Жарқыра, жаса, жас маман!

Қазіргі таңда мұғалімнің шеберлігі мен жетістігі – сапалы білім және жақсы тәрбие алған шәкіртінде. Мұғалімнің сабақтағы қолданған әдістері оқушыға әсер етуіне қарай бағаланып, өз талабына сай орындалып отыруы тиіс. Осы мақсатта өздерінің еңбек жолын жаңадан бастаған жас мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсету – мектептегі маңызды жұмыстардың бірі. Адамзат тарихындағы жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиісті мамандықтың иесін таңдаған мұғалімдерді қолдау, қамқорлау үшін елімізде көптеген бағдарламалар бар.

Соның ішінде «Жас ұстаз» орталығы, «Жас мұғалімдер» клубы, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы, сондай-ақ, жас мұғалімдер отбасы үшін де көптеген жеңілдіктер қарастырылғаны баршамызға мәлім. Мектебімізде жас мұғалімдердің әлеуетінің артуына, шығармашылық дамуына тәжірибелі ұстаздардан тәлімгерлер тағайындалды. Негізгі мақсат – жаңадан бастаған оқытушылардың әдістемелік дағдыларын, үнемі өздігінен даму мен өздігінен жетілуде керек қажеттіліктерін, шығармашылық қызметінің жеке стилін қалыптастыруға жағдай жасауын, білім беру үдерісіне заманауи тәсілдер мен алдыңғы қатарлы педагогикалық технологияларды енгізуге және ақпараттық-әдіснамалық мәдениеті деңгейін арттыруға көмектесу.

Осы орайда, мектебіміздегі ұдайы ұйымдастырылып келе жатқан «Озат тәжірибе» мектебінің және әр бірлестіктің әдістемелік апталықтары да мектебіміздегі жаңа буын жас мамандардың тәжірибе алмасуына жасалған ігі істердің бірі  деп атауға да болады. Біздің білім ордасында жас педагогтің кәсіби өсуіне және шығармашылық дамуына жағдай жасауды жетілдіру мақсатында «Жарқыра, жаса, жас маман!» атты мектепішілік жас ұстаздар байқауы өтті. 

Сайысқа қатысушыларымыз өз мамандығы, оның өмірдегі орны мен қажеттілігі туралы «Мамандығым – мақтанышым» тақырыбында кәсіби сайыс бойынша, «Ізденісім – жемісімнің кепілі» атты өздерінің және шәкірт жетістіктері туралы байқау бойынша, сонымен қатар, «Ұстаз болу жүректің батырлығы…» эссе жазу және «Үздік сабақ» өткізу кезеңінде белгіленген сыныпқа ашық сабақ беру бөлімдерінен додаға түскен  болатын. «Жас маман – жақсы істің жаршысы», – демекші, жас буыннан білім алушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыратын жаңа серпілістерін және әрбір білім алушының ілгерілеуін қалыптастыратын жаңа әдіс-тәсілдерді қолдана алғанын көре алдық.   

Қорытынды бөлімде жас мамандарымызбен кәсіби өсудегі тәлімгер көмегі, қолдауы туралы және өткізілген «Жарқыра, жаса, жас маман!» атты байқауда қиыны, ұнағаны туралы ұсыныс-пікірлерімен, алған әсерлерімен ой бөлісіліп, кері байланыс жасалды. Сонымен қатар осы байқауға төрелік еткен әділқазы құрамындағы әділқазы төрағасы, мектеп директоры Мукатов Р.Г. және әділқазы мүшелері ОІЖО  Гиззатова Р.А., Идельбаева Х.К., Есенова Е.Х., Мамбеталиева Р.К., Бисюкова А.А. байқау қорытындысы туралы ойларын білдіріп, жалпы сараптама жасады.

Сәтті шыққан сабақтар, ұтымды қолданылған тың әдістер, жаңартылған білім беру мазмұнына сай сабақ құрылымындағы кейбір тұстарға бағыт беріп, еңбектеріне жақсы тілектер білдірді. Байқаудың марапаттау кезегінде әдістемелік бірлестік жетекшілері мен тәжірибелі ұстаздардың бағалы пікірлері мен жастарды қуаттайтын, жігерлендіретін ой лебіздері айтылып, лайықты орындары мен аталымдар бойынша дипломдары табысталды. Айта кетсек, олар «Заңғар» әдістемелік бірлестігінің жетекшісі Альвина Рафхатқызы.

«Балауса» әдістемелік бірлестігінің жетекшісі Улболсын Жоламанқызы, «Шеберлік» әдістемелік бірлестігінің жетекшісі Зафуха Абуталина, көп жылдары «МИФ» әдістемелік бірлестігінің ұйтқысы, жетекшісі болған ұлағатты ұстаз Бахира Алдобергенқызы, әлеуметтік педагог қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Насыпқаным Қадерқызы, «Словесник» әдістемелік бірлестігінің жетекшісі Гүлнар Балтабаевна және «Флора» әдістемелік бірлестігінің жетекшісі Еркин Хайдаровна. Байқау қорытындысымен  өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі А.А.Тлеубаева «Белсенді мұғалім», «Балбөбек» шағын орталығы тәрбиешісі Б.С.Тукабаева «Ізденімпаз тәрбиеші», орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі М.К.Абдрахманова «Талапты мұғалім» аталымдарына ие болды.

Жүлделі үшінші орынға физика пәнінің мұғалімі О.О.Кенжебаева, ІІ орынға тарих пәнінің мұғалімі Ә.Ғ.Мұсаев, І орынға  ағылшын тілі пәнінің мұғалімі А.М.Мутигуллина және Бас жүлдеге химия пәнінің мұғалімі С.И.Махмудова қолжеткізді. Байқаудың жеңімпазына құттықтау және жеңімпаз лентасы тағылып, осы шараға мектеппен үнемі тығыз байланыста жұмыстанып келе жатқан қамқоршылық кеңесі мүшелері арнайы шақырылып, төрайымы С.М.Кенжалиева мектептегі мазмұнды шаралардың жүйелі жүргізіліп отыратындығын айта келіп, мектеп ұжымына ақ жарма тілегі мен жас мамандарға арнайы сыйлықтарын табыс етті.

Байқау барысында жас мамандарға өздерінің іс-тәжірибелерімен ой бөлісіп, әдістемелік көмек көрсеткен тәлімгерлері мен бірлестіктегі пән мұғалімдерінің бірлескен қолдау істері көңіл құптарлық болды. Бұл байқау – озат тәжірибелі ұстаздар мен еңбек өтілдері орта буынға жеткен әріптестердің жас педагогтерге қамқорлығын және жаңартылған білім мазмұны ерекшеліктеріне сай білім саласындағы жаңа бастауларды қабылдау жолындағы  мектептегі әдістемелік жұмыстардың жүйелі жүргізілу деңгейін көрсеткен мазмұнды шара болды.

Сонымен қатар білім саласындағы күннен-күнге еніп отырған өзгерістермен жұмыстануға, ұстаздар тәжірибесінің сабақтастығын нығайтуға да зор септігін тигізді. 
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты,
Мен жастарға сенемін! –   деп, жетпеген жеңісіне, орындай алмаған арманына, артында қалған жастардың жететініне нық сенім білдірген Мағжан Жұмабаевтың сенімін сөзбен емес, іспен көрсететін жастарымызға тек  қана Сәттілік, еңбектеріне табыс тілеп, осы бағыттағы сайыстың мәйегін ауданнан, облыстан алып, жас ұрпақ үшін талмайтын қанаттың қағылатына ұжым болып сенім арттық.

Райхан Амантаевна ГИЗЗАТОВА, 
Е.Ниетқалиев атындағы мектеп
директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары,
Мадина Есимгалиевна ТУЛЕШЕВА,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий