Ө.Жолдасбеков – 90: Халқының қамын ойлаған азамат
(Мемлекет және қоғам қайраткері, академик Өмірбек Жолдасбеков туралы). – Өмекеңнің терең ақылы мен парасаты, халқының қамын ойлайтын азаматтығы ұдайы сезілетін. Халқы да оны осындай қасиеті үшін қатты қадірлейтін. Көзінің тірісінде ол елінің, халқының құрметі мен махабатын бір кісідейақ сезініп өтті, – Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Биылғы наурыз айының 1-ші жұлдызында қазақ ғылымы мен білімінің іскер ұйымдастырушысы, дара тұлға, бүкіл әлемге танымал ғалым, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков ағамызға 90 жас толып отыр. Өмірбек ағамыз, сонау 1930-шы жылдары, қазақ халқының басына түскен ауыр зұлмат жылдары, Оңтүстік Қазақстанда дүниеге келіп, содан кейін екінші дүниежүзілік соғыс жылдары халқымыздың басынан өткен ауыр қасірет таауқыметтердің бәрін көріп, басынан кешіріп өскен ұрпақтардың өкілі. Жас шағында аштық, жалаңаштық, жетімшілік көріп, қиыншылықтардың бәрін жеңіп шығып, өмірді ертерек түсініп, ертерек ержеткен азамат.
Әкесінен ертерек айырылып, интернатта, әпкесі Жүрсінайдың үйінде жүріп оқып, Шымкенттегі Қ.Спатаев атындағы орта мектепті 1949 жылы алтын медальға бітіріп М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің (МГУ) механика-математика факультетіне оқуға түседі. Атақты білім ордасын 1954 жылы қызыл дипломға бітіріп, туған елге келіп, Шымкенттегі технологиялық институтында (қазіргі М.Әуезов атындағы ОҚУ) оқытушы, аға оқытушы, механика факультетінің деканы қызметтерін атқарады. Жасынан ғылымға құмар ағамыз Москваға қайта оралып, аспирантураны бітіріп, кандидаттығын қорғап, ғылым атағын алып, 1962 жылы елге, Алматыға, Қазақ политехникалық иститутына (қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық университеті) қызметке келеді.
Осы институтта 1962-1970 жылдар арасында доцент, декан, проректор қызметтерін атқарады. 1970-1986 жылдары КазГУ, қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры болды. Ө. Жолдасбеков сол кездегі Киров атындағы ҚазМУ-не ректор болып келгенде теориялық кафедра ұстаздары негізінен профессорлар И.Д.Молюков пен В.А.Сапаның (М.Н.Сагитов, Р.Г.Бородихин, Л.Ф.Нестерева және тағы да басқа) шәкіріттері болды. Сондықтан да кафедра теориялық механика мамандарының көп бөлігін, ал тұтас орта механика бойынша аз бөлігін дайындады. Казақ политехникалық университетінің проректоры Өмірбек Жолдасбеков өткен ғасырдың алпысыншы жылдары талапты жас мамандарды (Х.Р.Казыханов, Г.У.Уалиев, Е.Р.Рахимов, М.М.Джакашева, С.А.Булаткулов, К.С.Иванов, Л.И.Слуцкий, Т.Омаров және тағы да басқалар) Мәскеу, Ленинград, Киев машиналар механикасы ғылыми мектебіне жіберді.
Өткен ғасырдағы 70-80 жылдарда машиналар механикасы мектебінің елімізде негізін қалаушы, ғылым мен жоғары білім ұйымдастырушы ғылым академиясының академигі Өмірбек Арсланұлы Джолдасбеков ҚазМУ ректоры болып жұмыс істеген кезде (1971-1986 жж.), университеттегі механика мамандарын дайындау үлкен нәтижеге жетті. Ғылыми мектепті құру – атақты ғалым және бүкіл әлем таныған машиналар мен механизмдер теориясы саласындағы маман, көптеген халықаралық сыйлықтың иегері Ө.А.Жолдасбековтің еңбегінің нәтижесі. Ғылыми мектепті құру Совет ғылыми мектебінің басшысы, ұстаз, ССРО ҒА академигі И.И.Артоболевский ұсынысы, ол жас аспирант Өмірбек Жолдасбековті дара тұлға, машиналар мен механизмдер теориясын дамытудағы оның орнын ғалым ретінде ғана емес ғылымды ұйымдастырушы ретінде көрді.
Осы кезде плазма мен газ, сұйықтар механикасы және теориялық механика, машиналар мен механизмдер теориясы саласындағы ғылыми зерттеулер шарықтау шегіне жетті. Механиканың үш бағытында мамандар дайындауда бірнеше ғылыми-зерттеу мен оқу-зерттеу зертханалары мен механикалық циклды жаңа кафедралар ұйымдастырылды. Күш-қуатты және таланты өз жетекшілірінің ұйымдастыру қабілеттілігінің арқасында 70-90 жылдарда екі мектеп – Ө.Жолдасбеков пен Ш. Ершин, екі бағыттағы Машиналар мен механизмдер теориясы мен газ және сұйықтар механикасы мектебі қарқынды дамыды.
Қазақстандағы машиналар механикасының ғылыми мектебін құру, ССРО-да екінші ММУ кейін ашылған ҚазМУ «Машиналар механикасы» бойынша қолданбалы механика және ғылыми-зерттеу зертханаларын ашуға ұласты, кафедраның кадрлар негізін ССРО ғылыми институттар мен орталық жоғары оқу орындарында аспирантураны бітірген шәкіріттерден құрылды. «Теориялық механика» кафедрасында 1970 жылы «Математикалық моделдеу мен машиналар механикасы» ғылыми-зерттеу зертханасы құрылды. Үш жылдан соң теориялық кафедра базасынан жаңа кафедра – жоғарыда аталған зертханасымен «Қолданбалы механика» кафедрасы ұйымдастырылды.
Манипуляторлар мен роботтар, робототехникалық жүйе мен тігін машиналар динамикасы және жоғары класты механизмдер теориясы бойынша зертханалар мен кафедрада кең ауқымды ғылыми-зерттеулер жүргізілді. Сондықтан республикамызда алғаш рет машиналар механикасы ғылыми мектебінің іргесі қаланды. Деформациаланатын қатты дене механикасы мен машиналар механизмдері теориясы мамандарын дайындау орындалды. Жеткен жетістіктермен тоқтамай, қолданбалы есепті шешу үшін іргелі зерттеулер нәтижесін қолдануға көп көңіл бөлді.
Ол отандық машиналар механикасы ғылымының ары қарай дамуына, еліміздің ғылымы мен қоғамдық және шаруашылық өмірдегі жетістіктері мен өсу ролінің артуына талантты жастарды ынталандыра отырып, жаңа жолын әркез іздеді. 1980 жылы КазМУ-де ШТС білдекті механика өндірістік ғылыми-зерттеу зертханасын құрды. «Қолданбалы механика» кафедрасының және зертханасының зерттеу тақырыптары Машиналар мен механизмдерді автоматты пішіндеу және сым тарту динамикасы сұрақтарымен кеңейді. 1983 жылы «Машиналар мен механиздер теориясын программалық оқу», «Қолданбалы механика есептерін модельдеу» оқу зертханасы мен робототехника бойынша тәжірибелік-эксперименталды өндірістен тұратын республикалық ғылыми -әдістемелік орталық құрылды.
Бұл жерде танымал тұлғамен жұмыс істеген елімізге белгілі ғалымдарға, КСРО жоғары оқу орындарын бітірген түлектерге деген ерекше қатынастарға тоқтамай кетуге болмайды. Өмірбек Арсланұлы әрдайым бітіруші үздік түлектерді әкелік қамқорлықпен қарсы алып, потенциалдық қабілеті мен дайындық шамасын бағалап және уақыт тауып жеке әңгімелесетін болған. Көптеген ҚазМУ түлектері тәжірибе алмасу мен аспирантурада оқуды орталық оқу орындары мен ССРО ғылыми-зерттеу институттарында өтуге мүмкіншілік алды.
Ө.Жолдасбеков жоғары дәрежелі механик-мамандарын дайындауға көп көңіл бөлді. Оның төрағалық жетекшілігімен үш докторлық диссертациялық Кеңес үш бағытта (теориялық механика, машиналар мен механизмдер теориясы, плазма, газ және сұйықтар механикасы) жұмыс істеді. Осы кезде тамаша ғалымдардың легі пайда болды (Г.У.Уалиев, Е.Р.Рахымов, М.М.Молдабеков, Ж.Ж.Байгунчеков, А.Ч.Джомартов, Г.Б.Шерьязданов, У.К.Жапбаспаев, А.И.Искакбаев, Т.Н.Бияров, К.С.Иванов). Нәтижесінде көрнекті ғалым үлкен ғылыми-ұйымдастырушылық жұмыстарды жүргізуінің арқасында ҚазМУ бұрынғы барлық КСРО үшін «Машиналар мен механизмдер теориясы» бойынша ғылыми-педагогикалық кадрлар дайындайтын және тәжірибе алмасу өтетін орын болып қалыптасты.
ҚазМУ-де апробациядан өтті және Москва, Ленинград, Украина, Молдова, Грузия, Армения, Азербайджан, Өзбекстан, Қыргызстан және Ресейдің азиаттар бөлігінен 300-ден астам ғалымдар докторлық және кандидаттық диссертация жұмыстарын қорғады. Академик ағамыз жоғарыда аталған КСРО-дағы республикалар мен шел елдерді қосқанда 25 ғылым докторы мен 120 ғылым кандидатына ғылыми жетекші болды.
Кең ауқымды ғалым әркез өз шәкірттерін жаңа ізденулерге, тиімді зерттеу әдістерін құруға және қолданбалы есепті шешу үшін қолданылуына ерекше көңіл аударуларын көздеді. Кафедра мен зертханаларда ол және оның шәкірттерімен сандық, содан соң жоғары класты механизмдердің аналитикалық теориясын, өзгермелі құрылымды механизмдер мен тоқыма білдегінің динамикасын сандық және аналитикалық зерттеудегі әдістер, механика және роторлық жүйе динамикасына, сұйық толтырылған, манипуляторлар мен роботтар басқару процестеріне оқулық және оқу құралын жазды.
Жоғары каласты механизмдердің фундаменталдық теориясы саласын кең ауқымды ғылыми зерттеу нәтижесінде Ө.А.Жолдасбеков және көптеген шәкірттері, олардың ішінде академик ҚР ҰҒА академигі Ж.Ж.Байгунчеков, ғылым докторлары Х.Р.Қазыханов, К.С.Иванов, А.М.Муратов, Н.С.Воробьев, М.М.Молдабеков, А.Г.Ибраев және тағы да басқалар әлем тәжірибесінде қайталанбас манипуляциялық құрылғылар мен жаңа механизмдер құрғандыры үшін Польша, Италия, Англия патенттері мен көптеген КСРО қорғалған авторлық куәліктерін алды.
Жоғары класты манипуляциялық құрылғылар мен механизмдер құру мен ғылыми зерттеу нәтижесін 1989 жылдың қыркүйегінде машинажасау бойынша КСРО министрлер Кеңесі бюросында ғылыми техникалық Кеңес мәжілісінде қаралып, елдегі машиналар құру саласында қолдануға ұсыныс жасады. Өзгермелі құрылымды механизмдер мен тоқыма білдектері динамикасы саласындағы зерттеулердің жетілуіне Ө.А.Жолдасбеков және шәкіріттері ҚР ҰҒА академигі Г.У.Уалиев, ғылым докторлары С.А.Абдраимов, А.Ч.Джомартов, ғылым кандидаттары Ю.М.Дракунов, М.М.Джакашева, В.А.Соснин, М.М.Хожамбердиев, А.А.Ермолов, Р.Г.Шакаев және басқалары үлкен үлесқосып, еңбек етті.
1972 жылы ол «Машиналар мен механизмдер теориясы» бойынша қазақ тілінде алғаш рет оқулықты, 1979 жылы екінші рет толықтырулармен қайта өңдеп шығарды. Машиналар механикасы бойынша мамандар дайындауда 1975-1985 жылдары «Тісті беріліс теориясы» (Казыханов), «Машина динамикасы» (Уалиев Г.У.), «Машина тербелістері» (Рахимов Е.Е.), «Роботтар мен манипуляциялық жүйе» (Л.И.Слуцкий) және басқа ондаған оқу-әдістемелік оқулықтардың алар орны үлкен болды. Қоса автор М.Н.Сагитовпен 2-томдық «Теориялық механика» оқулығы шығарылып және қайта толықтырылып қазақ тілінде басылымнан шығарылды.
Өмірбек Жолдасбековтың Қазақ мемлекеттік университетіне ректор болып келуі қоғамға, өмірге үлкен серпіліс әкелді. Қазақтың рухы оянып, ар-намыс болып бұрхау атты десе болады. Осы тұс Өмекеңнің іскерлік қабілетінің, ұйымдастырушылық шеберлігінің барынша жарқырай көрінген, айқындалған кезі еді. Білікті басшының кезінде танымал жоғары оқу орны бұрынғы Одақтағы үлкен ғылым ошағы және маманданған, білімді азаматтар дайындау бесігіне айналып, әлемдегі ең озық университеттер деңгейіне көтерілді. КазМУ Одақ көлемінде, Мәскеу, Ленинград, Киев университеттерімен қатар дүниежүзілік университеттер ассоциациясының мүшесі болды. М.Әуезов секілді ұлы ұстаздың көзінің нұры, сөзінің сыры дәстүр болып дарығын КазМУ, талай таланттың ұшқан ұясына, қонған қиясына айналды.
Өмірбек Арысланұлы ректор болып істеген жылдарындағы артынан қалдырған ең үлкен мұрасының бірі-ол қазіргі күндері жұрттың бәрі сүйсінетін КазГУград қалашығы. Өзінің қолтанбасын тарих беттеріне қалдырып үлгерді. Терең білімі мен дара дарыны арқылы ғұлама ғалымдығын бүкіл әлемге танытып, қазақ халқының атын шығарды. Механиканың қазақстандық мектебін құрып, оны бүкіл әлемге танытты. Соның бір дәлелі – машиналар мен механизмдер теориясының бірінші Бүкілодақтық съезінің Алматыда өткізілуі еді. Академик И.И. Артоболескийдің қолдауымен 1977 жылы ММТ-нің Бүкілодақтық І-съезі Алматыда (Москвада емес, Ленинградта емес) өтті. Бұдан соң 1981 жылы теориялық және қолданбалы механиканың Бүкілодақтық VІ-съезі де Алматыда өтті.
Бұл Қазақстан ғылымының зор жетістігі еді. Съездер АҚШ, Англия, ФРГ, Италия, Жапония, Финляндия, Польша сияқты көптеген елдердің аты- шулы ғалымдарының кең көлемде қатысуымен өтті және Қазақстанның әлемнің жетекші ғылыми мектептерімен байланысын нығайтуға мүмкіндіктер туғызды. Бұл оқиғалар тарихта қалды. Биік белестерді бағындырған абыройлы азамат өзінің шәкірттерімен ғаламда теңдесі жоқ жоғары класты механизмдердің теориясын тұғыш рет құрды. Ғылымда өзінің ғылыми мектебін қалыптастыру әркімнің қолынан келе бермейтін шаруа. Ал Жолдасбеков болса өзінің «Машиналар мен механизмдер теориясы» ғылыми Қазақстандық мектебін ашты және оны бүкіл әлемге танытты.
Осы теория негізінде әлемдік құрылым жасауда теңдесі жоқ жаңа жүк көтергіш, тиеу-түсіру қондырғыларын, манипуляторлар жасалынды. Олар 100-ге жуық өнертапқыш авторлық куәліктерімен Ұлыбритания, Алмания, АҚШ, Италия, Польша, Чехословакия, Югославия, Финляндия сияқты елдердің патенттерімен қорғалды. Ө. Жолдасбеков бастаған ұлттық ғалымдар тобы жазық жоғары класты механизмдер саласындағы еңбектері үшін 1992 жылы ғылыми және инженерлік қоғамдардың Халықаралық Одағының ғылым мен техниканы дамытуға көрнекті үлесі үшін берілетін халықаралық В.Г. Шухов атындағы Алтын медальға ие болды.
Айтатын болсақ, бұған дейін мұндай медаль Ла-Манш бұғазының астынан салынған тонельдің проектісіне берілген, осындай медальға жоғары жылдамдықты теміржол ушін Жапон азаматы ие болған. Өмекеңдердің алғаны № 6 медаль. Ол әлемдегі 42 елдің инженерлерінің басын құрайтын Халықаралық Инженерлік академияның (ХИА, Мәскеу) құрылуына және ашылуына үлкен үлесін қосқан. ХИА-ның бірінші жалпы жиналысында кемел кейіпкеріміздің осы академияның бірінші вице-президенті болып бірауыздан сайлануы біздер үшін, Қазақстандықтар үшін үлкен бір абырой, белес болды.
Себебі Украинадан, Белорусиядан, Кавказдан, Орталық Азиядан келген үміткерлер ондай шыңға жете алмады. Қазақтың маңдайына біткен мақтанышы бұл қызметін өмірінің соңына дейін үлкен абыроймен атқарды. Өмекең жеке өзінің инициативасы арқасында ТМД елдері, көптеген дүние жүзі Инженерлік академиялармен тығыз байланыс орната отырып, көп елдерде академиялық Инженерлік ұйымдардың құрылуына үлкен септігін тигізді: Инженерлік ғылымының Австралиялық академиясы, Бельгия-корольдік академиясының қолданбалы ғылым кеңесі, Канада ИА, Дат техникалық ғылым академиясы, Финляндия технологиялық академиясы, Франция ғылым академиясының қолданбалы ғылым комитеті, Жапон ИА, Мексика ИА, технологиялық және инженерлік Нидерланды ғылым қауымы, Корольдік-Швед инженерлік ғылым академиясы, АҚШ ИА және тағы да басқа.
Өмірбек Арсланұлы Ислам елдері Инженерлік акдемиялар федерациясының вице-президенті болды және оны өмірінің соңына дейін атқарды. Академик ағамыз айтып кеткен «Евразиялық тәуелсіз инженерлік кеңістік» орнату идеясы ХИА мүшелеріне, барлық ғылымдар мен инженерлер үшін өсиет болып қалып отыр және осы ұсынысты іске асыру жұмысы басталып, жанданып жатыр. Бірінші вице-президент ретінде ол ХИА-ның халықаралық ООН, ЮНИДО, ЮНЕСКО сынды тағы да басқа халықаралық ұйымдармен бірлесе отырып дүниежүзілік үлкен маңызы бар жобаларға, бағдарламаларға қатысып, оны іске асыру жұмыстарын ұйымдастырды. 1993 жылы ХИА-ға, үкіметтік емес ұйым ретінде, ЮНИДО-ға кеңестік мүше статусы берілуі, осы жұмыстың үлкен бағалануы деп түсінуге болады.
Ө.Жолдасбеков Теориялық және қолданбалы механикадан КСРО Ұлттық Комитетінің мүшесі, ММТ жөніндегі ССРО Мемлекеттік Комитеті ғылыми-методикалық Советінің президиумы төрағасының орынбасары болды. ММТ бойынша Қазақстандық ғалымдардың еңбегі ескеріле отырып ММТ жөніндегі Қазақстан Ұлттық комитеті «ММТ жөніндегі Халықаралық федерацияға» (IFToMM) мүшелікке қабылданды. Мұның алдында оған ТМД бойынша КССРО-ның ізбасары ретінде тек Ресей ғана мүше болатын. 1996 жылы академиктер Ө.Жолдасбеков пен Ж.Ержановтардың жетекшілігімен «Теориялық және қолданбалы механика жөніндегі Ұлттық комитет» құрылып, 1997 жылы Халықаралық Одаққа (IUTAM) мүшелікке өтті.
Мұның өзі республика ғалымдарының механика саласындағы ғылыми еңбектерінің әлемде жоғары бағаланғандығын көрсетеді. Қабілеті мен қарымы бөлек дарын иесі төрт жүзден астам ғылыми еңбектердің, 20 монография, отыздан аса оқулықтар мен оқу құралдарының, 126 авторлық куәліктер мен шетелдік патенттердің авторы. Оның жүзден аса шәкірттері ғылым кандидаттары болса, 25-і ғылым докторлары. Өмекеңнің шекпенінен шыққан шәкірттерінің қайсысы болсада осал емес. Олар қазақ даласының қиыр-қиырында, еліміздің түрлі салаларында абыроймен қызмет атқарып, жаңа ғасыр мен жаңа мыңжылдықтағы ұлттық болмысымыздың ірге тасын қаласып жатыр.
