Тарихтан тағылым алсақ

Халқымыздың ғасыр бойы бұрмаланып келген тарихын тәуелсіз еліміздің мүддесі тұрғысынан қайта қарап, жұртымыздың шынайы тарихын жазып жатқан шақта песпубоика аумағындағы алуан түрлі археологиялық, тарихи және мәдени ескерткіштерді зерттеудің маңыздылығы арта бермек.

Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарнамалық мақаласында жалпыұлттық қасиетті мекендер ұғымының маңыздылығын атап өткен болатын. «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз, әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейліктің басты элементтерінің бірі», – деп «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» аталатын жаңа жобаның қолға алынатындығы туралы айтқан еді.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» және «Туған жер» жобаларының міндеттері: мәдени-географиялық белдеудің рөлі мен оған енетін орындар туралы әрбір қазақстандықтың білуі, білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізу, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіру болып табылады. Осы орайда біздің білім ордасының ұстаздары мен оқушылары еліміздің түкпір-түкпіріндегі тарихи жерлерге экспедиция жасауды жолға қойып отыр. 2019 жылы «Алаш ұрпақтары» экспедициясы өзінің жұмысын тарихы тұнған оңтүстік өңірден бастады.

Шымкент шаһарындағы мұражайларда, киелі Түркістан өңіріндегі Арыстан Баб, Қожа Ахмет Йассауи кесенелерінде болып, тарихымыздағы ұлы тұлғалар мен хандарымызға тағзым етті. Қазақстанның әр аймағында сақталған кесенелер мен мазарлар халықтың ұлы ғұламаларға деген ізетін, құрметін айғақтайды. Мазар орналасқан жерлерді киелі санап, оларға зиярат ету үрдісі – қазақ мұсылмандығының бір көрінісі. Оқушылар халық арасында жиі айтылатын Қожа Ахмет Ясауидің әулиелік кереметтері жайлы аңыздарды естіді.

XV ғасырдың аяғында кесене кешенді пантеонға айналып, әйгілі ғұламалар, хандар мен ақсүйектер жерленген. Тарихи деректер бойынша мұнда қазақтың оннан аса ханы, жиырмаға тарта сұлтаны, атақты би шешендер, батырлар, халық қадір тұтқан тұлғалар жерленген. Осынау ұлы тарихи жерлерді өз көзімен көрген оқушылардың алған әсері өте керемет болды. Олар туған тарихына, мәдениетіне және дәстүріне деген қызығушылықтары мен сүйіспеншіліктері одан сайын артып, болашақта әрі қарай асқан ықылас, ынтамен зерттеу жұмыстарын жалғастыратынын атап айтты.

Болашақта экспедиция өз жұмысын ұлы Абайдың туған жері Семей өңіріне, сонымен қатар Тараз қаласына, Орталық өңірдегі Ұлытау жеріне және киелі Маңғыстау өлкесі сынды тарихи жерлерге ат басын тіремек. Аталмыш экспедициялар шәкірттеріміздің бойындағы ұлттық рухтың жандануына, өз туған тарихын құрметтеуге үйретіп, патриоттық тәрбие беруде үлкен рөл атқарады деп сенемін.

Әсел Қоянбайқызы БИМЫКОВА,
№27 мектеп-лицейінің тарих және
құқық пәні мұғалімі, Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий