Спортты сүйсең, менше сүй!

Бірінше байлық – денсаулық», «Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі» деп, халқымыз тектен -тек айтпаса керек. Бірақ, осы сөздің салмағын шынайы сезініп, түсінбейтін секілдіміз. Қазіргі кезде салауатты өмір салтын сақтау туралы көп айтылуда. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың барша отандастарымызға арнаған Жолдауларында салауаттылықты мемлекеттік деңгейде қолға алу керектігі көрсетілген. Десе де, осы салауатты өмір салты дегенді әркім әрқалай түсінеді.

Салауатты өмір салты дегеніміз – денсаулықты нығайту мен сақтау, ағзаның дұрыс дамуын қамтамасыз ететін гигиеналық ережелерді орындау. Денені шынықтыратын жаттығулармен шұғылдану, дұрыс тамақтану, демалыс уақыттарын тиімді пайдалана білу қажет. Ол үшін денсаулыққа жағымсыз әрекеттерден (нашақорлық, шылым шегу, ішімдік ішу, улы заттарға әуес болу) аулақ болу қажет. Салауатты өмір салтын сақтау сонысымен бағалы. Көне замандардағы ғұламалардың бірі Аристотель: «Жанды дене қозғалмаса, өледі» – деген екен.

Расында, керемет айтылған сөз. Міне, сол тұжырымдама біз үшін салауатты өмір сүрудің негізгі ілімі болуға тиіс. Салауатты өмір салтын ұстануда спорттың рөлі зор. Денсаулыққа тек дене шынықтыру арқылы қол жеткізілуге болады. Салауатты өмір салты – бұл ең әуелі денсаулықты сақтауға және нығайтуға бағытталған сауықтыру жолындағы белсенді іс-әрекет. Дене қозғалысы адам ағзасын дамытып, жұмыс істеу қабілетін арттырады, ауруды алыстатып, өмірді ұзартады. Денсаулық – адамға табиғаттың берген ең ұлы құндылығы.

Түрлі спорттық ойындар мен секцияларға қатысудың да артықтығы болмас еді. Сөйтіп, жан дүниемізді байытып шынықтырар едік. Адамның өмір салты өздігінен қалыптаспайды, ал салауатты өмір салты өмір сүру барысында мақсатты түрде қалыптасады. Дене тәрбиесі және салауатты өмір салтын қалыптастыру балалар мен жастарда өз денсаулығына жауапкершілік қатынас орнату дағдысына негізделген. Дұрыс дене дамуы мен ағзаның жұмыс қабілетін арттыруға, қозғалыс білік пен дағдыларын физикалық жетілдіруіне ықпал етеді, қоғамдық пайдалы еңбекке, өмірге, отан қорғауға жақсы даярлықты қамтамасыз етеді.

Тиімді кәсіби қызмет үшін функционалдық, әлеуметтік бейімделу және психикалық орнықтылықты қамтамасыз ететін тұлғалық қасиеттердің қалыптасуын іске асырады. Салауатты өмір салты ағза ерекшеліктері туралы білім жүйесін қалыптастырады. Біздің республикалық орталыққа демалуға келген балалардың да спортқа деген қызығушылықтарын арттырып, салауатты өмір салтын насихаттауға дене шынықтыру кешенінің ұстаздары барынша ат салысады. Таңғы жаттығудың әсерінен көтеріңкі көңіл күйде болған балалар жер жәннәті Бурабайға саяхат жасап, жасыл желек орман мен күміс көл жағасында саф  ауаны еркін жұтып, денсаулыққа пайдалы, әрі қызықты серуен құрады.

Бұл балалардың денсаулығына көп септігін тигізеді.  «Шынықсаң шымыр боласың» деген сөз текке айтылмаса керек. Денсаулығын қадағалап, дұрыс күтінген баланың дене бітімі ғана емес, ішкі организімі де ауруға, сырқатқа қарсы тұра алады. Болашақ жастардың қолында, сондықтанда бізге келген балаларға салауатты өмір салтына байланысты дұрыс бағдар беру-біздің басты міндетіміз. Сонымен қатар, орталығымызда әр ауысым сайын спорттық үйірмелерді де үзбей жүргізіліп отырады. Суда жүзу, ауыр атлет, футбол, үстел үсті ойындары. Ұлттық ойындарға да барынша ден қоямыз.

Балдәуренге келген әр баланың спортқа деген қызығушылығын арттырып, еліміздің болашақ мақтанышы болуға шақырамыз. Әр адамның алдына қояр мақсаты мен жеткен жетістігі болады. Біздің жетістігіміз «Спорт-денсаулық кепілі» деген қанатты сөзді жас ұрпақ санасына сіңіріп, спортпен тұрақты айналысуға барынша бейімдеу, түрлі ойындардың қыры мен сырын жан-жақты үйрету және қызығушылықтарын арттыру. Спортпен бірге болайық!!!

Рафхат ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ,
“Балдәурен” республикалық оқу
сауықтыру орталығының дене
шынықтыру пәні мұғалімі,

Ақмола облысының Бурабай ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий