Шәкірт деп соққан жүрегі…
… Осы бір жан туралы жазу көптен көкейімде жүрген еді. Адам үшін ерекше жақсы көретін жанның бұл өмірде жоқ екенін сезіну өте қиын. Әсіресе, бір нәрсеге қиналып, бөліскің келгенде… Біз көп жағдайда мұғалім деген сөзді оқытушы, үйретуші, тәрбиеші деген мағынада ғана түсінеміз. Мұғаліммен жан жақындығы, достық деген мағынаны ұластырсақ ше!? Мүмкін бүгінгі күндегі ата-аналар тарапынан, бөтен адамдар тарапынан, кейде тіпті өкінішке орай тәрбиеші, мұғалімдер тарапынан, балаға жасалып жатқан зорлық-зомбылық, суицид мәселесінің бір ұшығы сонда жатса ше?!
Қиындығы мен қызығы мол осы бір мамандықты таңдап, алғаш рет А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының табалдырығын аттаған күн кешегідей есімде. Ата-анамыздан, үйімізден алғаш алыстаған біз үшін мұғалімнің әр сөзі, қабағы, ықыласы ерекше рөл атқарғаны да жасырын емес. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен қабылдау емтиханын алып отырған қасқабас, қағылез ағай ерекше назарымды аударды. Қазақ тілі бойынша келісті келген ақ сары апайға (кейін білгеніміздей ол кісі Меруерт Жолдықайырова екен) жауап беріп болған соң, сөйлеу мәнері ерекше қасқабас ағайға Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өренім» өлеңі туралы айта бастадым.
Соңына дейін тыңдамастан, өлеңді жатқа сұрады. Оқып бердім. Көзін жұмып отырып тыңдады. Оқып болдым, көзін ашпайды ағай. Өзімді бір түрлі сезіндім «Тағы бірдеңе айт» деді көзін ашпай. «Не айтайын?» дедім. «Қай жақтансың?» деп сұрады. Көзі жұмулы. «Гурьевтенмін» дедім. «Онда Фаризаның бір өлеңін оқы» деді бұйырып. Фариза Оңғарсынованың «Туған жер» деген өлеңін оқыдым. Көзін ашты да «керексің, бар, жүре бер» деді. Ұлағатты ұстаз, әдебиетші – ғалым, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік Университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Серікқали Ғабдешұлы Шарабасовтың сол сөзі менің алдағы өміріме берілген жолдама болды.
Төрт жыл бойы жалғыз мен емес, топтың 30 студенті үшін әрі ұстаз, әрі ата-анадай болды. Психологиялық ілімге жүгінсек, психолог А. Бандураның әлеуметтік-когнитивті теориясы бойынша әр тұлғаның кемелденіп дамуы үшін тұлғалық жетістік жағдаятында болуы, қолдауды, мадақтауды естуі маңызды екен. Олай болса, Серікқали Ғабдешұлы әр студентіне «мықтым» деп сөйлейтін, «сен мықтысың ғой» деп шабыттандырып қоятын. Жаспыз ғой, сол кезде өзімізді кәдімгідей мықты сезінетініміз есімде. Әр түрлі конференцияларға қатыстыратын, сондайда дайындаған баяндамаға риза болса «өзің данышпан екенсің ғой» дейтін.
«Әй мықты, соңғы кезде тым жүдеусің, үйге келіп кетші, ертең ас саламыз» дейтін әзіл-шынын араластырып. Үйіне барғанда да кез келген студентпен өзін тең ұстайтын. Біздің университеттің филология факультетін бітірген кешегі студенттердің, бүгінгі мұғалімдердің ең болмаса бір рет Серікқали Ғабдешұлы туралы айтқан жағымсыз пікірін естімеппін. Ұстаз өмірден өткенде студент қыздардың университеттен үйіне дейін жоқтау айтып шығарып салғанын көргенде осы бір жанның ерекшелігіне тағы бір көз жеткіздім.
Батыс Қазақстан облысындағы Жаңақала ауданының тумасы орта мектепті үздік бітіріп, 1964 ж. Орал педагогикалық институтының тарих, филиология факультетін бітіреді. 1972 жылы облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтына қазақ тілі мен әдебиеті кабинетінің меңгерушісі қызметіне шақырылды. 1975 жылы А.Пушкин атындағы Орал педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушысы ретінде жұмысқа орналасып, бүкіл ғұмырын осы байырғы оқу орнымен байланыстырды.
1981 жылы ҚазМУ-дың аспирантурасын бітіріп, академик Зейнолла Қабдоловтың жетекшілігімен «60–80 жылдардағы қазақ әңгімелеріндегі характер проблемалары» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, аға ғылыми қызметкер болып білім жетілдірді. Кейін Бүкіл Ресейлік аттестациялық кеңес шешімімен доцент ғалым дәрежесі берілді. 1982 жылдан бері Орал педагогикалық институты мен қазіргі М.Өтемісов атындағы БҚМУ-да түрлі деңгейдегі басшылық қызметтерді атқарып, соның ішінде сырттай оқу бөлімінің проректоры, филология факультетінің деканы болды.
Осы қызметтердің қай-қайсысында да ол білгір маман, өз ісінің шебері, әр іске аса жауапкершілікпен қарайтын алғыр жетекші ретінде танылды. Осындай ерен еңбегінің арқасында С. Шарабасов «Еңбектегі ерлігі үшін», «Тіл жанашыры», «ҚР Конституциясына 10 жыл» медальдарымен, «ҚазССР оқу ісінің үздігі», «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен және бірнеше алғыс хатпен марапатталған. Ғалым-ұстаз «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының төрағасы, Қадыр Мырза Әли қоғамдық қорының құрылтайшы-мүшесі, республикалық ақындар айтысы, Абай, Мұқағали, Қадыр оқулары, облыстық қазақ тілі мен әдебиеті олимпиадаларының бірнеше мәрте төрағасы ретінде өңірдің рухани өміріне белсене араласа білді.
Осы тұста аса ұқыптылықпен әділ шешім айта білетін қоғам қайраткері тұрғысында танылды. Ғалым Ғабдешұлының екі монографиясы, 100-ден астам ғылыми мақалалары жарық көрді. Педагог-ғалымның филология ғылымы саласында көптеген еңбектері мерзімді газет-журнал беттерінде, арнайы шығарылған конференция материалдарында жарияланған. Серікқали Шарабасов төрт дүркін академиялық топ тәрбиеледі.
Ол басқаратын академик Қажым Жұмалиев атындағы әдеби бірлестік Р.Мұқанбетқалиева, Қ.Демеубергенов, Б.Баймұқанова, М.Қосымбаев, Ғ.Сейтақов, Ж.Болтанова, Н.Кәрімоваларды тәрбиелеп шығарды. Аталмыш оқу орнының филология факультетін бітіргендердің бәрі өздерін «Шарабасовтың шекпенінен шыққандармыз» деп есептейді. Мен де сол үрдіспен мұғалімдер күнінде барып ағайды құттықтаушы едім.
«Әй данышпан, келдің бе» деп құшағын жайып қарсы алатын. Таулар алыстаған сайын даралана, биіктей түсетіні ақиқат. Ақжайықтың жағасында орналасқан, талайлардың талантын ашып, қиялға қанат қақтырған М.Өтемісұлы атындағы осы бір оқу ордасының 4-қабатына көтерілген сайын ешкімге ұқсамайтын, жағынуды білмейтін, пенде болып дүние-мүлікке қызықпайтын, атақ үшін арын сатпаған Серікқали Шарабасовтың даусы құлағыма келеді, маңдайы жарқыраған қалпында ұзын дәліздің бойымен солдаттай аяғын нық басып келе жатқандай көрінеді. . .
Серікқали Ғабдешұлынының атында қазіргі кезде облыстың орталығында үлкен көше бар. Шәкірттері жыл сайын еске алып, түрлі шаралар өткізіп жүр. Жары Әспет апамыз, қос ұлы Жайық пен Еділ ағамыздың өнегелі жолын жалғастырып, түтінін түтетуде. Нарынның нар ұлдарының бірі Ғайсағали Сейтақ ақынның танымал өлеңіндегі мына бір жолдар Серікқали Ғабдешұлы Шарабасовтың бүкіл болмысын айғақтап тұрғандай:
Күн сайын тиістісіз түлеуге, аға,
Керек қой «шілпіктерге» тіреу дара.
. . .Қайыққа көппен бірге сыймайтұғын
Жайықта Шарабасов біреу ғана!
Софья Салахиденқызы ІЗМҰХАНБЕТОВА,
“Өрлеу” БАҰО” АҚ “БҚО ПҚБАИ” директоры,
п.ғ.к, Орал қаласы