Шәкірттер – ел ертеңі: Ұстаздар арқалаған міндет

Мына бір ел басына түскен  оқшаулану кезеңінде халқымыздың  өткені мен келешегін ой елегінен өткізсем, шүкірлік етер дүниеміз мол екені ақиқат. Елім егемен, мемлекетім тәуелсіз. Осы бір ұлан-ғайыр жерді ата-бабамыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, қолдап келгені аян. Осы бір егемендік жолында қар жастанып, мұз төсенген ата-бабаларымыздың алдында қарыздармыз.

Тас шайнап, құм түкірген қайран батыр бабаларымыз, әділдіктің ақ туын көтерген хандарымыз, қара қылды қақ жарған билеріміз ел болашағы үшін көрер таңды көзімен атырғаны белгілі. Жалпы білім беретін мектептің басшысы  ретінде халық болашағы   өз үлесімді қоссам  деймін. Қанатымен су сепкен қарлығаштай титтей болса да, алдымызда отырған қара көздерге білім нәрін  сапалы түрде құюға өз тарапымнан септігімді тигізу жолында еңбек етіп келемін. Халқымның соңғы ханы Кенесары қасықтай қаны қалғанша ел бүтіндігі, тәуелсіздігі жолында күресті.

Кешегі өткен Абылай, Қасым сынды хандар осы елдің бірлігі үшін түпсіз ойларға шомды. Кешегі Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Райымбек сынды батырлар ел ертеңі үшін  ат үстінен түспегені ақиқат. Елімнің діні  мен ділін ойлап, бүтіндігі мен бірлігін ойлап, Төле бидей билерім әділдік жолында туғанын да танымағаны рас. Осындай текті елдің тегеуірінді ұрпағы  үшін біз де бар ықылас –пейілімізді жұмсауға міндеттіміз. Педагог қауымының мойынында үлкен жауапты да салмақты іс тұрғаны аян. Ол-халқымыздың болашағын тәрбиелеу.

Бүгінгі ұрпақтың бойына құрыштай білім мен қазақы болмысымызды сіңіре алсақ, олардың бойына тектілігіміз бен  ұлттық бояуымызды  сіңдіре алсақ, біздің басты мақсатымыздың орындалғаны деп білемін. Біздің білім ордасының ашылғанына биыл отыз жыл. Тәуелсіздікпен құрдас бұл бір ұқсастықты жақсылыққа жорып, жігерімізді қамшылап отырмыз. Оның үстіне мектебімізге жаңа  ғимарат қосылып, спорт залымыз  салынып, техникалық базамыз жоғары дәрежеге көтеріліп, көңілімізді шарықтатқаны ақиқат.

Ендігі біздің міндетіміз шәкірттеріміздің бойына кісілік пен кішішіліктің, адамдықтың ұрығын сеуіп, құрыштай біліммен қаруландыру. Қашықтан оқытсақ та, біздің ұжымымыз осы бір қағидадан айныған емес. Қазір  кезекші сыныптар ашылып, жұмысымыз біршама жеңілдегені белгілі. Жоғарыда айтып өткенімдей, егер біздің шәкірттеріміз адамгершілікті биік ұстайтын білімді әрі бәсекеге қабілетті ұрпақтың қажыр қайратымен қуатты мемлекетке айналатындығымызға сенім мол.

Ұлы ойшыл Конфуцийдің: «Адамгершілігі барлар басқаларға тірек болады, осыны өздері де қалайды, басқаларға жетістікке жетуге көмектеседі, өзі де сол жетістікке жетуді қалайды», – деуі бекер емес. Болашағымыз осы шәкірттердің қолында. Ендеше өз ісімізді адал да абыройлы атқарайық демекпін. Тәуелсіздігіміз баянды, ұрпағымыз ажарлы болсын!

Бахыткул Алтаевна КУСАИНОВА,
№164 жалпы білім беретін мектебінің
директоры, Алматы қаласының
Алатау ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий