Кітапхана білім ошағының рухани мекені
Егемен еліміздің бүгінгі таңдағы ең басты мақсаты – жан-жақты сауатты ұрпақ тәрбиелеу болып табылады. Бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі егемен еліміздің болашағы, халық тағдырын шешетін азамат. Елімізді әлемге таныту, болашақта еркін өмір сүріп, ойлаған армандарымыздың орындалуы тек ерінбей терең білім алғанда ғана орындалары сөзсіз. Ал білім алудың басты құралы – кітап екенін бәріміз жақсы білеміз.
Рухани байлықты оқырмандарымызға кітап арқылы жеткіземіз. Жаңа заман компьютер дәуірі болғанымен, рухани азық іздеген, көзі ашық, көкірегі ояу , әрбір адамның келер шаңырағы кітапхана. Кітапхана – адамның білім көкжиегін күшейтеді десек, сол кітапханаға келіп түрлі кітаптар мен газет-журналдарды оқыған адамның мерейі өсіп, рухани азық алып, дөңгеленген дүниеден хабардар болады. Ұлтымыздың барлық асыл мұрасын сақтаушы, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші кітапханалар болғандықтан, ары қарай да өткізілетін іс-шаралардың мақсаты нақтыланған.
Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынған бағдарламасын қолдап, жастардың қоғамдық көзқарасының қалыптасуына ықпал ету, туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру, патриоттық сезімдерін ояту, елінің мұрасын жалғастырушы азамат болып өсулеріне бағыт-бағдар беру. Ал, біз, кітап оқу, кітап оқылуын насихаттау – рухани жетілудің басты көзі дей отырып, бағдарламаның жүзеге асып, еліміздің ертеңіне қызмет ету мақсатында жұмысымызды жалғастыра береміз! Парасат ордасы, кітапханалар – рухани мекен!
Ал, рухани жаңғыру дәл осы жерден, кеудеңді рухани байлыққа толтырудан бастау алуы керек! Жуырда жастарды кітап оқу арқылы адалдық пен парасаттылық құндылықтарын дәріптеу мақсатында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Ақпараттық білім беру орталығында Тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор С.Мәжінбековтің қолдауымен «Парасат жолы» орталығы ашылды. Орталық ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен бірлесіп, қоғамда парасаттылық идеологиясын ілгерілету, мәдениет, әдебиет және руханиятты негізге ала отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытта қызмет көрсетеді.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Ақпараттық білім беру орталығында дәстүрлі және виртуалды көрмелер, тақырыптық шолулар, кешенді іс-шаралар мен кітапханаларға турлар ұйымдастыра отырып кітаптар мен оқуды насихаттау арқылы, мәдени-ағартушылық қызметті жүзеге асырады. Ақпаратты қабылдап, қорытып үйрену, кітап оқуға мотивация беру, тез оқып үйрену жолдарын көрсету, өзін-өзі қалыптастыруға көмек беру үшін түрлі тренингтер өтеді.
Студенттердің оқу мәдениетін жандандыру және дамыту, жастардың зияткерлік қоғамдастығын шоғырландыру, отандық жазушыларды қолдау және олардың шығармаларын насихаттау үшін, кітап оқуды насихаттайтын ең тиімді жобалардың бірі – «BookDating» және «Bookrossing» жобалары бойынша университет студенттерімен бірге дөңгелек үстелдер ұйымдастыру дәстүрге айналған. Ұлттық әдебиетіміздегі үздік деген туындыларын оқу және насихаттау, рухани мұрамызды сақтау, сондай-ақ жастарды отаншылдыққа әрі өнегелілікке тәрбиелеу, сонымен қатар, қоғамның отандық әдебиетке, оның ішінде классикаға, қазіргі әдебиет пен поэзияға деген қызығушылығын әрі қарай жоғарылатуына мүмкіндік туғызатын «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында жыл сайын іс-шаралар кешені ұйымдастырылады.
Еліміздің жарқын болашағы білім нəрімен сусындаған, парасат-пайымы мол мəдениетті жастардың қолында. Бойларында отанға деген сүйіспеншілігі бар, көзқарасы мен пікірі қалыптасқан, білімді азаматтарды тәрбиелеуге өз үлесін қосу – кітапханалардың басты міндеті. Біз жастарды кітап оқуға шақырамыз, өйткені әр елдің рухани мәдениеті кітаптан бастау алады. Сондықтан да жастар арасында оқуды сәнге айналдыру үшін кітапты өздерінің таңдауына мүмкіндік береміз.
Г МЫҢБАЕВА,
Ақпараттық білім беру орталығы
директорының орынбасары, Шымкент қаласы
Загрузка...