Білім және ғылым министрлігі төменгі палата депутаттарының сауалына жауап берді
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов сапалы педагог кадрлармен қамтамасыз ету арқылы мектептердегі тұрақты білім сапасын арттыру мәселесі туралы депутаттық сауалға жауап берді, – деп хабарлайды ҚР Парламентінің баспасөз қызметі.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Nur Otan» партиясының фракция мүшелері Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің атына депутаттық сауал жолдаған еді. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) Сіздердің мектептердегі тұрақты білім сапасын жоғары білікті педагог кадрлармен қамтамасыз ету арқылы арттыру мәселесіне қатысты депутаттардың хатын қарап, төмендегіні хабарлады.
Бүгінгі күні Министрлік педагогикалық білім беру сапасын арттыруға қатысты бірқатар шаралар қабылдады. Бірінші ұсыныс бойынша, дарынды жастарды педагогикалық мамандыққа тарту мақсатында мұғалімнің мәртебесін көтеру үшін тиісті жұмыс жалғастырылуда. Педагогикалық бағыт бойынша оқуға түсуге қойылатын талаптар біртіндеп күшейтілуде. Осылай, 2020 жылы оқуға түсу балы 60-тан 70 балға дейін көтерілді, арнайы емтихан мазмұны өзектендірілді. Педагогикалық жоғары оқу орындарында (бұдан әрі – ЖОО) оқитын студенттердің стипендиясы ұлғайтылды (26 186-нан 42 000 теңгеге дейін).
Мектеп мұғалімдерінің еңбекақысы өсті. Мектеп оқушылары арасында кәсіптік бағдар беру жұмысын жүргізу үшін ЖОО-лар білім басқармаларымен, мектептермен өзара іс-қимыл жасайды. Екінші ұсыныс бойынша, қазіргі уақытта барлық білім беру бағдарламалары Педагогтің кәсіби стандартына және жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес жаңартылды. Бұл ретте, педагогикалық практикаға арналған Әдістемелік ұсыныстар жасалынған және оқытудың барлық кезеңінде практиканы ұйымдастыруды көздейтін үздіксіз практикалық оқыту жүйесі енгізілді.
Үшінші ұсыныс бойынша, 2018 жылдан бастап педагогті аттестаттау рәсімдерінің жаңа форматы енгізілді. Осыған байланысты Министрлік нормативтік құқықтық құжаттарға өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізді, оған сәйкес 2021 жылдан бастап педагогикалық ЖОО-лардың түлектері үшін Ұлттық біліктілік тестілеуінен міндетті өту нормасы енгізілді. Аталған шара түлектердің құзыреттілігін растауға және білім беру ұйымдарын білікті жас мамандармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Төртінші ұсыныс бойынша, тәжірибе алмасу аясында ЖОО оқытушыларының жаппай ашық онлайн курстарын әзірлеп, білім беру платформаларына орналастыруға мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар, ЖОО-лар мектептермен бірлесіп өзара тәжірибемен алмасу және студенттерге инновациялық педагогикалық технологиялар мен әдістерді тиімді оқыту мақсатымен консорциум құрды. Бесінші ұсыныс бойынша, қазіргі уақытта ЖОО-лар педагогикалық қайта даярлау бағдарламаларын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізуде. Осы бағытта Министрлік ЖОО-ларға педагогикалық-психологиялық дайындықты күшейту үшін педагогикалық қайта даярлау бағдарламаларының мазмұнын өзгертіп, оқу нәтижелерін түзетуді ұсынды.
Сонымен қатар, жас мамандарды мектеп жұмысына ынталандыру үшін шетелдік ЖОО-ларды, «Болашақ» бағдарламасын, ағылшын тілінде пәндерді оқыту құқығымен бітірушілер, сондай-ақ Президенттік кадр резервіне кірген адамдар үшін «педагог-модератор» біліктілік санатын берудің жеңілдетілген тәртібі енгізілді. Осылайша, Министрлік педагогикалық білім беру сапасын арттыру және мектептерді жоғары білікті мұғалімдермен қамтамасыз ету бойынша жүйелі, кешенді жұмысты жүзеге асыруда. Бұл ретте, Министрлік депутаттардың жолдаған ұсыныстарына алғысын білдіре отырып, ЖОО-ларға тиісті ұсыныстар жолданатынын хабарлады.