Мақтанышпен айта алатынымыз, біздің М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде де академик Ө.Жолдасбековтің шәкірттері ҚР ҰИА академигі, т.ғ.д., профессор А.И.Айнабеков, т.ғ.к., профессор С.Ж.Әбдірашев, п.ғ.д., доцент Қ.Ж.Әжібеков, т.ғ.к., доцент Д.С.Мырзалиев және т.б. абыройлы қызметтерін атқарып, ғылымын жалғастыруда. Профессор А.И.Айнабековтың жетекшілігімен біздің университетте Қазақстандағы бірінші эксперименталдық механика ғылыми мектебі құрылып, 23 ғылым кандидаттары мен тоғыз ғылым докторлары даярланды. Бұл ұлы ғалым шекпенінен шыққан бір ғана шәкіртінің атқарған ғылыми еңбегінің нәтижесі. Өмірбек Арсланұлы тек ғалым, педагог қана емес, ол халқымызға белгілі үлкен мемлекет, қоғам қайраткері болды.
Кезінде Кеңес Одағы Компартиясының 24, 25 съездеріне, Қазақстан Компартиясы 13-16 съездеріне делегат болды, Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесіне алты мәрте депутат болып сайланды. 1995 жылы алғашқы кәсіби Парламенттің құрамында қызмет атқарды. Парасатты педагог ретінде ғылым жолында аянбай тер төге жүріп, ерен еңбектерінің де жемісін көрген жайсаң жан. Ол өзінің өсу жолында ғылым докторы, профессор, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстан Инженерлер академиясының академигі, Халықаралық Инженерлер академиясының акдемигі, АҚШ инженер-механиктер қоғамының мүшесі, көптеген жақын және алыс шетел инженерлер академияларының құрметті академигі атақтарына ие болды.
Республикамыздың мемлекеттік сыйлығының лауреаты, В.Г. Шухов атындағы (Мәскеу) және Әл-Хорезми атындағы (Иран) алтын медальдардың иегері, Халықаралық Инженерлер академиясының силығы мен үлкен алтын медалінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері болды. Өмірінің соңына дейін ел Парламентіндегі төменгі палатаның депутаты, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының президенті, Халықаралық Инженерлер академиясының бірінші вице-президенті, Ислам елдері Инженерлік академиялар федерациясының вице-президенті болды.
Елімізге сіңірген еңбегі үшін, Ленин орденімен, екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, Советтер Одағының және Қазақстан Республикасы медальдарымен наградталған, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Ө. Жолдасбеков атын есте қалдыру мақсатында бірқатар шаруа атқарылды: Алматыдағы «Механика және машинатану» институты, КазМУ-дың жастар мен студенттер сарайы, Алматыда, Шымкентте үлкен көшелердің аты, Шымкенттегі № 9 мектеп-лицей, Бәйдібек ауданы, Кеңес ауылындағы мектеп Ө.А.Жолдасбековтың атымен аталады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, М.Әуезов атындағы ОҚУ-де Жолдасбеков атындағы музейлер, аудиториялар, зертханалар ашылған.
Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» аталатын бағдарламалық маңызды мақаласында «Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш», – деп айтқан болатын. Өмірлік ғұмырында осыншама ізгілік пен игілікті сығымдағандай етіп сидырған академик Өмірбек Арсланұлы мына жалғаннан өтіп кеткенімен, оның тарихи еңбектері мен ғылыми мұралары мәңгі жасап, туған еліне, халқына сан ғасырлар қызмет ете беретіндігіне сенімдіміз.
«Нағыз ғалым адамзат үшін қызмет етеді. Ал, Өмірбек Жолдасбеков болса, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Асқар, Дінмұхамед Қонаевтардың ізін ала, сол алыптар қатарында тұратын нағыз академик. Келешекте күрмектен күріш маржанын тазалап алу үшін Академиктер аллеясы ашылса, арыстан тұлғалы Өмірбек те сол сапта болары хақ», – деп жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза ағамыз баға берген болатын. Олай болса, тәуелсіз мемлекетіміздің жастары «өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін» оларға үлгі болатын қазақтың ұлы тұлғаларының бірегейі академик Өмірбек Арсланұлы Жолдасбеков деп білеміз.
Дархан Сапарбайұлы МЫРЗАЛИЕВ,
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан
университетінің механика және машина
жасау кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., доцент