Silkway Халықаралық университетінің берекесі болған – қос ғалым ұстаз
Осы бір қарапайым да ақжарқын, үнемі күлімсіреп жүретін кең пейілді қарияға университетке кіріп келе жатқанынан Silkway халықаралық университетінің қарауылдарынан бастап бәрі жапа тармағай амандасып жатады. Ол кісі де үлкен,- кіші демей жарқырай амандасып, хал-жағдайларын сұрайды, кейбірлеріне әзілдеп те қояды. Жастар жағы ата десе, ересектер аға-аға десіп, емін-еркін сөйлеседі. Бұл – филология ғылымдарының кандидаты, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, ЖОО-ның үздік оқытушысы грантының иегері, Ордабасы ауданының «Құрметті азаматы» Молдабек Құлахмет.

Құлахмет ағамыз 1947 жылғы ақпан айының 17-і күні қазіргі Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Шұбар ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Молдабек атамыз арабша сауатты болған кісі екен. Құранды оқып, қазақшасын түсіндіріп отырады екен. Сонымен бірге Молдабек атамыз латын әліпбиін де меңгерген екен. Есте сақтау қабілеті ерекше болған атамыз батырлар жырын жатқа оқыған. Сол кезде әр үйде орталықтандырылған радио болатын. Атамыз радиодан берілген әнді (көңіліне жаққанын) айтылып біткенше жаттап алады екен. Міне, осындай сауатты да қабілетті атадан туылған перзенттерінің ішінен екі академик шықты.
Ағасы Молдабеков Шаяхмет – техника ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық инженерлік және Қазақстан ұлттық инженерлік академиясының академигі. 1980-1988 жылдары Қазақ химия – техникалық институтының ректоры қызметін атқарған. Осындай білімді ортадан шыққан Құлахмет ағамыз өзінің ұстаздық жолын Шымкент педагогикалық институтының «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын бітірген 1969 жылдан бастады. Сол кездегі орыстандыру саясатының кесірінен мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен орын болмағандықтан, Ордабасы ауданы Бөржар ауылындағы Абай атындағы орта мектепке орыс тілі әдебиеті пәнінің мұғалімі болып орналасады.
1970-1971 жылдары Кеңес Одағы әскері қатарында борышын атқарып қайтқаннан кейін 1977 жылға дейін мектепте мұғалімдік қызметін атқарды. 1977 жылғы қаңтардың 17-інде Шымкент педагогикалық институтының «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі» кафедрасына лаборант болып орналасып, содан бері осы мамандықта еңбек етіп келеді. Кандидаттық, докторлық диссертациялары да бастауыш мектепте оқыту мәселесіне арналған. Бүгінгі күнге дейін ғалым ағамыздың қаламынан 465 ғылыми еңбек жарыққа шықты.
Жұбайы Кенжебекова Рабиға Ибрахимовна да ғалым. Ол педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстан педагогика ғылымдар академиясының академигі ЖОО-ның үздік оқытушысы грантының иегері. Апайымыз да қарапайым еңбек адамы, шаруа отбасында қазіргі Түркістан облысы, Ордабасы ауданына қарасты Күлтоған аулындағы қазіргі Елтай Ерназаров атындағы мектепте бастаған. 1993 жылы Шымкент педагогикалық институтының «Информатика және математика» кафедрасына лаборант болып ауысқанға дейін, математика пәнінен сабақ берген.

Институтқа қызметке келген жылынан бастап, ғылымға бет бұрып, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Д.Рахимбектың жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғаған. 1993 жылдан осы уақытқа дейін апай 40 ғылыми еңбектер жазып, жарыққы шығарды. Silkway Халықаралық университетінің бір отбасындағы қос профессорлардың еңбектерінің барлығы бастауыш мектеп оқыту әдістемесі проблемасына арналған. Бірі бастауыш мектепте қазақ тілін оқыту мәселесін қозғаса, екіншісі математика оқыту әдістемесін зерделеуде.
Профессор Қ.Молдабектің ғылыми жетекшілігімен бірнеше ғылым кандидаттары мен PhD докторлары, көптеген магистранттар диссертация қорғаса, профессор Р. Кенжебекованың ғылыми жетекшілігімен PhD докторлары мен магистранттар диссертациялық жұмыстарын ойдағыдай қорғады. Ізденімпаз ғалымдар, ғылыми-зерттеу жұмыстарына университет оқытушылары мен бастауыш мектеп мұғалімдері де қатыстыруда, мысалы 2020 жылы Қ.Молдабекпен Р. Кенжебекова оқытушы және бастауыш мектеп мұғалімдерімен авторлық бірлестікте төрт тілден тұратын «Бастауыш мектеп оқытушыларының қазақша-орысша-ағылшынша сөздігін» Алматы қаласында баспадан шығарды.
Қазір солармен бірлесіп, «Қазақша-арабша-орысша-ағылшынша сөздігі» дайындау үстінде. Бұған қоса профессор Қ.Молдабек пен профессор Р. Кенжебекова 2021 жылдың аяғында үш айында магистранттармен авторлық бірлестікте 87 мақала жазып жариялады. Олардың жиырма жетісіПрага қаласында (Чехия), 30-ы Нұр-Сұлтан қаласында (РИНЦ), тағы отызы дәстүрлі «Юнусов оқулары» жинағында жарық көрді. Қос ғалым 4 авторлық құқық иегерлері. Қ.Молдабек және Р.Кенжебекова ғылыми-зерттеу жұмыстарына магистранттар мен оқытушылардан бөлек студенттерді де, облыс, қалалардағы бастауыш мектеп мұғалімдерін де көптеп тартуда.
Солармен бірлесе еңбек ету нәтижесінде бастауыш оқыту проблемасына арналған 7 авторлық бағдарлама жасап, жарыққа шығарды. Атап өтерлік ерекше жағдай, қос профессорлардың жетекшілігімен магистранттар, бастауыш мектеп мұғалімдері, университет оқытушылары бірлесіп «Бастауыш мектептің қазақ тілі сабағында оқушылардың сөйлеу дағдысын ақпараттық технологиялар арқылы қалыптастыру» тақырыбында ғылыми жоба жасап, Білім және ғылым министрлігі жариялаған конкурсқа қатысып, жеңіске жетті.
Бибол Ермұратұлы ЖАҚЫПБАЕВ,
Silkway Халықаралық университетінің
ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, PhD