Кітап – сарқылмас рухани әлем
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! – деген ұлыстың ұлы күні әз – Наурыз қарсаңында, Silkway Халықаралық университеттің әкімшілігі Ақпараттық білім беру орталығына керемет тосын сый жасады. Біздің кітапханамыз өте құнды кітаптармен толығуда. Қазақтың классик ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов: – “Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім” – деген. Сол білімді алатын кітап – білімнің бұлағы болса, кітапхана – рухани байлықтың ордасы.
Ал оқырман – кітапхананың жаны деп айтсақ қателеспейміз. Себебі оқырман болмаса, кітапхана да өз міндетін толық атқара алмайды. Кітап қасиетті ұғым ретінде бағалануы керек деп ойлаймын. Silkway Халықаралық Университеті ақпараттық білім беру орталығында «Білім көзі – кітапта» тақырыбында кітапханаға түскен жаңа кітаптарды насихаттауға арналған іс-шарасы ұйымдастырылды. Басты мақсаты: іргелі оқу ордамыздың оқытушылары мен студенттеріне өз мамандықтарына сай жаңадан келген кітаптар туралы ақпарат беру, кеңінен насихаттау, студенттерді өзекті әдебиеттерді оқуға тарту.
Жалпы көрмеге түрлі саланы қамтитын 170 атаулы кітап қойылып, кітапхана қоры жаңа кітаптармен толықтырылды. Silkway Халықаралық университет өмірінде ақпараттық білім беру орталығының алатын орны ерекше. Жан-жақты бай кітапхана қоры университет акедемиктері, профессорлары және ғылым кандидаттарының жарыққа шыққан кітаптарымен қоса, отандық және шетелдік ғалымдардың сыйға тартқан кітаптарымен толықтырылып отырады.
Кітапхана қорына сыйға берілген бұл кітаптар оқытушылар мен студенттердің оқу – процесіне қатысты өте құнды дүние болары сөзсіз. – Кітап дегеніміз – қоғам. Жақсы кітап жақсы қоғам тәрізді сезім мен санаңды нұрландырады, көркейтеді. Сен қай кітаптарды оқығаныңды айтшы, мен сенің кім екеніңді айтып берейін, – деген екен Н. Пирогов. Сөзіміздің соңында заман талабына сай оқырмандардың талап-тілегін орындай отырып, жаңа ақпараттар, технологияларға байланысты бай кітап қорын жинақтап, оқырмандар сұраныстарын қанағаттандыру кітапханашылардың алға қойған басты мақсаты.
Гаухар Мынжасаровна АЛИМБЕТОВА,
Silkway Халықаралық университеті
ақпараттық білім беру орталығының меңгерушісі