Көркем еңбек пәні бойынша сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастырудың тиімділігі
Сыныптан тыс жұмыс – бұл оқу бағдарламасына енбейтін, сыныптан тыс мезгілде өткізілетін іс-шаралар. Оның жоспарлануында және ұйымдастырылуында анықтаушы рөлді ұстаз атқарады. Сыныптан тыс жұмыстар не үшін қажет? Қажеттілігі, өте маңызды. Бұған мысал: оқу бағдарламасы бойынша сабақ барысында алған білімдерін сыныптан тыс жұмыстар арқылы кеңейту және тереңдету және нашар оқитын оқушылардың қызығушылығын ояту, білімін түзетуге мүмкіндік береді.
Оқушылардың әр түрлі қызығушылығын қанағаттандыратын және өз еркімен таңдап қатысатын үйірмелер, қосымша сабақтар, секциялар және тағы да басқалар жатады. Демек, оқушылардың сабақта алған білімдері сыныптан тыс жұмыстарда қолданылады және бекітіледі. Сыныптан тыс жұмысы барлық пәндер бойынша жүргізілуі тиіс. Соның ішінде, қазіргі таңдағы бастауыш және негізгі мектептің мазмұнын жаңарту аясында «Бейнелеу өнері» мен «Еңбекке баулу» және негізгі мектептегі «Технология» пәндерінің кіріктірілген «Көркем еңбек» пәні оқушыларды тек еңбекке ғана баулымай, балалардың шығармашылық қабілеттерін, кеңістік-образдық ойлауын, рухани-адамгершілік құндылықтарын, қоршаған ортаны эстетикалық, эмоционалдық түрде қабылдауларын, шығармашылық қабілеттерін қалыптастыруға бағытталған.
Жаңартылған пән мазмұны білім алушының түрлі өнер салалары бойынша көркем білімдер мен дағдыларды қалыптастыру, көркемдік қабілеттерін, кеңістікті көру арқылы қабылдауларын, елесті, есте сақтау, зейін мен қиялды дамытуға негіз болып табылады. Оқыту процесінде оқушылардың білім, білік, дағдыларын бағалау оның аса қажет құрамдас бір бөлігі болып есептеледі. «Көркем еңбек» пәнінен сыныптан тыс жұмыстардың негізгі ерекшеліктері: оқушыларға эстетикалық тәрбие беру мүмкіндіктері; бұл жұмыстардың еріктілік қағида негізінде құрылуы; оқушылардың өз бетінше, өздігінен жұмыс істеуге, бақылап зерттеуге қажетті дағдылармен қарулануы; оқушылардың еңбекке бейімділігі мен бүкіл танымдық мүддесінің артуы; баланың өнерге, өнер туындыларына деген ыстық ықыластары мен қызығушылықтарын арттыруы; жас шамасы әр түрлі оқушыларды қамтитындығы; көркем еңбек пәнінен сыныптан тыс жұмыстардың формалары мен әдістерінің сан алуандығы.
Сыныптан тыс жұмыстарды көбірек үйымдастырудың тиімділігі: оқудан тыс әртарапты әрекет баланың сабақта мүмкін болмайтын жан – жақты дара қабілетін ашуға ықпал етеді; сыныптан тыс әр түрлі жұмыстардың түрімен айналысу баланың жеке әлеуметтік тәжірибесін жандандырып, жетілдіреді, оның адамзат құндылықтарына негізделген білімдерін байытып, қажетті практикалық іскерлігі мен дағдысын қалыптастырады; сыныптан тыс түрлі жұмысы оқушыларда әрекеттің әртүріне қатысты қызығушылығының дамуына, оған белсенді қатысуға деген құлшынысын тәрбиелеуге нәтижелі ықпал етеді.
Егер де балада еңбекке деген тұрақты қызығушылық және белгілі бір практикалық дағды қалыптасқан болса, онда ол өз бетінше тапсырманы нәтижелі орындауды қамтамасыз ете алады; сыныптан тыс әртүрлі жұмыстардың формасы тек қана баланың өзіндік дара қабілетін ашуға ықпал етпейді, сонымен бірге оқушылар ұжымында өмір сүруге үйретеді. Яғни, оқу, еңбек әрекеттерінде және қоғамдық пайдалы істерді атқаруда өзара ынтымақтастыққа, бір-біріне қамқор болуға, өзін басқа жолдастарының орнына қоя білуге тәрбиелейді.
Тіпті оқудан тыс әрекеттің қандай да бір түрі болмасын, танымдық, еңбек, қоғамдық пайдалы, оқушылардың өзара ынтымақтастық тәжірибесін белгілі бір салада байытады. Қорытындысында үлкен шығармышылық әлеуеті дамыған, эстетикалық көзқарасы қалыптасқан,әдемілікті көре,сезе білетін оқушыларды тәрбиелеу нәтижесіне қол жеткізуге ықпал етеді. Сонымен, «Көркем еңбек» пәні бойынша жүргізілетін сыныптан тыс жұмыстардың мазмұны пәннің мазмұнымен байланысты және оқушылардың қызығушылықтары мен қабілеттеріне қарай іріктеледі және де сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыруда жергілікті жердің ерекшелігі мен ұлттық ерекшеліктерді ескеру маңызды.
Жанзия Мажитқызы СЫРМАНАЕВА,
Темірбек Жүргенов атындағы №80 мектеп
гимназияның көркем еңбек пәні мұғалімі,
Қызылорда облысының Қармақшы
ауданындағы Төретам кенті