Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жаңа тұрпаттағы аудандық гимназия қалай ашылды?

Бұл оқиға еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін болған оқиға еді. Қоғам құбылнамасындағы қиындықтар білім саласына де кері әсерін тигізе бастаған болатын. 1994 жылдың шілде айының соңында мені аяқ астынан аудандық білім бөліміне шақыртты. Бұл салалық құрылымды ол кезде Бақтығали Қоспаев басқаратын. Қасында мектеп инспекторы Ермек Құрманғалиев отыр екен. Сәлемдесіп, амандықты сұрасқаннан кейін бірден мәселенің мән жайына көшкен жергілікті ұстаздардың жетекшісі:

– Аудан орталығынан мектеп-гимназия ашпақ ойымыз бар. Бұл сияқты жаңа бағыттағы оқу орындарының алғашқы үлгілері облыс орталығында, Зеленов ауданында қолға алынған. Шынын айтсақ, жаңа тұрпатты мектептің қалайша жұмыс істеу керек, оқу-әдістемелік бағытында бағытында қандай өзгешеліктері барын өзіміз де әлі толық түсініп алғанымыз жоқ: Осыған сіздің келісіміңіз керек. Келісім берсеңіз, онда аудан әкіміне ұсыныспен шығамыз, – деді.

Бұл ұсыныстың тосын болғаны өз алдына, жаңа тұрпатты мектеп-гимназия деген атауының өзі адамға терең ой салатыны белгілі. Жаңалыққа деген құлшыныс, тыңнан түрен салуға деген қызығушылық батыл шешімге келіп, нақты жауап беруіме ықпал етті. Келісім бердім. Сол-ақ екен, тамыз айының бірі күні мені мектеп-гимназияның директорына тағайындау туралы бұйрық та шығып үлгерді. Мектеп-гимназияға аудан орталығында жабылып қалған №4 балабақшаның ғимараты берілді. Білім бөлімінің  меңгерушісі мен инспекторы үшеуміздің көз алдымызда қаңырап тұрған ескі нысан.

Шаң басқан бір бөлмесінде бұдан бұрын тартылған №3 орталау мектебінің үйіліп дүние мүліктері жатты. Арада 4-5 күн өткенде мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып Гүлсім Айтқалиева, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып Максим Үмбеталиев тағайындалды. Жаңа оқу жылы жақындап қалды, шұғыл түрде қажетті мұғалімдерді тағайындау керек болды. Ол кезде бұл оңай іс емес еді. Мұғалімдерді іріктеу жұмысы аудан орталығындағы  қазақ орта мектебі мен таратылған орталау мектептен жүргізілді. Жаңа тұрпатты мектепке, таласы жоқ, тәжірибелі, білікті ұстаздар шақырылуы тиіс.

Өз мектебінде үздіксіз ондаған жылдар еңбек етіп,  орнығып қалған маңдай алды танымал ұстаздардың болашағы беймәлім, өмірге жаңадан аяқ басқалы тұрған гимназияға оп-оңай келісім беруі, шыны керек, қиын мәселе болары анық еді. Білім бөлімі басшылығымен бірлесіп түсіндіру, ұғындыру арқылы балаларымыздың болашағы үшін қиындық пен жауапкершіліктен қорықпай, өзімізді үлкен сынақтан өткізу міндеті тұрғандығына көздерін жеткізудің нәтижесінде негізгі пәндерге қатысты мұғалімдердің алғашқы легін жасақтауға қол жеткізілді.

Сөйтіп, тамыз айының алғашқы он күндігінде Мәруа Нұрғалиева (биология), Қалида Айтқазиева, Гүлнәр Ламашева (бастауыш) Жансұлу Ғабдуллина (математика), Ләззат Темірханова (қазақ тілі), Светлана Оразова, (Орынша Жақсылықова) (ағылшын тілі), Ақжонас Гумарова (бастауыш) Асылзада Иманғалиева, Гүлнара Қапшанова (орыс тілі), Асылан Хамзин (дене шынықтыру), Кенжебек Айтқалиевтей (еңбек) ұстаздарға бұйрық беріліп, гимназияға ауыстырылды. Кейіннен басқа да қызметкерлер жұмысқа кірісті.

Бастапқы кезде гимназияда 6 класс болуы керек деп шештік. Оқушылар конкурс арқылы қабылданып, әр кластағы  балалар саны 15-20-дан аспауы тиіс. Бірінші класс алғашқы жылы болған жоқ, яғни 2,3,4,5,6,7 кластар ғана  жасақталды. Өйткені 8-10 кластар аралығында оқушылардың басым бөлігінің оқуға деген ынтасының төмендейтіндігі, кластар жоғарылап, пәндер қиындаған сайын жақсы оқитындардың саны да азаятыны белгілі. Сондай-ақ оқушыларды қабылдау қазақ мектебі және Жайық орталау мектебінен жүргізілді.

