Гүлнар Апеева – Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы атағын алды

Педагогикалық аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін елордалық  физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің математика пәнінің мұғалімі Гүлнар Кенжебайқызы Апеева «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағымен марапатталды, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 12 ақпандағы Жарлығына сәйкес тағайындалған  мемлекеттік награданы бүгін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов  табыс етті. Гүлнар Кенжебайқызы білім саласында отыз жылдан аса еңбек еткен зерттеуші – мүғалім, дарынды ұстаз, «Жыл мұғалімі-2012» республикалық конкурсының жеңімпазы, «Ы. Алтынсарин» медалінің иегері. 

Педагогикалық шеберлігі шыңдалған, тәжірибелі маман Назарбаев Зияткерлік мектептерінің «Математика» пәнінің оқу бағдарламалары мен әдістемелік кешендерінің құрастырушысы әрі авторы, жалпы білім беретін мектептерге арналған «Математика» пәні бағдарламасының авторы болып табылады. Өз ісіне деген сүйіспеншілік, еңбекқорлық, шығармашылық, өзін-өзі жетілдіруге ұмтылыс – Гүлнар Апееваның басты қасиеттері. Өзіндік жұмыс жүйесін қалыптастырған бірегей маман республикалық, халықаралық семинарлар мен конференциялардың белсенді қатысушысы.

Гүлнар Кенжебайқызы: – Мұғалімде Лев Толстойдан кейін «Болашақтың адамы қазірдің өзінде біздің арамызда» деп айту артықшылығы мен салмағы бар. Артықшылығы, біз, мұғалімдер, күн сайын 50-60 жыл белсенді еңбек ету келешегі бар  балаларды оқытамыз. Осыдан біздің қанша уақыт алға көз салатынымызды елестетіп көріңіз – жарты ғасыр алға қараймыз. Ауыртпалығы –  біздің жұмысымыз бізден, бүгінгі күн адамдарынан, келер толқын  тұлғаларында болуы тиіс қасиеттерді бойына дарытқан, болашақ  адамы болуды талап етеді. Өйткені, мұғалімнің жұмысы – болашақты айқындайды.

– Бұл марапат мен үшін болашаққа қатысты, ынталандыратын үлкен аванс. Наурыз мерекесінің қарсаңында әріптестеріме демалысты отбасымен өткізуге, жақындарымен, достарымен қауышуға, армандауға, жаңа жетістіктерге бастайтын әртүрлі жоспарлар құруға, олардың орындалуына тілектестігімді білдіргім келеді. Бір сөзбен айтқанда, мерекелік күндер көңілді, келер жыл тыныш, жайлы, бақытты болсын,  – дейді ұлағаты мол, танымы терең ұстаз.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий