Отбасылық жарыста кім жеңіске жетті?
Қызылорда қаласындағы химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушылары арасында өткен «Зияткер және дені сау отбасы» отбасылық онлайн жарыс жеңімпаздары белгілі болды, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

Спорттық турнирге 9-сыныптардың қыз балалары мен олардың аналарынан құралған алты команда қатысты. Нәзік жанды аналар кеудені көтеріп тұру бойынша жарысса, зияткер қыздар бір минутқа отырып тұрудан сайысты. – Қатысушылар жаттығуларды видеоға түсіріп жіберу керек болатын. Бейнероликтерде уақыт пен санақ анық көрсетілді. Барлық командалар сайыс ережелерін толық орындап, белсенділік танытты, – деді сайыс төрешісі, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Жанна Омарова.
Загрузка...Оқушылар мен ата-аналар арасындағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында өткізілетін жыл сайынғы жарыс отбасы мүшелерінің денсаулығын шыңдауға бағытталған. Сондай-ақ бұл жаттығуларды отбасылық әдетке айналдырып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырады. Сайыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Әйгерім Тыныс пен анасы Гүлназ Жұмабай иеленсе, екінші орынды Еңлік Мұратбек пен анасы Ләззат Досмахан және Жібек Келіс пен анасы Нұргүл Жайымбетова бөліп алды. Ал Ақнұр Бисенғали мен анасы Назигүл Оспанова және Аружан Маратова анасы Сара Алматовамен бірге үздік үштікке енді.