Жаңартылған білімнің тәжірибе алмасу сағаттары
Жаңа ғасырдың қарқынды ілгерілеу ырғағына қатар ілесу үшін, оқушылардың өз бетінше оқу дағдыларын дамыту аса маңызды. Осы орайда, тәжірибемізге енген жаңартылған білім беру үдерісінің соның ішінде бастауыш сыныптарда барлық пәндер үшін қарым – қатынас жасау дағдылары – оқылым, айтылым және тыңдалымды қалыптастыруда жас ұрпақтың ұлттық дүниетанымын әлемдік мәдени құндылықтармен жетілдіруге және ұлттық құндылықтарды сақтай білуге талапқа сай жаңаша ізденіспен жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан біздің білім ордасындағы «Балауса» бастауыш сынып бірлестігінің жұмысы бір төбе.
Бірлестіктің білім мазмұны мен оқытудың әдіс – тәсілдерін жаңарту арқылы білім сапасын арттыру мақсатында «Білім негізі – бастауышта» атты әдістемелік апталығы өтті. Апталықта әр мұғалімнің бір –бір ашық сабағы мен сыныптан тыс түрлі тақырыптық, танымдық шараларына куә болдық. Жыл сайын жаңадан жаңаны тауып ізденетін ұстаздарымыз бұл жолы да бастауыш сынып оқушыларының ерекшелігіне сай ертегі әлемінің кейіпкерлерімен тосын сый ретінде «Бастауышым – бастамам» атты шағын қойылыммен апталықты ашты.
Ханның уәзірлері жар салып, «Балауса» патшалығына шақыру жасап, осыдан бұрын ұйымдастырылған «Шеберлік» әдістемелік апталығы соңында ханшайымын жоғалтқан ханзаданың жарлығын оқиды. Осыған орай ұйымдастырылған бал кешіне «Бастауыш» елінен келген «сауат ашу», «ана тілі», «математика», «дүниетану», «музыка», «қазақ тілі», «дене шынықтыру», «жаратылыстану» пәндерінің елшілері өз пәндерінің ерекшелігін жұптасып жарнамалады.
Бірлестік жетекшісі У. Айтпукешева апталық барысында өтетін мазмұнды шараларды таныстырып, бастауыш сыныптары үшін әр сынып бағытына қарай жасақталған түрлі логикалық есептеулер, жағдаяттардан шығу бұрыштары мен әр пән бойынша қызықты тапсырмалардың көрмесін ашып, орындау шарттарын хабарлады. Үзілістерде өтетін ұлттық ойындардың өту кестесі жарнамаланды. Сондай-ақ, апталық соңында жоғалған ханшайымды тапқан «тапқышбектің» олжалы болатынын және ол үшін әр оқушының апталыққа белсенділік танытуын тапсырды.
Сыныптан тыс уақытта аптаның әр күні жеке тақырыптық айдармен өтті. «Спорт – денсаулық кепілі» күні сыныптар арасында көңілді спорттық сайыс, «Ұлттық ойындар» күні биылғы жылдың атаулы күндері мен ұлы тұлғалардың мерейтойларына арналған тақырыптық бәйгесімен озса, «Ойна да ойла, қызықтан қалма!» интеллектуалдық ойын күні әр түрлі тақырыптық таным сағаты болды. Сондай-ақ, «Менің балам!» атты отбасы күні аналар мен балалар сайысы ата-аналардың бала тәрбиесіне қатысты ойын біріктіретін тамаша кеш көрінісі болды.
Тәжірибе алмасу бағытында өткен ашық сабақтарда 4-сынып мұғалімі У. Айтпукешеваның математика пәнінен «Бөлшектер» пысықтау сабағы оқушының өз пайымын жасауға, өзіндік дәлелін сенімді жеткізуге, құзырлылық танытатын оқушы ретінде қалыптасуына, оқушының зияткерлік мүмкіндіктерін шыңдап, бәсекеге қабілеттілігін ұштайтын және оқу мақсатына қол жеткізуде критериалды бағалау жүйесі нақты жүргізілген сабақ болды. Оқушының берілген жұмысты қаншалықты орындағанын бағалайтын тұжырымы – дискрипторды білім алушылардың өздері жақсы түсінгені жұмыстарынан көрінді.
Қазақ тілінен 3-сыныпта өткен «Болымды, болымсыз етістік» тақырыбындағы сабағында Г. Кабетенова жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес оқушылардың білім алуға белсенділігін арттыруда педагогикалық тәсілдерді тиімді қолданған. «Ашық микрофон», «Пісте», «Математикалық карта» әдістері арқылы оқушының құзіреттілік деңгейін бағалауға мүмкіндік беретін тапсырмалар беріп, критериалды бағалауды мақсатқа сай ойластырған.
Күтілетін нәтижеге жетудегі кері байланыста оқушылар нақты жауап, пікір бере білді. Екінші сынып мұғалімі Ж.Мукатованың математикадан «Теңдеудің күрделірек түрі және оларды шешу» тақырыбындағы өткізген сабағында топтық, жұптық ұжымдық жұмыстарда деңгейлік тапсырмалармен қатар ізденіс және шығармашылық тапсырмалары берілді. «Көшбасшылар және тыңдаушылар» әдісі арқылы күрделі теңдеуді жай теңдеуге айналдыруда есептер шығарылып, оқушыны сыни ойлауға жетелейтін сұрақтар берілді.
Сабақ кезеңдерінің тапсырмалары ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге бағытталды және тапсырмалар наурыз мерекесіне қатысты тақырыппен жан-жақты байланыстырылды. Ал 1-сынып мұғалімі А. Бисюкованың математика пәнінен «Белгісіз азайғышы бар теңдеуді шешу» сабағы оқу материалының мазмұны оқушының деңгейіне сәйкес құрылған, сабақ кезеңдері бір – бірімен жалғасын тапқан, заманауи әдістер ұтымды қолданылған сабақ болды. Сабақта мұғалім мен оқушының қарым – қатынасы маңыздылығы ескерілген, мұғалім тұлғаның адамгершілік жағынан қалыптасуына да ерекше мән берген.
Мектепалды даярлық сыныбында сауат ашу пәнінен өткен А. Сейткалиеваның «Ж дыбысы мен әрпі» ұйымдастырылған оқу қызметі тіл дыбыстарын естіп, қабылдауға, сөз ішінен тауып, жеке сөздер келтіріп айтуға және суретті кітаптардан берілген ақпараттарды табуға бағытталып, жас ерекшеліктеріне сай қызықты ұйымдастырылды. Сондай-ақ, «Балбөбек» шағын орталығының тәрбиешісі Б.Тукабаеваның өткізген «Түрлі түсті сурет әлемі» шеберлік сыныбында тәрбиеленушілерге түстерді айыра білуге, суретті бояуға деген қызығушылығын арттыратын әдістер жақсы жоспарланған.
Апталық басында жоғалған ханшайымның табылғанына жиналған патшалық тойы «Білім негізі – бастауышта» атты қорытынды концертімен тәмам болды. Бірлестіктің тәжірибелі ұстаздары Г.Кабетенова мен Ж.Мукатова бірі патша, бірі патшайымы болып, оқушылар әр түрлі ертегі кейіпкерлерінің рөлдерін сомдаған тартымды әдеби кешпен өрбіді. Кеш барысында ханшайымды іздеуге топ болып атсалысқан, оздырылған шараларға белсене қатысқан, байқау жүлдесін алған оқушыларға ханзаданың сыйлығы мен марапаттарын беру үшін сөз кезегі мектеп басшысы Мукатов Ринат Геннадиевичке табысталды.
«Егер сен болашақтағы жақсы істі байқағың келсе, сол өзгерісті уақытында жаса» деген ілімді негізге ала отырып, оқушы бойындағы қабілетті жетілдіретін бірлестік мұғалімдерінің жақсы істерін тарқатып, білімнің биік шыңдарын бағындыратын талапты шәкірттердің қарымды жеңістерін атап, оқушыларға үлкен сенім артты. Әдістемелік бірлестіктің кері байланысы «Жаңартылған білім – жаңаша дамудың кепілі» семинар-тренингімен және қатысушы мұғалімдердің пікір, ұсынбаларымен аяқталды. Бұл бастауыш сынып пәндері бойынша білім беруді жаңарту және критериалды бағалау жүйесін енгізу тұрғысынан педагогтардың жауапкершілікті түсіну мен олардың кәсіби деңгейіне, педагогикалық шеберлігін жетілдіруде және білім беру үрдісіндегі көптеген мәселелерді тәжірибемен көрсетуге қосқан зор үлесі деп білеміз.
Райхан Амантаевна ГИЗЗАТОВА,
Е.Ниетқалиев атындағы мектеп директорының
оқу ісі жөніндегі орынбасары,
Ұлболсын Жоламановна АЙТПУКЕШЕВА,
“Балауса” ӘБ-нің жетекшісі, бастауыш
сынып мұғалімі, Батыс Қазақстан
облысының Жәнібек ауданы