Жетекші мектеп: Желілік қоғамдастықтың маңызы
Білім әлемінде орын алып жатқан өзгерістердің бірі – жетекші мектептердің іске қосылуы. Бойдағы бар білімді көпшілікпен бірге көбейтуді көздеп, көшбасшы еңбек жолына бағыттайтын бұл мектептер берілген миссияны сәтті орындап келеді. Ал біз жай мектептер тізіміне кірмейтін, қатарынан көш ілгері жүретін жетекші мектептің бірі болғандығымызды мақтан тұтамыз.

«Алмақтың салмағы мол» демекші, артылған жауапкершілік те жиі мазалайтыны рас. Алайда аса қызығушылықпен, үздіксіз ізденіспен өз міндетімізді жақсы атқарып келеміз. Біздің білім ордасы Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің тәжірибесін тарату аясында жетекші мектеп ретінде «Жалын» желілік қоғамдастығын құрды. Осы қоғамдастық аясында «Оқу мен оқыту тәжірибесіне жаңа тәсілдерді желілік өзара байланыс арқылы ендіру» зерттеу тақырыбы бойынша жұмыс істеудеміз.
Басты мақсатымыз – мектеп тәжірибесінде оқу мен оқытудағы жаңа тәсілдерді іске асыруда желілік қоғамдастық қызметі арқылы мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін жетілдіру. Ал топ жұмысының негізгі бағыттары: жобалық қызмет, сабақты зерттеу, мектеп көшбасшылығы мен басқару. Барлық жұмыстар деректерді талдау және мониторинг бойынша жүргізілді. Сауалнама, сұхбат, әңгімелесу секілді мониторинг құралдарын қолдандық. Жетістіктер де көріне бастады. Біздің ұжым мен серіктес мектептер арасындағы өзара байланыстың табысты болғаны республикалық «Үздік мектеп» сайысында № 28 мектептің жеңімпаз атануынан көрінді. Бұл «Жалын» қоғамдастығы таңдаған бағыттың дұрыс екенінің дәлелі деп білеміз.

Жетекші мектеп аясында өз кезегін күтіп тұрған іс-шаралар саны көп. Серіктес мектептерді алға сүйреп, оларды мүмкіндігі мол білім ордасына айналдыру жолында білім-білігімізді аянып қалмаймыз. Бір-бірімен тәжірибесін бөлісуге асық педагогтеріміз шеберлік көгіне шығу үшін күні бойы байланыста жүреді. Бастысы мамандыққа ерекше ынта-ықылас бар, әрі қарай тынымсыз еңбек ету арқылы барлық қиындықты еңсереміз деп ойлаймыз. Еліміздің білім жағдайын еліміздің түкпір-түкпіріндегі әр мұғалім жақсартуға міндетті.
Гүлфайраз Дауренбекқызы ЕРЖАНОВА,
А.С. Пушкин атындағы № 1 мектеп-гимназиясы
директорының орынбасары, Шымкент қаласы