Алғашқы ұстаз әрдайым алдыңғы орында

Теректі ауданы – отыз ұлттың баласы «атамекенім» деген құтты мекен. Сонау өткен он тоғызыншы ғасырдың ортасынан басталып, және жиырмасыншы ғасырдың басына дейін ұзақ уақытқа созылған ресейлік патшаның құнарлы жеріміздің көлемді бөлігін иеленулері арқылы қазақты шетке тықсырған кезде «қара шекпен» – украин, орыстар небір шұрайлы мекендерімізді жаулық ниетпен басып алғаны баршамызға белгілі. Одан беріде, «тың және тыңайған жерлерді игеру» деген науқанмен тағы да басқа ұлттар келіп қоныстанды. Тарихқа тереңдемей-ақ, бір сөзбен қайырсақ, біздің ауданның солтүстік бөлігіндегі ауылдар әбден «орыстанды».

Жүре келе, қазақ тілінде оқытатын мектеп те болмай қалды. Тап сондай жағдай Подстепное ауылында да болған еді. Кеңес үкіметінің дәуірлеп тұрған кезінде «бала орысша білмесе, аштан қалады» деген ата-ана жаппай баланы орыс мектептерінде оқытты. 1984 жылы іске қосылғанда Подстепное орта мектебі де тек орыс тілінде ғана білім беретін еді. «Қайта құру» лебі есіп тұрған 1990 жылы Подстепноеда қазақ баласының қазақ тілінде білім алуына осы ауылдың тұрғыны, балалар дәрігері Қанат Ғаббасов ұйытқы болған көрінеді.

Сол кездегі мектеп директоры Иван Васильевич Клещовке келіп жолыққан Қанат Зейноллаұлы балаларға сабақ беретін мұғалімді де өзі ұсынады. Сөйтіп, Подстепное орта мектебінде алғаш ашылған қазақ сыныбына ұстаздық етуге Гүлзада Жүнісова кірісті. Алғашқы қазақ сыныбына небәрі 18 ғана бала жиналды. Сол саны жиырмаға да жетпеген баланы жинап алу үшін қанша ата-ананы үгіттеп, ана тілінде білім алуды насихаттау жүргізілгенін қазір айтып берсе, бөлек бір хикая болатын шығар.

– Мен үшін сол 1990 жылғы қыркүйек айының бірі – өмірімдегі ең бір ұмытылмас сәт. Екі-үш жылдық қана ұстаздық тәжірибесі бар мен үшін жаңа жерде, жаңа істі қолға алу оңай болмағаны рас. Сол алғашқы сыныпқа жиналған балалардың дені балабақшада орысша тәрбиеленген, орыс тілді ортадан келгендер еді. Тілін сындырып, ана тіліне жатықтыру көп қиындық әкелді. Жұмысқа кіріспес бұрын тәжірибелі ұстаздардан алған жиғаным, «Бастауыш мектеп» журналынан алғаным өзіме азық болды. Алғашында қазақ сыныбына оқулықтар, көрнекі құралдар да жетіспеген кез болды.

Л.Сүлейменова, Б.Кереев, Ә.Қуанышәлиева, З.Жүгінісова, Н.Бекбауова сынды түсінігі мол ата-аналар үлкен қолдау көрсетті. Олар мектепке жиі келіп, жұмысқа жұмыла кірісіп кететін. Жалпы, алғашқы қазақ сыныбының ата-аналары өте ұйымшыл болды. Ауылда ең алғашқы Наурыз тойын да ұйымдастырдық. Қазіргі жыл сайын ауылда дүрілдеп өтетін жыл басы саналатын ұлық мерекенің алғашқы «қарылғаштары» біздер десек, артық айтқаным емес.  Ата-аналар сабаққа да жиі қатысып, баласының ана тілінде оқып,  үйреніп жатқанына көңілдері толып отыратын.

Мерекелік, тәрбиелік іс-шараларға да белсене қатысып жүрдік. Әйтеуір, 1990-1991 оқу жылын толық құрамда, 18 бала нәтижелі аяқтап шықтық. Дегенмен, бастауыш сыныптан әрі қарай оқыта аламыз ба, төртінші сыныптан соң орта буын сатысында сабақ беретін пәндік мұғалімдер болар ма екен деген сауал ата-аналарды да, ұстаздарды да қобалжытты. Жолымыз болып, мектеп директоры Альфия Потапова пәндік мұғалімдерді жинақтап алды. Сөйтіп, 18 баламен басталған қазақ сыныбы қанат жайып, діңгегін бекітті,- дейді сол қызықты да қым-қуат кезді еске алған Гүлзада Тыныштыбайқызы.

Қарапайым, өзі жайлы мақтана айтуды білмейтін, мықты ұстаз  жайында айтып беру үшін, ол кісінің өзі жазған өмір дерегімен таныстық. Гүлзада Жүнісова сол кезде Орал облысы деп аталған өңіріміздің Чапаев (қазіргі Ақжайық) ауданы, Октябрь ауылында дүниеге келді. Әкесі Тыныштыбай Дуана ауылында мал дәрігері, анасы Жаңыл дүкенші болып, пошта байланысында қызмет еткен еңбекқор жандар. Жастайынан зеректігімен көзге іліккен Гүлзада Тыныштыбайқызы өз еңбек жолын мектеп бітірсімен бастады. Ұстаздық етуді арман еткен жас қыз 1983 жылы Дуана ауылындағы Ш.Онашев атындағы мектепте ұзартылған күн тобын жүргізді.

Келесі жылы Орал педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, 1987 жылы бастауыш кластар мұғалімі мамандығын алып шықты. Өз мектебіне оралып, бастауыш сыныптарға сабақ беріп жүрген жерінен Подстепное ауылына мекен ауыстырып, алғашқы қазақ сыныбының алғашқы ұстазы атанды. Ұстаздық ету тек білім беру ғана емес, өз білімін жетілдіру, шәкіртке үлгі болу екенін анық ұққан Гүлзада Тыныштыбайқызы еңбектен қол үзбей жүріп, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық институтынан бастауыш мектептің педагогикасы мен методикасы мамандығы бойынша жоғары білім алды.

1996 жылы Алматы қаласындағы Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми және педагогикалық кадрлар біліктілігін арттыратын республикалық институтта білімін көтеріп, куәлік  алып шықты. 2004 жылы Батыс Қазақстан педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтында бастауыш сынып бойынша білімін  жетілдірді. Қоғамдық жұмыстарда белсенді әрі ізденімпаз Гүлзада Тыныштыбайқызы әріптестері: «Ұстаз күнделікті жұмысына жауапкершілікпен қарайды.Әріптестері мен оқушылармен тығыз қарым- қатынаста болып, тез тіл табыса біледі. Мектепішілік іс-шараларға, қоғамдық жұмысқа белсене қатысады.

Мектеп әкімшілігі тарапынан берілген тапсырмаларға жауапкершілікпен қарап,  оларды  тиянақты  және  уақытында орындайды. Осы саладағы ісіне жауапкершілігі жоғары, мақсаты айқын. Жауапты ісіне ұқыпты. Ұстаз бастаған ісін соңына дейін тыңғылықты орындайды және өз ісінің сапалы болуына ерекше  көңіл бөледі. Өзінің жұмысын жақсы көретін, еңбекқор, адамгершілігі мол,  мұқият,  салмақты, әрбір баланың адамгершілік құндылықтарына құрметпен қарайтын ұстаз. Өз пәніне деген сүйіспеншілігін балаларға да  жеткізе алады. Өз білгенін әріптестеріне,  оқушыларға үйретуден аянбайды.

Сабақтары шығармашылықпен әрі жоспарланып өтеді. Бұны оқушылардың пәнге деген қызығушылығынан көруге болады. Білімі мен күш жігерін оқушылардың жан-жақты дамуына, салауатты өмір салтын ұстанып, дені сау ұрпақ болуына, ел мақтанышына айналуына жұмсайды. 2017 жылы «Тәжірибедегі рефлексия» жалпы білім беретін мектептердегі педагогика кадрларының кәсіби даму бағдарламасы бойынша мектеп тренерлерінің курсын аяқтап, сол жылы осы мектепте 18 мұғаліммен табысты курс жүргізді.  

Оқыған мұғалімдерге куәлік табыс етті. Шәкірттері облыстық, аудандық олимпиаданың жеңімпаздары. Өзі де талай байқаудан жүлде алып, алғыс пен марапатқа бөленіп жүр. Білім беру саласында шығармашылық жұмыстары мен тәуелсіз еліміздің болашақ  иелерін тәрбиелеуде  Гүлзада Тыныштыбайқызы ата-аналар мен оқушылар алдында зор құрметке ие ұстаз. Алдағы уақытта өз мамандығы бойынша жетістіктерге жетіп, сапалы білім беруде көптеген істерімен көрінері сөзсіз. Тәжірибелі, ұлағатты ұстазға сеніміміз мол» деген пікірлерін айтыпты.

Жастық па, әлде, тәуекелге бел байлағаным ба, 18 баланы жинап алып, балапандай тізіп, сыныпқа кіргенім әлі есімде. Еліміз тәуелсіздік алар жылы менің сол балапандарым өз ана тілінде сөйлеп, оқып-жазуға жаттығып шықты. Оған да, міне отыз жыл болған екен. Осы уақыт аралығында мен үшін алғашқы қоңырау соғылатын ерекше сәт ең айтулы мерекелік күн. Қазір Подстепный жалпы орта білім беретін мектебінде еңбек етемін. 2000 жылдан бері бастауыш сынып оқу ісінің меңгерушісі қызметіндемін. Тәуелсіз елімнің жас ұрпағын тәрбиелеп жүргенімді өзім мақтан тұтамын,- дейді риза көңілмен Гүлзада Тыныштыбайқызы.

Ұстаз – атауының мәртебелі мерейін жоғары ұстаған Гүлзада Жүнісованың тынымсыз еңбегін ұжымдастары, алдынан әріп таныған шәкірттері мен олардың ата-аналары  мақтан тұтады. Қызметі де елеулі. Әрісі 90-жылдары иесін тапқан марапаттарының ішінде отандық білім саласы министрлігінің, облыстық білім басқармасының Алғыс хаттары мен Құрмет грамотасынан басталатын марапаттар тізімін толық жариялағымыз келмеді. Себебі олардың арасындағы білім байқаулары мен түлі сайыстарда табысталған түрлі жүлделерінің өзі бір төбе. 

Әр сағатын білімін жетілдіруге, әр қадамын бала бойына сана мен білім қондыруға жұмсаған кейіпкерімізден білім алып, тағылымды тәрбиесін санасына сіңірген жүздеген шәкірттерін жинаса бір жерге жинаса кіші-гірім ауыл болары анық. Тәуелсіз мемлекетті баянды болашаққа бастайтын өскелең жас ұрпаққа мемлекеттік мәртебесі бар ана тілімізде – қазақша  оқытуы арқылы, елі мен жерін құрметтеуге қарым-қабіліті мен күш-жігерін жұмсаған Подстепное  ауылындағы алғашқы қазақ сыныбының алғашқы ұстазы атанған Гүлзада Тыныштыбайқызының ерен еңбек жолы осы. Мұғалім мамандығын таңдаған әрбір жасқа осындай ұмытылмайтын дара жол бұйырсын дейміз.

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА,
Теректі аудандық білім беру
бөлімінің баспасөз хатшысы,
Батыс Қазақстан облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий