Қызылорда – НЗМ: Сайлаухан ақын Жолановпен онлайн кездесу

«Замандастар жырлары» жобасы аясында ақын Сайлаухан Жоланов өзінің шығармашылығын ерекше сүйіп оқитын зияткер оқушылар және ұстаздармен онлайн бас қосты. Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебі ұйытқы болған шарада қаламгер өмірі мен ақындық өнерге қалай келгені жайында пікірлесті, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

Сыр бойынан шыққан әдебиет өкілі тәлімді әңгімелер айтып, жарық көрген еңбектері туралы сөз қозғады. Қалың көрерменнің ықыласына бөленіп, жүректі жібітіп, көзіне жас ұялатқан, ақиқаты аңыздай «Ақпанда адасқан қыз» поэмасын таныстырды. Шығарманың негізгі желісі Жаңақорған ауданына қарасты Төменарық ауылынан бастау алады. Ақпанда адасып қалған үш жасар Мейрамкүл есімді басты кейіпкерді жылқылар бауырына алып, қыстын қытымыр аязында қасқырлардан қорғап, аман алып қалған екен.

Шығарманың өн бойынан қазақ отбасын, халқына тән салт-дәстүр мен ұлттық болмысты байқауға болады. Сондай-ақ, тәрбиелік мәні зор поэма көрерменге жасаған жақсылықтың он есе болып өзіне қайтатынын дәлелдейді. Төрт бөлімнен тұратын қысқа сюжетті туындыны қызылордалық зияткерлер ерекше қызығушылықпен толық оқып шықты. Алған әсерлерімен оқырмандар әлеуметтік желіде бөлісті. Сондай-ақ, оқушылар шығарма бойынша иллюстрациялар дайындап, мән-мағынасын суретпен жеткізе білді.


Кездесу барысында қатысушылар спикерге өз сауалдарын жолдап, үздік сұрақ иелеріне ақын кітабын сыйға тартты. – Өмір көп нәрсеге көңіл аудару керектігін үйретеді. Ал бірақ біз айналамыздан не қажет деп сұрай бермейміз. Айналадағы табиғатпен үндесу маңызды. Мен бүгін жалынды, рухани жастардың барына көзім жетті. Қойған сұрақтары өте салмақты әрі ойландырады. Бөрілі байрақ қойнауына сіңірген ұрпақпен ел мақтанады, – деді сырбойылық ақын.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий