Бастауыш білімнің бапкері

Кешегі күн – бүгінгі тарих. Өткен кезеңнің қойнауында не бір ерекше естеліктер жатыр. Оқырман қауымға сол уақыттың шежірелі жылнамасынан бір сыр тарқатсақ. Әңгімемізге арқау ретінде Шыңғырлау орта жалпы білім беретін мектебінен ашылған тұңғыш қазақ тілді бастауыш сынып туралы айрықша атап айтқанды жөн көрдік. «Аштықта татқан құйқаның дәмі тәтті» демекші, орыс тілді мектептен алғашқы ана тілдегі бастауыш сыныптың ашылуы сол кезде жергілікті жұртшылық үшін де елеулі оқиғалардың бірі болғаны даусыз.

Аудандық білім беру бөлімінің бұйрығымен сынып жетекшілігінің міндеті бүнінгі аға буын ардагер ұстаз, аймаққа танымал педагог Кітабия апай Абдугазияға жүктелген еді. – 1989 жылы ана тіліміз -қазақ тілінің мәртебесі көтеріліп, бірыңғай орыс тілді Шыңғырлау орта жалпы білім беретін мектебінен (ол кезде тоғыз жылдық негізгі мектеп болатын) тұңғыш сегіз оқушымен қазақ тілді сынып ашылды. Мен аудандық білім беру бөлімінің шешімімен сынып жетекшілігіне тағайындалдым. Ол кезде бөлім басшысы Сапаров Бақытжан Сапарұлы болатын. Содан не керек, тапсырма берілгеннен кейін жұмысты үлкен жауапкершілікпен бастап кеттік. Көптеген қиындықтардың кезіккені де рас.

Жалпы мұғалімдік деген қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандық қой. Ол кезде «Әліппемен» алғаш сауат ашып, оны бітіргеннен кейін «Ана тілі» оқулығы біраз уақыт қолға түспей, қолымыз байланып қалғаны бар. Кейін көп ұзамай оның да шешімі табылды. Сөйтіп сыныптағы жұмысымыз бір қалыпқа түсті ғой. Еңбек жолымды қарап отырсам білім саласында жүргізілген бірнеше реформалық өзгерістерге қатысқан екенмін. Мен сол білім шаңырағында ылғи да тың дүниелердің қолдаушысы ретінде бірталай бастамаларды ілгерілетушілердің алдыңғы сапында болыппын.

Алғаш қазақ тілді сыныптың ашылуы, деңгейлеп-саралап оқыту, жаңартылған білім беру мазмұны сынды жаңашылдықтарға серпін беру арқылы біліміміз бен білігімізге қоса тәжірибемізді аянып қалған емеспін, – дейді кейіпкеріміз бізден сөйлескен сөзінде. Кітабия Скендірқызы 1959 жылы қазан айының 28-і күні Ақтөбе облысының Шалқар ауданында дүниеге келген.  1974-1978 жылдары Ақтөбе педагогикалық училищесін бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шығады. Алғаш еңбек жолын туған жерінде бастайды да кейін, 1989 жылы тұрмыс жағдайына байланысты Шыңғырлау ауданына көшіп келіп, еңбек жолын осы жергілікті жалпы білім беретін орта мектебінде жалғастырады.

Бұл ұстаздар ұжымында отыз жылға жуық үздіксіз қызметін абыроймен адал атқарып, құрметті еңбек демалысына шықты. – Ол кезде ұжым ерекше тату болатын. Директорымыз марқұм Дінаман Әубәкірұлы алды ашық, жайсаң кісі еді. Иық тіресіп, қызмет еткен көптеген әріптес мұғалімдердің бейнесі әлі де көз алдымда. Білім беру бөлімінде бастауыш сынып мұғалімдерінің әдіскері Күнсұлу Жұмашқызы бізге ақыл-кеңесін аямайтын. Мектептегі алғашқы қазақ сыныбы болғадықтан тексеріс те жиі келетін. Себебі сол кездерде тіл мәселесіне ерекше көңіл бөлінген еді.

Облыстан жауапты мамандар жиі келіп, жұмыс барысын  қадағалап отырады. Аудандық білім бөлімінің мамандары сабағымызға қатысып, сыныптың ішкі тыныс-тіршілігін қарайды. Сыныптың ішінде алғаш сегіз оқушы болғанымен, кейінгі жылы бастауыш сыныптарда оқушы саны арта бастады. Оның өзі біз үшін үлкен абырой болатын. Балаларын қазақ тілді сыныпқа беріп жатқан ата-аналарды көріп ерекше қуанатынбыз. Ол әуелі тілге деген құрмет болса, одан кейін біздің жұмысымыздың бағасы деп қабылдадық,-дейді ардагер ұстаз.

Кітабия апай Скендірқызы бүгінде аймақтағы педагогикалық құрамға аса сыйлы, ізденумен бірге үйретудан де еш жалықпайтын ерекше қадір-қасиетімен үлкен қошаметке ие. Бақытты тбасында аяулы жар, ұл мен қыз өсіріп отырған өнегелі ана. Зейнеткерлікке шықсада білім саласынан алшақтап кеткен жоқ. Аудандағы әдеп жөніндегі қоғамдық кеңестің жетекшісі ретінде өзінен кейінгі орта буын өкілдері мен жас мамандарға білім саласындағы бағдаршамдай нақты бағытты нұсқап, тура жол көрсетумен келеді.

Самат БАЙБОЛАТ,
Шыңғырлау аудандық білім беру
бөлімінің баспасөз қызметі,
Батыс Қазақстан облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий