Ұстаздық еткен жалықпас…
Мұғалімдікті таңдағаныма еш өкінген емеспін. Өйткені, бұл-менің өзім таңдаған сүйікті мамандығым. Физика пәнін қандай жақсы көретінімді білсеңіз… Мен дарынды балаларға физика пәнін үйретуден шаршамаймын, қайта күш-қуат аламын, мектепте рахаттанып жүремін. Отбасымнан кейінгі өмірімнің мәні – менің жұмысым. Үйде отырғым келмейді, киініп жұмысқа бару, қолыма бор ұстап киелі тақтаның алдында шәкірттеріме физиканы түсіндіріп тұру – мен үшін үлкен бақыт!
Ақпан ақырып, ақ түтік борандатып келуші еді. Биылғы қыс ерекше талғамымен көктемді сынайын деп, наурыздың алғашқы күндерін ақ көбікке орады. Бірақ, жылы күндер, әр жанға жақын аналар мейрамымен жақындай түседі. Осы мереке қарсаңында Facebook желісінде танысқан адам туралы жазайын деп, қаламымды қолға алдым. Неге дейсіздерғой?!
Мұғалімдердің парақшаларында, түрлі топтарында қазіргі білім беру сапасы туралы, мұғалімдердің мәртебесі, зейнет жасы, тағы басқа тақырыптағы талқылаулар толастамай келеді. Сондай бір жариялымның астында осы кісі жастарға өнеге, әріптестеріне ғибрат болатын өзінің тамаша пікірін қалдырды. Өзі зейнет жасында болсада, әлі де ұстаздығын жалғасытырп келетіні жайлы жазып және әр сөзінен жұмысына деген ризашылығы мен сүйіспеншілігі байқалды. Иә, істеген ісіне бар ынта-жігерімен кірісетін адам ғана одан ләззат ала алады.
Желіде танысып, о кісіден сұхбат алайын деп шештім. Танысып қойыңыздар, Дәметкен Баенова, физика пәнінің мұғалімі, 1956 жылы 7 қазанда бұрынғы Орал облысы (қазір БҚО) Жаңақала ауданы Новый путь колхозында қарапайым колхозшылар отбасында дүниеге келген. Педагог мамандығын таңдауға әсер еткен өзінің үстаздары: «Менің кішкентай ауылымда мамандықтың басым бөлігі ауыл шаруашылығы мамандықтары болатын. Ауылдағы ең зиялы адамдар-мұғалімдер еді.
7-сыныпта оқып жүргенімде біздің мектебімізге Алматыдан оқу бітіріп, Қабдығалиева Бұрышқаным, Мұқашева Райса, Искакова Іңкәр есімді мұғалім апайлар келді. Олардың сөздерінен, жүріс-тұрыстарынан, киім киістерінен ерекше мәдениеттілік байқалып тұратын.Сол кезден бастап, мен осы кісілер сияқты мұғалім болсам деп армандадым. Оның үстіне, мен мұғалімнен басқа қандай мамандықтар бар екенін білмеген де шығармын».
Қарапайым қазақ ауылында, орта есепті отбасында ер жеткен Дәметкен-ханым білім алу баспалдағын 1963 жылы совхоз бөлімшесіндегі шағын комплектілі бастауыш мектептен бастаған. «Бір бөлмеде 4 қатарда 4 сынып отыратын, оларды бір мезгілде 1 ғана мұғалім оқытатын», – деп әңгімелейді ұстаз. Совхоз орталығынан 8-жылдықты аяқтаған соң, орта мектепті көрші ауылда 1973 жылы тәмамдайды.
Ол кездерде он жыл оқитын және орта мектеп барлық ауылда бола бермейді. Бірақ, білімнің өмірлік азық екенін түсінетін ата-аналар, білім қуған сол кездің жастары мектептің бар-жоғына, алыс-жақынына қарамай, интернатта жатып оқиды ма, қатынасып оқиды ма, әйтеуір беріліп, бар қабілетін салып оқитыны белгілі. «Мектепте өте жақсы оқыдым, өте қабілетті болдым, маған ешбір пән ешқандай қиындық келтірмейтін, барлық пәнді бірдей дәрежеде меңгердім. Мектеп бітіру аттестатымда тек қана дене тәрбиесінен «4» бағасы болды. Мен зиялы орта дегенді көрген емеспін. Әкемнің 4-кластық қана білімі болды, алайда көзі ашық сауатты адам еді.
