Қызық сыйлаған мәртебелі мекен
Бала – басты байлығымыз,
Ал ең асылымыз оның тәрбиесі, – дейді ойшыл бабамыз Жүсіп Баласағұн. Республикалық мәртебесі бар біздің оқу-сауықтыру орталығы құрылғалы бергі он сегіз жылда еліміздің білім кеңістігінен лайықты орынға ие бола білді. «Балдәурен» – балалар өмірінің қауіпсіздігі мен сенімдігінің аралы. Орталықтың әлеуметтік маңызы сөзсіз.

Біз балаларды белсенді азаматтық ұстанымға, олардың шығармашылық қабілеттерін ашып, жеке тұлға ретінде қалыптасуына, өмірдегі өз орнын дұрыс таңдауына көмектесеміз. Орталық тұрғындарының жасы сол балалық балғын шағында қалады. Балалар орталық жүйесінің тәрбиелік құндылығы – оқу, ойын, еңбек, таным, өнер, мәдениет және басқалары арқылы жасөспірімдердің жағымды сезімдерін дамыту, денсаулықтарын нығайту, қабілеттерін ашу.
Мемелекеттік тұлғаға көңіл аударуы, оны негізгі шығармашылық құндылық ретінде тануы жасөспірімдерді оқыту және тәрбиелеудің өзектілігін көрсетеді, өйткені олар біздің тәуелсіз мемлекетіміздің болашағы. Биылғы ақпан айының 23-і мен наурыздың 14-і аралығында «Baldauren ArtMagic» шығармашылық аймағы» балалар шығармашылығының республикалық байқауы бойынша үшінші ауысымды ұйымдастырудамыз. Қатысушылары жас суретшілер, дизайнерлер, мүсіншілер, фотографтар, сәндік – қолданбалы өнер, ландшафтық дизайн бойынша халықаралық, республикалық және облыстық сайыстардың жеңімпаздары.

Басты мақсат оқушылардың қызығушылықтары мен пайымын дамыту, рухани-адамгершілік құндылықтарды байыту, танымдық қызығушылықтарын қанағаттандыру. Осы ауысым барысында білім кешенінің мұғалімдері «Дарабоз» атты бекет ойынын өткізді. «Дарабоз» сөзінің о бастағы түбіріне үңілетін болсақ дара деген сөз шығады. Яғни барлығынан биік, мықты, ақылды деген мағына береді. Негізгі ұстаным: оқушылардың патриоттық сезімін, қазақ халқының салт-дәстүрі мен мұрасына деген құрметтерін қалыптастыру.
Ойын «Ұлттық оюлар», «Жұпты тап», «Асық», «Мені түсін», «Анаграмма», «Досыма хат», «Полиглот, «Сұрақ-жауап», «Ойлан-тап», «Жұлдызды сәт» сынды 12 бекеттен құрылды. Бұл ойында бақ сынаушы үміткерлер шапшаңдық, жылдамдықпен қатар, зияткерлік ойларын шыңдап, шығармашылық қабілеттерін көрсете алды. «Балдәурендегі» әр ауысым – бұл тәрбиелік үрдістің жаңа бір беті, педагогтардың кәсіби және жеке өсуінің баспалдағы болып табылады. Ауысымды ұйымдастыру және өткізу – бұл орталықтың әр қызметкерінің зияткерлік, шығармашылық қорынның қатысуымен орындалатын, өте қиын көп жоспарлы үрдісінің бірегейі санатында.
Гульнара ДАУЛЕНОВА,
“Балдәурен” республикалық оқу
сауықтыру орталығының қазақ
тілі мен әдебиет пәні мұғалімі