тарта ғылыми-әдістемелік мақалалар мен түрлі ғылыми және тәжірибелік конференцияларда жасаған баяндамалардан көруге болады.

Олардың арасында нөлдік емес импакт-факторы бар, шетелдік баспаларда жарық көрген жарияланымдар да жетерлік. Роза Абдрахманқызы болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің білім көкжиегін кеңейтіп, жаңаша түрленген бағдарлама идеясын бастауыш сынып оқушыларына пәнаралық кіріктіру негізінде критериалды бағалау және жаңартылған білім беру бағдарламасының ЖОО-да қолдану ерекшеліктері мәселесімен айналысып келеді. Осындай зерделі ғалым, адал дос, парасатты жанның Қыздар университетінде тәлім беруі жастардың өнеге алуына, өмірде алға талпынуына, биікке құлаш ұруына себін тигізетіні айқын.

Ұлттың бүкіл болмысы мен болашағына жауапты қыз балалардың жан дүниесін қозғайтын әсерлер көп. Соның ең күштісі көзге бірден шалынатыны педагог өнегесі. Үздік үлгіні осындай аға буын өкілдерінен болады. Осындай ойларымызды айта келіп, әріптестердің алғысына оранып, шәкірттеріңіздің бақытына бөленіп, ұлылар ұрпағының ұстаздық ұлы жолында жасай беріңіз дегіміз келеді. Біз, өз кезегімізде, жанымызда жүрген жақсы адамның бекзат болмысын осылайша бедерлеп шығу әріптестік ізеттің бір парасы ғана деп ұқтық.

Айгүл Амантайқызы САТБЕКОВА,
педагогика ғылымдарының докторы,
профессор, Қазақстан Педагогикалық
Академиясының академигі, ҚазҰҚПУ, Алматы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий