“Оқуға құштар – мектеп, оқуға құштар – ел” жобасы іске асырылуда
Кітап – адамзат баласының баға жетпес асыл құндылығы. Білім мен мәдениеттің биік белестеріне жетелейтін – тәрбие құралы. Шығыс ойшылы Науаи: «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына» десе, Абай атамыз «Танымның бар тамашасы – кітапта, оған қол жеткізу үшін кітап оқудан жалықпа», «Артық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге» деп насихаттайды. Мағыналы сөздерден кітап оқудың кез келген тұлғаны дамытудың қайнар көзіе кенін түсінесің.
Халықтың осындай жан азығынан, рухани байлықтан қол үзіп бара жатқандықтан, мемлекет тарапынан дабыл қағылып жатыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: “Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі. Қазіргі уақыт – секунд сайын жаңарған ақпарат заманы. Алтын уақытымызды пайдалы істерге жұмсағанымыз жөн”, – деп әр тұлға оқуға тиіс деп санайтын отыз таңдаулы кітаптың тізімін ұсынған болатын. Қазір осы бағытта маңызды бағдарламалар жасалуда. Адамзат ақыл-ойының жиынтығы- кітапта болса, білім – соны сақтайтын қазыналы сандық. Сол сандықтағы байлықты қалай алуға болады? Кітап әлеміне баланы қалай енгізуге болады? Әрине, бұған «Табысты оқу» жобасы көмекке келеді.
«Табысты оқу» әлеуметтік әрі педагогикалық жобасының жүзеге асырылуы. Мектебімізде «Табысты оқу» әлеуметтік-педагогикалық жобасы ретінде 2015 жылы қолға алынған болатын. Жоба жоспары бойынша орта буын ұстаздары мен сынып жетекшілері және кітапханашылар айтарлықтай жұмыс жасады. Жобаға қатысушылар қала, облыс, республика, халықаралық деңгейлерде өз жұмыстарын таратты әрі басылымдарда жариялады. Республикалық педагогикалық оқулар сайысының облыстық кезеңінде, кітапханашылардың облыстық семинарында және қала ұстаздарының тамыз кеңесінде «Оқу сауаттылығын және оқу техникасын дамыту» тақырыбындағы іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Мектеп оқушылары осы бағыттағы түрлі сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Жаңа форматтағы алаңда мазмұнды, мағыналы жұмыстарымен бөлісті. Әр бас қосуда «Ұжымдық оқу», TEDx, REDx конференциялары ұйымдастырылып, қала мектептері оқушылары арасында, серіктес мектеп ұстаздары арасында жүзеге асып отырды. Оқыған кітаптары бойынша жүргізілетін «Умники и умницы» интеллектуалдық ойынды қала мектептерінің оқушылары арасында өткізу дәстүрге айналды. Мектеп дәлізінде «Буккроссинг көрмесі» үздіксіз ұйымдастырылып отырды. Жүргізілген жұмыстарды саралай келе, бағдарламаны жүзеге асыруда белгілі бір буында ғана емес, 1-11 сыныптар арасында жүргізудің қажеттілігіне көз жеткіздік.
2020-2021 оқу жылында «Табысты оқу» жобасы кеңейтілген форматта толықтырылуы, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында жүзеге асырылуда. Жалпы алғанда бұл жоба бүкіл мектеп ұжымын қамтуды, жүргізілетін жұмыстардың нәтижеге бағытталуын мақсат етеді. Осы оқу жылында жүргізілген зерттеулер нәтижесі:білім алушылардың отыз бес пайызында оқу дағдысының қалыптаспауы, түрлі ақпараттармен өздігінен жұмыс істей алмауы байқалды. Сонымен қатар, анықталған келесі мәселе – кітап оқуға деген құштарлықтың төмен болуы. Оқушылардың кітапханаға бару белсенділіктері – 50%, мұғалімдердің баруы – 58%, ата-аналардың оқуы деңгейі– 30%.
Келесі мәселе – кітапхана қорындағы кітаптардың заман талабына сай болмауы. Оқу бағдарламасына арналған оқулықтар үлесі – 67%, көркем әдеби кітаптар үлесі – 18%, ескі әдеби кітаптар – 60%, балалардың жас ерекшелігіне сай кітаптар – 2%, қазіргі заман жазушылар шығармалары 2%, ғылыми-жаратылыстану бағытындағы кітаптар – 2%, техникалық бағыттағы кітаптар – 0,6%, қазақ тіліндегі кітаптардың өзі – 3%. Аталған мәселелерді саралай келе, ағымдағы жылдық жұмыс жоспары жасалды. Оқу қарқынын жетілдіру бағыты бойынша: «Жылдамдық планшеті», «Сөздікқор планшеттері» бойынша мониторинг жүргізілді. Оқушылардың оқу сауаттылығын қалыптастыру және олардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатындағы тиімді әдістің бірі болып есептелінді.
«Бір әлем, бір кітап» ұстаздар арасындағы «Ұжымдық оқу». Ұжым ұстаздары арасында әр жиналыс сайын «Ұжымдық оқуға» уақыт бөлініп, «Бір әлем, бір кітап» жобасы іске асырылды.2020-2021 оқу жылының әдістемелік нұсқаулық хатында ұсынылған әдебиеттерді оқып, ватсап желісінде бөлісіп отыру әдетке айналды. Әдіс-тәсілдер жинағын әзірлеу. Шығармашылық топ құрамындағы ұстаздар кітап оқуға жетелейтін іс-тәжірибелерді жинастырып, «Педагогикалық қоржын»әдіс-тәсілдер жинағын дайындауда. Кіріктірілген сабақтар тізбегін дайындау.
Оқуды біліммен ұштастыру мақсатында белсенді топ ұстаздары «Оқимыз – зерттейміз», «Оқимыз – сурет саламыз», «Оқимыз – тұжырымдаймыз», «Оқимыз – сахналаймыз» кіріктірілген сабақтар тізбегін даярлауда. «Оқу мәдениеті» авторлық бағдарламасы. Авторлық бағдарлама мектеп ұстазы М. Жанаспаеваның «Оқу мәдениеті» авторлық бағдарламасы республикалық авторлық бағдарламалар байқауында назарға ілігіп, қазіргі кезде Ыбырай Алтынсарин Академиясы жанындағы эксперттік кеңеске бекітілуге жіберілді.
Оқушы қызығушылығын арттыруға арналған жадынамалар жасау. Оқушы қызығушылығын арттыруға арналған жаднамалар жасалып, ата-аналар чаттарына жолданды. Электронды әдебиеттер дайындау. Білім алушылар ерекшелігіне сай кітаптар тізімі жасалып, олардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін электронды нұсқалары дайындалды. Білім алушыларды кітап оқуға тарту үшін әр буын бойынша оқырмандар клубы құрылып, жұмыстарын бастап кетті. «Кел, балалар, оқылық» 20 минуттық оқу жобасы. Мектеп оқушыларын көркем шығарма оқуға тарту мақсатында «Кел, балалар, оқылық» жиырма минуттық оқу жобасы бастау алды.
Бастауыш сыныптар арасында. «Оқуғамектеп» инстаграм парақшасы. «Оқуға құштар мектеп» жобасын насихаттау, көпшілікпен бөлісу мақсатында мектептің инстапарақшасы ашылды. Осы парақшада жоба аясында жүргізілген жұмыстар үздіксіз жарияланыпотыратын болады. Флешмоб «Ұйқы алдында оқимыз!». 1-4 сынып оқушылары арасында ата-аналар қолдауымен «Ұйқы алдында оқимыз!» флешмобы жүзеге асырылуда. Бұл шараға сыныптардағы оқушылар ата-аналарымен белсене қатысуда. «Отбасылық оқуды» ұйымдастыру. Оқуды ұйымдастырудың негізгі мәселесі ретінде отбасылық оқуға басты назар аударылуда.
Жоба аясында «Оқырман ата-ана – оқырман бала» тақырыбындағы ата-аналар жиналысы марафоны басталды.Кітап оқудағы ата-аналар белсенділігін арттыру мақсатында «Ата-аналар оқуы», «Отбасылық оқулар» ұйымдастырылды. «Бейсенбі ертегілері». Төменгі сынып оқушыларын кітап оқуға тартудың бір әдісі ретінде «Бейсенбі ертегілері» шарасы ұйымдастырылды. Бұл шараның мақсаты ертегі арқылы баланы тәрбиелеу. Аталған шараны жүзеге асыруда басты тұлға болып ата, әжелері қамтылуда. «Әкеммен бірге кітап оқу қандай тамаша!». «Әкеммен бірге кітап оқу қандай тамаша!» шаралары белең алды.
Басты мақсат – әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту бала тәрбиесіне әкенің назарын аудару, сол арқылы кітап оқуға әкелерді тарту. «Жобалау арқылы оқыту». 1-11 сынып оқушылары арасында «Оқимыз. Зерттейміз. Талдаймыз» жобалау сайысын өткізуді сәуір айының ортасына жоспарлап отырмыз. Оқушы жетістіктері. Қалалық Абай өлеңдерін, қарасөздерін жатқа оқу, шығармашылық видео дайындау, эссе жазу конкурсынан да жүлдеге қол жеткізген оқырмандарымыз аз болмады.
Кітапхана жұмысы. «Кітапханашы сабағы», «Оқы да, басқаға қалдыр!» буккроссинг алаңы үздіксіз жұмыс жасауда. Оқушылар, ұстаздар, ата-аналар оқыған кітаптарын осы алаңға өткізіп,қалаған кітаптарын алады, кітап алмасады. Кітапхананы заманауи жабдықтау. Демеушілерді тарту. Мектеп кітапханасына ағымдағы жұмыстарды жүргізу, заманауи кітапхананы жабдықтау және әдебиеттік кітаптар қорын молайту үшін бес миллион теңге көлемінде қаражат бөлінді. «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы барысында мектеп түлектері, демеуші ата-аналар қолдауымен алпыстан аса кітап сыйға тартылды.
Сонымен қатар, «Халық банкі» АҚ, ТОО «Силикат» ұжымдары да демеушілік көрсетуде. Қазақстан Ұлттық музейі және Тұңғыш Елбасы кітапханасы тартуы. Кітапхана қорына «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында Қазақстан Ұлттық музейі және «Тұңғыш Елбасы кітапханасы» жүз дана жаңа кітап тарту етті. Кітапхана қоры жаңа кітаптармен толықтырылды. Кітап оқу арқылы ғана біз болашақты болжап, келешегімізге кемел жол сала аламыз! Мектеп ұжымы жүзеге асырып жатқан «Табысты оқу» бағдарламасы бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отырғандықтан, «Оқуға құштар – мектеп, оқуға құштар – ел» идеясы біздің мақсатымыздың дұрыс бағытын көрсетіп тұр.
Алмагуль Амантайқызы КУРМАШЕВА,
№3 орта мектеп-кешені директорының
оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары,
Карлыгаш Заманбекқызы ШИЯНОВА,
директордың тәрбие ісі жөніндегі
орынбасары, Шығыс Қазақстан
облысының Семей қаласы