Есімде қалғанын айтсам жетінші класқа бар болғаны 13 оқушы қабылдадық, олардың ішінде орташа оқитындар да бар болатын. Осының өзінен-ақ  оқушылар құрамын жасақтау ісінің де оңай болмағандығы анық көрініп тұр. Алғашқыда қиындық көп болды. Оған біз дайын да едік.  Бір ғана мысал – гимназияға берілген көне ғимарат мектеп үшін өте қолайсыз болатын. Себебі мектепке дейінгі тәрбие орталығындағы екі бөлме бір-бірімен байланысты: ойнауға және ұйықтауға арналған. Сондықтан бір класқа бару үшін, сабақ өтіп жатқан екінші кластың үстінен өтуге мәжбүрсің.

Ортадағы есік жұқа болғандықтан, екінші кластағы сабақ пен оқушылар сөздері естіліп жатады. Спорт залы мүлде жоқ. Тәрбие-көпшілік шаралар, жиналыстарды шағын ғана залда өткізіп жүрдік. Жаңа тұрпатты мектепте бәрі де жаңаша өзгеше болуы тиіс екендігін алғашқы күндерден-ақ ұстаздарға да, оқушыларға да ұғындыруды ең басты міндет деп санадық. Оқушыларымызға: «сендер – гимназистсіңдер. Ендеше, жүріп – тұруларыңыздан бастап, сөйлеу мәнеріңіз, тәртібіңіз, тәрбиеңіз, адамдармен қарым-қатынасыңыз, қоғами ортада өздеріңізді ұстауыңыз ерекше, өзгеше болуы тиіс,» деген талап, міндет қойылды.

Ұстаздар ұжымындағы барлық әріптестердің де жаңа міндет-талаптарға сай болуы үшін үздіксіз ізденумен бірге көп оқуы және шығармашылықпен еңбек ету қажет еді. Сондықтан да мектеп басшылығы облыстық білім басқармасымен тығыз байланыс орнатып, Орал қаласындағы С.Сейфуллин атындағы қазақ мектеп-интернатының, №21 және №35 орта мектептердің, Зеленов ауданы орталығындағы Переметное орта мектебінің гимназия кластарының іс-тәжірибесін зерттедік, үйрендік.

Осылайша қаражат көзі табылып, оқушыларға тамақ беру ұйымдастырылды, сондай-ақ кейбір тағам түрлерін сатуға шығарып тұрдық. Балабақшадан қалған шағын асхана жабдықтарын тиімді пайдалану нәтижесінде тұрғындарға залды мерейтойлар ұйымдастырудға жалға беріп, табыс таба бастадық. Бұл әрекет сол кездегі тиісті заңнамаларға қайшы келмейтін. Уақыт ұзаған сайын сұраныс та көбейе түсті. Бүгінде жаңа тұрпатты білім шаңырағының ауданымыздағы алғашқы қарлығашы саналатын Абай атындағы мектеп-гимназиясындағы шәкірттердің білім деңгейі алғашқы үш жылда республика аумағына кеңінен танылды.

Сол күрделі кезеңде қолдау мен көмек көрсеткен аудан әкімдігі мен білім бөлімінің басшылығына, ортақ мақсат жолда қажырлы қызмет атқарған ұстаздар қауымы мен түсіністік танытқан ата-аналарға, сенімді ақтаған шәкірттерге ерекше ризашылықпен алғысымзы білдіремін. Нәтижесінде облыс бойынша алғашқы бестіктен тұрақты орын алдық. Нақты дәлелі ретінде – гимназия түлектерінің елордасындағы Л.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университеті, Қазақ медициналық академиясы, Алматыдағы Қазақ-Британ техникалық университеті, Ресей, сондай-ақ еліміздің басқа да жоғары оқу орындарынның мемлекет тарапынан бөлінген грантты иеленуін айрықша атап айтқанымыз абзал. Демек сол кездегі ұжымның ұйымшылдығы, берекелі бірлік пен ерен еңбек, білімгерлердің үздік көрсеткіштері ауданымыздың абыройын асқақтатумен қатар облыстың мәртебелі мерейін көтеруге зор үлесін қосқаны даусыз. Болашақта да ширек ғасырлық тарихы бар танымал әрі беделді гимназияның алар асуы, бағындырар биігі көп боларына сенемін.

Дәулетжан Абдрахманұлы ЖАҚСЫБАЕВ,
Мектеп гимназияның алғашқы директоры,
Ақжайық ауданның құрметті азаматы,
ҚР білім саласының еңбек ардагері
Батыс Қазақстан облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий