Ізгілік пен мәдениетті дәріптеудің парасатты жолы
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «Парасат жолы» атты орталықтың ашылу салтанаты ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – адалдық пен мәдениеттілікті, ізгілік пен имандылықты дәріптей отырып, парасатты тұлғаның үлгісін қалыптастыруға үлес қосу.

Аталған жиынға Түркістан облысының, Отырар және Созақ аудандарының құрметті азаматы Мырзахметов Шалатай, Шымкент қаласының зиялы қауым өкілдері мен Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Серікбаев Талғар Әбдінабиұлы, Арыс және Шымкент қалаларының құрметті азаматы, Социалистік Еңбек Ері, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі Шерім Медеуов, Шымкент аймақтық ақын-жазушылардың «Қаламгер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, тарихшы Момбек Әбдіәкімұлы және Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің профессорлары мен оқытушылары қатысты.

Басқосудың ашылу салтанатында жиын қонақтары ыстық лебіздерін білдіріп, парасаттылық пен адамгершілік қасиеттерінің қоғамдағы маңызын айрықша атап айтты. – Парасаттылық – адам бойындағы кісілік қасиет. Парасаттылық ұғымы ақылдылық пен білімпаздық, мәдениеттілік, зерделілік мағынасында қолданылады. Парасатты адамға адамгершілік пен әдептілік қасиеттері тән. Бүгінгі өткізілген іс-шараның мақсаты да саналы ұрпақты қалыптастыруға өзіндік үлес қосу болып табылады.
«Парасат жолы» орталығының басты міндеті – жастар арасында мәдениеттілік пен имандылықты қалыптастырып, жаңа формациядағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалыстың жас өкілдерін дайындау. Алдағы уақытта осы шараларды қолға алып, жүзеге асыратын боламыз, – деді сөйлеген сөзінде «Парасат» басқармасының басшысы Дулатова Гүлбақыт Сейсенбекқызы.
Аружан Азатқызы САМИДИН,
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан
университетінің журналистика мамандығы
бойынша 1 курс студенті, Шымкент қаласы