Газет-хурналын оқып, радиосын үзбей тыңдайтын. Ұлы Отан соғысына дейін колхозда есепші болған екен, алайда соғыс кезінде тұтқынға түсіп, Украина жеріндегі концлагерьде болған. Сол себепті соғыстан келген соң ол кісі өмір бойы совхоздың малын бақты. Ал, шешемнің 2-кластық қана білімі бар, «Қазақстан әйелдері» журналын ежіктеп оқып отыратын». Жоғары оқу орнына түсіп, мамандық алу мүмкіндігі ауылдың жастарының барлығына бұйыра бермейтін. Бірақ, Дәметкен-ханым 1973 жылы мектепті бітірген жылы Алматыдағы Қазақтың Мемлекеттік Қыздар институтының физика-математика факультетіне түсіп, Лениндік степиндиямен оқып, 1978 жылы физика пәні мұғалімі мамандығы бойынша үздік белгімен (қызыл дипломмен) бітіріп шығады.
Еңбек жолын Батыс Қазақстан облысындағы Қаратөбе аудан орталығындағы орта мектепке жұмысқа кіріп, физика пәні мұғалімінен бастайды. – Менің кез келген пәнді таңдау мүмкіндігім бар болатын, өйткені барлық пәнді жақсы білетінмін, алайда физика басқа пәндерден өзгеше, қызық болып көрінетін. Мектепте оқыған жылдарда мектептердің материалдық базасы өте төмен болатын. Физика пәнінен бірде-бір тәжірибе жасап көрген жоқпыз, бірде-бір құралды көрмедік. Оқулықтағы суреттерін көріп, тәжірибе жасап көрсем деп қызығатынмын. Бұл құралдар институтта болатын шығар деп ойлап, сол жерде эксперименттерді жасап көретініме сенімді болдым.
Шынымен де физиканың құралдарын институтымның зертханаларынан таптым, зертханалық жұмыстарды сондай жақсы көріп орындайтынмын. Курстас қыздар менімен жұптасуға таласатын, – деп әңгімесін жалғастырды әріптес. Мұғалімдікті әйелдер жиі таңдайтынына етіміз үйреніп, бұл мамандықты оларсыз елестету де мүмкін емес. Бірақ, ауылдағы мұғалима үшін білім мектебі мен қатар отбасы мектебі де қатар жүретіні белгілі. Сонау кеңес заманындағы ауылдардың қазіргі ауылдардан шаруашылық айырмашылығы болғанымен, тұрмыстық айырмашылығы болмады.
Ауылдық жердегі мұғалималарға ауыр болғаны сол, сабақтан шыққасын отбасын күту керек, от жағып, су тасып, жанұясының ас-мәзірін алдын-ала ойластырып, уақытында тамақтарын дайындап қою қажет. Басымнан өткен жағдай, ауылдық жерде тек ұйқыға жатқанда ғана аяғың дамыл табады. Дегенмен, аяулы ана, адал жар бола білген әр мұғалима отбасына да, шәкірттеріне де, оның үстіне, тәжірибе жинақтаған мұғалім әріптестерімен тәжірибе бөлісуге де уақыт таба біледі. Дәметкен-ханымның әңгімесінен де, аналық мейірім мен ұстаздық парасаттылық есіп тұрды.
– Отбасым менің кәсіби өсуіме кереметтей жағдай жасады деп айта алмаймын, бірақ кедергі де жасай қойған жоқ. Мен де қазақ ауылының өзге әйелдері сияқты от жағып, су тасып, сиыр сауып, нан пісіріп, бітпейтін қонақтарды күте жүріп, еңбек еттім. Үш бала өсіріп, тәрбиеледім. Үшеуі де Әл-Фараби атындағы Ұлттық Университетті грантпен бітірді. Үлкен қызым тележурналист, бүгінгі күнде «Қазақстан» телеарнасындағы «Теледәрігер» бағдарламасын жүргізеді деп мақтанып қояйын. Еңбектің барлық баспалдағын басып өттім десем де болады.
Мұғалім, мектеп директорының оқу-тәрбие жұмысы, әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары, мектеп директоры қызметтерін атқардым. Бір мектепте 30 жыл еңбек еттім. Барлық жетістіктерге тек қана таза өз еңбегіммен, білімділігіммен, біліктілігіммен жеттім десем болады. Алғашқы жылдарда мектептегі үлкен мұғалімдерден үлгі алған болармын, кейінірек басқаларды үйретуге көп уақытымды жұмсадым, – деп еске алады Дәметкен-ханым. 30 жыл үздіксіз еңбек еткен мұғалімдерді ерлік танытты деп мойындап, әрқайсысына »Еңбек ерін» беру керек. Бұл мамандық шынымен ерлікпен пара-пар. Өз отбасынан, өз балаларынан гөрі бар уақытын, өмір жолының басым көпшілігін мектепке арнаған мұғалімнің еңбегі ерлікке тең.
Тәуелсіздік алғанымызбен, қазақ елінің қаймағы болған ауылдың тұрмысы қиындай түскенде, 2000-жылдары көп адамдар бас сауғалап, жұмыс іздеп, отбасы мен ошақ-қасығымен ат басын қалаға бұрды. Шаруашылығы тараған, ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында дүние-мүлкі кеткен совхоз-колхоздардың көпшілігі қаңырап, қазір орындарында ошағын тұтатып отырған бірең-сараң үлкендер ғана отыр. Жастар болса, үмітін қаламен байланыстырып, бірі білім, бірі табыс қуып, қаладан орын тепті. Міне, Дәметкен-ханымның да әңгімесінен қазақ ауылының бір мектебі тәжірибелі ұстазынан қол үзгенін байқадық.
– 2008 жылы Алматы қаласына көшіп келіп, 2 жыл тұрдым. Түрксіб ауданының №31 мектебінде жұмыс жасадым. 2 жыл уақыт ішінде Алматы қаласы мұғалімдер біліктілігін арттыру институтының физика пәні әдіскері Мәдина Ашхатовна Батырбаевамен бірге көптеген жұмыстар жасадық. Кейін, 2010 жылы, Оралға қайта көшіп кеттік те, сол 2010 жылдан бері облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектепте физика пәнін оқытып келемін. Мұғалімдікті таңдағаныма еш өкінген емеспін. Өйткені, бұл-менің өзім таңдаған сүйікті мамандығым. Физика пәнін қандай жақсы көретінімді білсеңіз…
2014-жылы зейнетке шыққан ұстаз әлі де жұмысын жалғасытырп келеді: «Мен дарынды балаларға физика пәнін үйретуден шаршамаймын, қайта күш-қуат аламын, мектепте рахаттанып жүремін. Отбасымнан кейінгі өмірімнің мәні – менің жұмысым. Үйде отырғым келмейді, киініп жұмысқа бару, қолыма бор ұстап киелі тақтаның алдында шәкірттеріме физиканы түсіндіріп тұру – мен үшін үлкен бақыт!»
Еңбек өтіліңіз 42 жыл. Соңғы реформалардың бәрін басыңыздан өткердіңіз. Білім саласындағы ең мықты 3 оң өзгерісті, және ең сорақы, 3 теріс өзгерісті атай аласыз ба? – Оң өзгерістер ол: 1)Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы реформалар ( білім беру стандарттары, оқу бағдарламалары, алғашқы Отандық оқулықтарымыз) дұрыс бағытта басталып еді. Ы.Алтынсарин Академиясы да сол кездерде сапалы, өнімді жұмыс жасап еді. Қазір бұл Академияның немен айналысып жатқаны белгісіз.
2) Бірнеше рет өзгеріске түскеніне қарамастан мектеп түлектерінің білімін бағалаудың әдісі – ҰБТ-ның енгізілуі. Алғашқы жылдарда бұл бағалау өте әділ өтті. Оның дәлелі- менің үш баламның білім гранттарын өздерінің адал білімдерімен иеленуі. WhatsApp деген байланыс құралы шыққаннан бастап, ҰБТ-ның да сәні мен мәні кетті. Қазір әділдік орнатамыз деп әрекет жасап жатыр ғой, көреміз биылғы компьютермен өтетін жаңа форматтағы ҰБТ-ның нәтижесін.
3) Мұғалімдерді біліктілік тесттен өткізудің енгізілуі. Бұл-өте дұрыс жасалған нағыз оң өзгеріс, өйткені біздің мектептерімізде балаға үйретер білімі жоқ мұғалімдер өріп жүр, оның дәлелі – біліктілік тестілеуден өте алмай жатқан мыңдаған мұғалімдер. Бұл дұрыс емес, жасы үлкен, пенсияға жақындағандарды босату керек деп байбалам салып жатқанндар – ол білімі таяздар, 30 жыл бойы мұғалім болып, өз пәнін білмеу деген… айтарға сөзім жоқ.
Ең сорақы 3 теріс өзгеріс: Басталған реформалардың аяқсыз қалуы. 12-жылдық білім беруге көшеміз деп, мектептерден эксперименттік кластар ашып, бір жұмыс басталып еді, аяғы не болғанын білмей қалдық… Жаңартылған білім мазмұнына көштік, әр жерге секіріп, ортада бірнеше сыныптың материалы оқылмай қалды. Биыл солар компьютерлік форматта ҰБТ тапсырады, оның үстіне 10-11 сыныптардың тең жартысын оқыған жоқ. Қашықтан оқытуда жаңағы біліктілік тестілеуден қашып жүрген мұғалімдер не оқытты деп ойлайсыз? Әрине ештеңе оқытқан жоқ.
Оның дәлелі – менің үйіме әр жақтан келіп, менен дәріс алып жүрген оқушылар. Жаңартылған білім мазмұнына көшу дұрыс қадам, бірақ асығыстық жасамай жөнімен-ретімен, білім сабақтастығын сақтап көшсе не болар еді деп ойлаймын. Анау бір жылдар аралығына деп қабылданған бағдарламаларға сілтеме жасайды, оқысаң бір-бірінен айырмашылығы жоқ, бүйтеміз-сөйтеміз деген «қызыл» сөздер.
3) Жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқытамыз деп, мұғалімдерді бірнеше айлап оқу курстарынан өткізуі. Қанша қаражат желге ұшты, нәтиже – нөл. Өз пәнін қазақша оқыта алмай жүргенде, қалай ағылшын тілінде оқытпақшы? Және ең сорақысы- ол курстарға сол білімі таяздар жүгірді. Мен айлап солардың орнына жұмыс жасадым.. Қазіргі кезде сол курстан өткендердің қайсысы не үйретіп жүр екен? Әрі кеткенде ҚМЖ-дағы (қысқа мерзімді жоспар – авт.) тілдік нормалар деген бөлімді толтырумен ғана шектелуде.
Мұғалімдердің кәсіпқойлығындағы айырмашылықтарды байқайсыз ба? Бұрыңғы мұғалімдермен қазіргі жастардың арасындағы айырмашылығы қандай? – Мұғалімдердің кәсіпқойлығындағы айырмашылықтар жер мен көктей болып байқалып тұрады. Жас маман оқытуға байланысты әдіс-тәсілдерді білмеуі мүмкін ( оны да универден үйреніп келуі тиіс), бірақ өз пәнінің мазмүнын, теориясын білуі керек қой, елдің баласын оқытам деп келіп тұр мектепке. Мен жұмыс жасайтын дарынды балаларды оқытуға жас физиктер келеді, 1-2-3 ай жасап, шамасы келмей кетіп жатады, олар оқытқан кездегі білім ақауларының орнын толтырамын деп біз сияқтылар жүреді.
Сізге бір тірі мысал айтайын: жақында біздің физика кабинетіне 4 жылдық стажы бар физик-информатик лаборант болып жұмысқа келді. Бірде-бір құралды танымайды, тіптен оны тәжірибенің қалай жүргізілетіні де қызықтырмайды, бұл құралдармен не жасайсыз деп те сұрамайды. «Мен жұмыс жасаған мектепте ешқандай құрал болған жоқ»-дейді әлгі пәтшағар. Мұндай мұғалімдермен болашақтың білімі қандай болмақ? Сұрақ көп, жауап жоқ. Осындайларды көріп шаршаймын, бала оқытудан шаршамаймын, Дана ханым…
Сабақ жүргізу әдістемесінің өзгерістерінде ұтымды жақтары бар ма? – Жаңартылған білім мазмұнының енгізілуіне байланысты оқыту әдістері өзгерді, жаңарды деп жатыр ғой. Менің ойымша, ештеңе өзгерген жоқ. «Қазақтың қара өлеңін шапан жауып, өзіне қайтардым»- деп Мұқағали ақын айтқандай, бұрынғы біз қолданған әдіс-тәсілдерге әдемілеп тұрып ат қойып, айдар тағып қайтарған және аттары қандай дейсің? Сол тәсілдерді біз бұрын да қолдандық, бірақ мен мынадай әдіс қолданып жатырмын деп айқайлаған жоқпыз, соның бәрін үн-түнсіз ғана атқардық.
Қазір ашық сабаққа барсаң, алдын-ала әзірленіп қойып жатқан бір шоу-концерт, жасанды дүние, шынайылық жоқ. Және өздері мен мына әдісті қолдандым, ана әдісті қолдандым деп мәз, өздеріне-өздері риза, ал нәтиже қандай, онымен ісі жоқ. Менің қолданатын әдісім біреу, ол – зерттеушілік әдісі, өйткені менің оқытатын пәнім табиғат туралы ғылым – физика. Табиғатты зерттеудің 3 ғылыми әдісі бар: құбылысты бақылап, болжам жасау; болжамды тәжірибемен тексеру; теориялық қорытынды жасау. Сабағымды ғылымды үйренудің осы 3 әдісіне негіздеп құрамын.
Қойылатын сұрақ, берілетін тапсырма, жасалатын іс-әрекет Асхат Алимовтың 3Қ модуліне сәйкес (қызық, қиын және қолжетімді, құнды) құрастырылады. Тағы бір айтарым: мен топтық оқыту әдісін құптамаймын және өз жұмысымда қолданып та көрген емеспін. Неге? Бұл әдістің теориясында ол оқушыларды командада жұмыс істеуге үйретеді, өмірге дайындайды, құзыреттіліктерін дамытады деп айтылады. Алайда теорияда айтылғанның барлығы сол күйінде практикада жүзеге аса бермейді. Топта жұмыс жасауда көшбасшы оқушылардың іс-әрекеттері көрінеді, ал басқаларының айтарлықтай дамуы, ілгерілеуі байқалмайды.
Ал көшбасшы оқушылар топтық жұмыссыз да көшбасшы болып қала береді.Сондықтан, менің бұл әдісті құптамаймын. Себебі, бұл- өз пәнін жетік білмейтін мұғалімдер үшін таптырмайтын ең қолайлы әдіс. Топтарға бөліп, көшбасшы оқушылардың жанкештілігімен топтың орындаған тапсырмасын тыңдап, сабақ мақсатына «жетіп» жатады. Нашар оқитын оқушылармен жұмысты бәсеңдетті. Және жаңартылған білім мазмұны ұсынған әдіс-тәсілдер балаларымыздың ұлттық діліне сай келмейді.
Дәметкен-ханымның бөліскен ойлары мыңдаған мұғалімдердің көкейінде жүрген, талқыға салынатын сұрағы бар, жауабы жоқ мәселелер. Қойылған біраз сұрақтарға берген жауабында, ұстаз білім мазмұнында кеткен кемшіліктерге тоқталып, оның оңтайлы жақтарын да атап өтті. Қазіргі заман талабы мұғалімге қоятын мақсаттарға тоқталып, бірін-бірі алмастырған реформалар тоқталса екен деп үміт артып отыр. Өз сұхбатында, жас мамандарға қандай кеңес берер едіңіз деген сұраққа: «Жастарға айтарым: мектепке бала оқытуға келсең, өз пәніңнің теориясын және оны оқытудың әдістерін бес саусағыдай біліп кел! Білмейсің бе, мектептен аулақ жүр, елдің болашағына зияныңды тигізбе!»- деп сөзін аяқтады.
Иә, уақыт өтер, заман да бір орында түріп қалмайды. Әлі де талай нәрсе өзгереді. Бірақ, үйрететіні мол, тарататын тәжірибесі баршылық, өз ісіне берілген, шәкіртін жүрегімен түсіне білетін Дәметкен-апамыздай мұғалімдердің арасы сиреп бара жатыр. Тәуелсіздігіміздің 30-жылдығы қарсаңында ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып отырған әріптестеріміздің жанынан өте шықпай, жас ұрпаққа таныта отырайық.
Рахмет сізге, Дәметкен-апай, уақытым жоқ деп бас тартпай сұхбат беріп, ойландыратын ойларыңызбен бөліскеніңіз үшін. Еңбегіңіз жемісті болсын!
Сұхбатты жүргізген
Дана РАУ