Алматы – НЗМ: Тұңғыш Президент паркіндегі түлектер аллеясы

Наурыз айының 15-і күні – Жайлау күні. Осыған орай Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Тұңғыш Президент саябағында «Түлектер аллеясын» салтанатты түрде ашты. Шара ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Наурыз» мерекесін тойлау аясындағы жаңа концепциясы қарсаңында жүзеге асты, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

Аталмыш шара мектеп директоры Ермек Серікұлының құттықтау сөзімен басталды. Ата-аналар да өз кезегінде жүрекжарды тілегін арнады. Кейін мектеп директоры мен ата-аналар комитеті бірлесіп қызыл лентаны кесіп, ақ көгершінді ұшырды. Осылайша Тұңғыш президент паркіне тағы 12 көшет қосылды.  Ағаш отырғызудың Назарбаев Зияткерлік мектебі үшін маңызы зор. Өйткені, бұл балалық шақтан болашаққа қадам басқалы тұрған жас түлектердің туған жерге деген махаббат сабақтастығының көрінісі.  

Жалпы, Наурыз мерекесінің негізгі дәстүрлерінің бірі – бұлақтың көзін ашу, ағаш отырғызу, табиғатқа қамқор болу.  Табиғатпен үндескен бұл шара барысында әрбір оқушы өз ішіндегі арман-тілегін айтып, жыл сайын осы көшеттерге келіп отыруға серт берді. Бұл игі іс енді жыл сайынғы дәстүрге айналып, әрі қарай жалғасын табады. 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий