Сабақты зерттеу: Мұғалімнің кәсіби шеберлігі
«Ойлау оңай, әрекет қиын, ал ойды әрекетке айналдырған қиынның қиыны», – дейді Иоганн Гете. Сабақты зерттеу – мұғалімнің кәсіби мүмкіндіктерін жетілдіруге, зерттеу дағдыларын дамытуға бағытталған үдеріс. Қазіргі таңда сапалы білім беруге жоғары талаптар қойылуда. Солардың бірі – мұғалімдердің зерттеумен айналысуы.
Өйткені, мектептің әр күні көптеген ғылыми жаңалықтарға, терең әлеуметтік өзгерістерге толы. Форс-мажор жағдайында орын алған қашықтан оқытуды жалпы білім беру жүйесінде өмір бойы білім берудің ажырамас бөлігі ретінде қарастыруымыз керек.Сондықтан қашықтан оқыту аясында да «Сабақ үстіндегі зерттеу» үдерісімен үздіксіз жұмыс жалғасын табуда. Біздің білім ордасы сабақты зерттеу үдерісін мектепті дамыту жоспарының басым бағыттарының бірі ретінде енгізіп, жобалық қызмет, сабақты зерттеу, мектеп көшбасшылығы мен басқару желілік қоғамдастық қызметі арқылы мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін жетілдіруде.
Жапондық сабақты зерттеудің үш сценарийі бойынша: «Мұғалімдердің бақылау дағдыларын дамыту», «Оқыту мен оқуды жақсарту» кезеңдерінен өтіп, қазіргі таңда «Мектеп мәдениетін дамыту», яғни барлық мұғалімдер бірге жұмыс жасап, бірыңғай зерттеу тақырыбымен зерттеу жүргізілуде. «Тапсырма орындау барысында оқу сауаттылығының маңызы». «Оқушының білім-білік дағдысының дамуына оқу сауатылығының ықпалы қандай?» зерттеу сұрағы бойынша мектептің бірыңғай өзекті мәселесімен ұжым сабақты зерттеумен толыққанды айналысуда.
Зерттеудегі мұғалімдер әр сабағын зерттеу лабораториясына айналдырып, туындаған кедергілерді шешуге бірлесе ұмтылып, өз тәжірибесін жақсарту мақсатында жүйелі жұмыс атқаруда. Бүгінде мектепте «Теңбе-тең» қағидасы арқылы мұғалімдердің бірлескен оқу ортасы қалыптасып, жобалық және зерттеушілік жұмыстар мен мектептің әдістемелік актив жұмысының аясы кеңейе түсуде. Облыс орталығындағы білім шаңырақтарының сабақты зерттеу бойынша тірек мектебі ретінде бірнеше магниттік мектептерімен желілік қоғамдастық орнатылды.
Әріптестерімізге қолдау көрсете отырып, іс-тәжірибемен алмасу, тәжірибені бейімдеуге арналған алаңдар құру, әдістемелік топтамалар әзірлеу мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Тірек мектептің сайты, блогі, ресурстық порталы арқылы үнемі ақпаратттық-әдістемелік алмасу жолға қойылған. Қаладағы серіктес мектептермен педагогикалық шеберлік орталығының тренерлері, облыстық әдістеме орталығының мамандарымен бірлесе өткізген іс – шараларда қашықтан оқыту кезінде сабақты зерттеудің оңтайлы әдіс- тәсілдерімен бөлісіп, вебинар, диалог алаңы жүргізіліп, әдістемелік сүйемелдеу көрсетілуде. Қазақстандағы жетекші мектептердің жобасы аясында сабақты зерттеу – мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттырудың трендтіне айналмақ.
Гульжанар Медегалиевна ЕСПАНОВА,
№28 IT мектеп-лицейінің директоры,
Алматы облысының Талдықорған қаласы