Тәуелсіздік – тағдырдың сыйы
Ғасырлар бойы бабалар арман еткен елдікке, егемендікке бүгінгі ұрпақ жетіп отыр. ХХ ғасырдың соңына қарай өз тәуелсіздігін алған Қазақстанның мемлекеттілігі кеше ғана қалыптаса қойған жоқ. Көне түріктердің айбынды бірлестіктерін айтпағанның өзінде, Керей мен Жәнібек шаңырағын көтерген қазақ хандығы төрт ғасырдан астам уақыт кең жазираның үстінде салтанат құрды.
Осылай деп қисындастыру оңай болғанымен, хандық мемлекет сыртқы жаулармен үнемі күрес үстінде өзінің ішкі құрылымдарын бекітіп келді. Солай болғандықтан да жаугершілік заманда Ресей империясының саясатына дейін дін аман тұрды. Бұл бабалардың ерлігінің ғана арқасы емес, сонымен қатар саяси кемелдігінің, ақыл-ойының да жемісі. Алаш азаматтарының қай-қайсысы болсын тәуелсіздік жолына, қазақтың өз тізгінін өз қолына алу мұратына бас тікті, күштерін сарп етті, білгенін көптің қамы үшін жасады.
Бұл басылған еңсенің көтерілген кезеңі, бүгілген тізенің жазылған шағы еді. Қазақ баласы тұңғыш рет білектің күші, найзаның ұшымен емес, саяси жолмен туған халқының тәуелсіздігі жолында күрескені аз болса да, алтыннан ауыр салмағы салиқалы бұл кезең, ол шақ бүгінгі жаңа тәуелсіздік жылдарында еш ұмытылмауы тиіс. Ұмытылмақ түгіл, ардақталуы міндетті. Бұл міндет әрбір санасында саңылауы бар қазақ ұланына да сын.
Одан беріде «Әр елдің өз басшысы болуы керек» деп жұдырықтай жандарын шүберекке түйіп, ажалдың қаһарынан намыстың жалынын жоғары ұстаған желтоқсаншы қыз-жігіттеріміздің ерлігі жатыр. Жалпы желтоқсан жарасы қазақ елінің жанынан әлі де жазыла қоймады. Ананы баласынан, ағаны қарындастан, апаны сіңлісінен ажыратқан осы саяси дүркіннің сызы талай жүректі әлі де ауыртып жүргені шындық. «Желтоқсан гүлді солдырып, нұрды оңдырып, көңілде мұңды із қалдырып» қана қойған жоқ, халқымыздың жас буынының ұлттық санасын оятып, намысын көтерді.
Ербол, Қайрат, Ләззат, Сәбиралардай жігерлі ұрпақ қалыптастырды. Тағдыр тарау жолдарынан өтіп, сан ғасыр бойы армандаған тәуелсіздігімізге қол жеткізгенімізге жиырма жылдан асты. Тарих таразысынан өлшесек бұл аз да емес, көп те емес. Кез-келген жалындаған азаматтың қалыптаса бастайтын жасы. Бүгінгі таңда «біз не ішеміз, не киеміз, қайда барамыз» деп бас қатырмаймыз. Өйткені демократиялық қоғамда барлық жағдай жасалып отыр. Біз небәрі отызға енді толған жас мемлекет болсақ та осы жылдар ішінде Азияның жолбарыстары, Еуроодақ елдері, әлемнің дамыған азулы, алпауыт елдері тамсанып, қызыға қарайтындай біраз ізгі істер атқардық.
Жалпақ әлемге ұлттық республикамызды бейбітшілікті сүйетін ел ретінде танытқан Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жеттік. Мұның бәрі бір күндік еңбектің емес, айлап, жылдап төгілген тер мен тынбай жұмсалған еңбектің арқасы. Тәуелсіздік бізге Отан, Жер, Тіл, Еркіндік берді. Қасиетті Тәуелсіздік арқылы туымыз бекітілді. Әнұранымыз шырқалды. Кеткеніміз қайта оралып, өшкеніміз жанды. Осынау сарабдал саясаты бар егемен елдің ертеңі енді болашақ ұрпағының иелігінде.
Мен тәрбиеші болып қызмет атқарамын. Балабақшада күн сайын балалармен өтетін тәрбие сағаттарында міндетті түрде тәуелсіздік туралы айтып өтеміз. Себебі, біздер ертеңгі еліміздің тізгінін ұстайтын, халыққа қызмет көрсететін, жастарды тәрбиелейміз. Сол жастардың бойына жігерлілікті, терең білімді, ұлтжандылықты ұялатудың алғашқы іргетасы балабақшадан қаланады. Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс.
Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса – ол елдің еңсесі де биік болады. Өршіл, намысшыл жас отаншыл патриот келеді, халқына, өз ұлтына адал қызмет етуге ұмтылады. «Елім» дейтін ұрпақ өсірсек, еңбектің еш кетпегені болар. Сонда ғана мәртебеміз асқақ, бақытымыз баянды болмақ. Қаймағы бұзылмаған қалың қазақ елінің даңқы әлемді шарлап, көк байрағымыз биіктен көріне берсін. Қолдағы бақты бағалай білейік. Тәуелсіздік – тәңірдің бізге берген тәтті сыйы. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
Гүлжан Айжанқызы БЕЙСЕНОВА,
№2 “Батыр” балабақшасының тәрбиешісі,
Нұр-Сұлтан қаласы