Химия ғылымы мен білімін ұштастыра білген ұстаз
Нұрахметов Немеребай туралы естелік (25.09.1938 – 13.11.2017). Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті 1934 жылы ашылған еді. Университеттің алғашқы факультеттерінің бірі – қазіргі химия және химиялық технология факультеті. Химия факультетінің алғашқы білімі мен ғылымдағы жетістігі академик Әбікен Бектұрұлы декан болған жылдардан басталған екен. Сол кезеңнен бастап біліммен бірге ғылымда әлі жалғасын табуда.

Ал, 20-ғасырдың екінші жартысында біздің факультеттің өсіп – өркендеуіне ерекше айтарлықтай үлес қосқан химия ғылымдарының докторы, профессор Батырбек Ахметұлы Бірімжанов болғанын бірқатар ұстаздарымыздан естігенбіз. Ол ұстаздың жетекшілігімен тәрбиеленген жастар қазіргі кезде жылдан жылға артып, өз еңбектерін жалғастыруда. Солардың ішінде Батырбек Ахметұлының алғашқы аспиранты болған, қазіргі Қазақстан Республикасына танымал әйгілі ғалым, ұстаз, химия ғылымдарының докторы, профессор Нұрахметов Немеребай Нұрахметұлы да бар еді.
Химия саласында білім мен ғылымды бірге алып жүрген профессор Н. Нұрахметов Ы. Алтынсарин атындағы Қазақтың Білім проблемалары (ҚазБПИ) институтын басқарған. Профессор Н.Н. Нұрахметов «ҚР жалпы білім беретін мектептерге арналған оқулықтарды өңдеу, құрастыру және басып шығарудың мақсатты бағдарламасының» (ҚР №1173 26 қыркүйек 1996 жылғы қаулысы бойынша) қабылдануына көп еңбек сіңірген. Сондай-ақ, бастауыш мектептер оқулықтары мен оқу құралдарының жаңа буынын жазуға тиісті авторлар ұжымының жұмысын үйлестіріп, ұйымдастырумен айналысқан.
Профессор Н. Нұрахметов 11 жылдық мемлекеттік білім стандарттарының бәрін жасауға белсене араласқан. Өзіне етене жақын “Химия” пәнінің проблемасын да ұмытқан жоқ. Профессор Н. Нұрахметовтың көп жылдық қажырлы еңбегінің арқасында оның тікелей жетекшілігімен әрі авторлығымен 8,9,10,11 сыныптарға арналған химия оқу бағдарламалары мен алғашқы отандық оқулықтардың, оқу – әдістемелік кешендердің жасалуын ерекше атап өтуге болады. Ол өзі жинақтаған авторлармен бірігіп химияның 29 пәндік стандарттарымен, оқу бағдарламаларын, 36 оқулық пен 71 әдістемелік – оқу құралдарын жазып шығарып, бүгінгі мемлекетіміздің 11 – жылдық білім беру жүйесіне енгізген.
Әрі ол дайындаған дүниелер түгелдей орыс, қазақ, ұйғыр және өзбек тілдеріне аударылып басылып шыққан. Профессор Н. Нұрахметов Қазақстанның алғашқы стандарттарынан бастап араласып, мол тәжірибе жинақтаған жетекші маман ретінде ҚР Білім және ғылым министрлігі құрған 12 – жылдық білім берудің ғылыми – практикалық орталығының жұмысына да араласқан.
Ол жаңа мемлекеттік білім стандартының негізгі ережелерін, оған сәйкес жаратылыстану және химия пәндері бойынша түйіндік және пәндік құзіреттіліктерін, жалпы оқу процесін жаңаша ұйымдастырудың ерекшеліктерін бағалаудың 12 – балдық рейтингтік жүйесін, сонымен қоса 12 – жылдық мектептің негізгі және бейінді деңгелеріне сәйкес “Химия пәндері” бойынша күтілетін оқыту нәтижелерін жасауға өз үлесін қосқан. Химия саласындағы ғылыми жетістіктері үшін профессор Нұрахметов Н.Н. Қазақстан жоғары мектебі Ғылымдар Академиясының академигі (1995 ж.) және Нью-Йорк Ғылымдар Академиясының мүшесі (1996 ж) Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі (2008 ж) деген құрметті атақтарға ие болған.
2001 ж. ғылым, техника және білім саласы бойынша ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған. «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері” атағын иемденіп «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі» медалімен және бірнеше грамоталармен марапатталған. «КСРО ағарту ісінің үздігі», А.Байтұрсынов атындағы «Саңлақ автор» медалінің иегері болған. Н.Нұрахметовтың көзі тірісінде химия ғылымы мен біліміне қосқан үлесі, педагогика саласында атқарған жоғарыдағы қызметі жайлы ғалымның 60, 70, 75 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиындарда айтылып, баяндамалар оқылып, естеліктер қалдырылған еді.
Профессор көп жылғы ұстаздық шеберлігін өзінен кейінгі жас ұрпаққа үйретіп, тәлім тәрбие беріп кетті. Әрбір оқыған дәрістеріне қатысып отырғанда уақыттың қалай өтіп кететінін аңғармайтын едік. Дәріс оқудың өзіндік сиқырлы құпиясы бар ма екен деп те таң тамаша болып отыратынбыз. Әртүрлі педагогикалық тәсілдерді қолдана отырып, әрбір тақырыптағы функциялық сауаттылықты айқындай келе, оқытудың нәтижеге бағдарланғанының қыр сырын оп оңай айтып беретін еді. Ұстазымыздың қағылездігі болар, әр студенттің бойындағы қабілетті аша отырып, болашағына жол сілтей алушы да болды.
Химиямен, педагогикамен тығыз байланысты тарихи естеліктер мен мағлұматтарды айтарлықтай көп білетіндігі соншалық, дәріс, практикалық сабақ және зертханалық сабақтың мазмұнын құзыретті ашып беретін еді. Қызмет бабында да кеңес сұрай барсақ тек қойған сұрағыңа ғана нақты жауап беретін. Жауап беріп қоймай қойған сұрағымыздың мағынасын ашып, түзетіп те беретін еді. Шындығында ұстазымыздың берген бір жауабына толық қанағаттанып, шабыттанып рухани күш алып кететін едік.
Қоғамға, өскелең ұрпаққа адал аянбай еңбек етіп, өз білгені мен түйгенін үйретіп те кетті. Немеребай ағайдың табиғаты өте қарапайым, еліне, туып өскен жеріне деген махаббаты шексіз еді. Жылына бір рет туып өскен туған жеріне барып, анасының басына құран бағыштатып та тұратын. Табиғаттан күш алатындай, үйінің айналасына алма, алмұрт сияқты жеміс ағаштары мен түрлі көкөністерді де егіп, піскен жеміс жидектерді немерелерімен бірге отырып жегенді жақсы көруші еді.
Профессор Немеребей ағай аптаның әрбір сенбі мен жексенбі күндерін дәстүр бойынша өзінің отбасына, яғни балалары мен немерелеріне арнайтын. Сонымен қатар ұлағатты ұстазымыздың отбасы жайлы да айтпай кету мүмкін емес. От иесі Күләш Ғазизқызымен бірге Қанат, Қайрат атты екі ұл тәрбиелеп, көзі тірісінде 4 немере (Әсел, Динара, Джан және Алтын) сүйген. Ұлдары заман талабына сәйкес еліміздің экономикасының өркендеуіне өз үлестерін қосып жүрген дара тұлғалар.
Өмірінің соңғы дәм тұзы тартылғанша жалпы және бейорганикалық химия кафедрасының ұжымының мамандарына өзінің білгенімен бөлісіп, өмірдегі түйгенін үйретіп, ғылымға жетелеп, болашағына жол сілтеп кеткен білікті Ұлағатты ұлы ұстазымыз әрқашан есімізде.
Жалпы және бейорганикалық химия
кафедрасының ұжымы атынан шәкірттері:
А. НИЯЗБАЕВА,
химия ғылымдарының кандитаты., доцент,
Н ДАЛАБАЕВА химия ғылымдарының кандидаты