Жетекші мектеп: Үздіктер үлгісінің ізімен
Жас ұрпаққа сапалы, өнегелі тәрбие мен білім беру бүгінгі күннің басты талабы болып отыр. Заман талабына сай білім беру жаңа мазмұнға ие болды. Оқушы мен ұстаз, ұстаз бен ата-ана, бала мен ата-ана арасында да жаңаша қарым-қатынас орнауда. Білім саласын жаңартудағы табысты жобалардың бірі жетекші мектеп пен серіктес мектептердің бірігіп жұмыс істеуі деп өз тәжірибемізді негізге ала отырып нақты айта аламыз.
Біздің білім ордасы жаңартылған білім мазмұнын қолдау мақсатында аудандағы жетекші мектептің бірі ретінде кеңінен танылғаны ұйымшыл ұжым үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Жүктелген міндетті абыроймен атқаруда Педагогикалық шеберлік орталығының Өскемен қаласындағы филиалы көп қолдау көрсеткенін айта кеткен жөн. Орталық мектептердің жұмысын жандандыруда көшбасшысы және сыни бағалаушы да бола отырып, жаңа бастамаларды қорықпай еңсеруде жол көрсетті.
Жетекші мектеп пен серіктес мектептердің тәжірибе алмасу үрдісі қалай жүзеге асады? Әрине тәжірибені үстіртін емес, терең мазмұнда тарату ісінде шеберлік сабақтары, семинар, конференциялар, пікірсайыстардың атқарар рөлі орасан. Жетекші мектеп ретінде жауапкершіліктің бар салмағы бізде екені анық. Серіктес мектептерге үлгі бола отырып, әртүрлі облыстық, республикалық, халықаралық форумдарда өз тәжірибемізді көрсеттік, таныттық.
Ізденісімізді арттыра отырып, мектептегі әр мұғалім шығармашылық әлеуетін іске қосты. Мектеп ұжымы жаңаша оқу бағдарламасын меңгеруде бірнеше зерттеу сыныптарымен жұмыстар жүргізді. Сабақты зерттеу және Іс-әрекеттегі зерттеу бойынша құрылған ұстаздардың пікірталас алаңы де нәтижелі көрініс беріп жатыр. Атап өтетін ең басты жетістік – оқушылар білімінің сапасы артуда.
Жетекші мектептің жағдайында қол жеткізген жетістіктеріміз бір биік таудай деп мақтана аламыз. Дегенмен бұл біз үшін әлі де аз жетістік. Білім саласында күн сайын заманауи үлгідегі өзгерістер орын алуда. Біздің ұжым жаңашылдыққа шапшаң ілесудің шеберіне айналды. Сол себепті алдағы қадамдарымызды алдын ала жоспарлап, шәкірттерімізді сапалы білім нәрімен сусындатуда серіктес мектептермен бірлесе отырып келешектің қамын бірге ойлаймыз, бірге жасаймыз.
Елімізде білім сапасын көтеру, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, заман ағымына ілесе алатын жан-жақты функционалды білімі бар тұлға тәрбиелеу жақсы жолға қойылып отыр. Ұстаздардың мәртебесіне де ерекше мән беріліп, нәтижелі, жемісті еңбекке жол ашылуда. Мұғалімдердің кәсіби дамуы үшін де барлық жағдай жасалып отыр. Жаңаша оқыту ұстаздарды да, шәкірттерді де ашықтыққа, еңбекқорлық пен жаңашылыққа, шығармашылыққа тәрбиелеу үстінде.
Өскемен қаласында (2019 жылы) ұйымдастырылған «Жетекші мектеп – білім мазмұнын қолдаушы мектеп» тақырыбындағы бірінші халықаралық форумның мінберінде мектебіміздің үш жылдық жұмыс тәжірибесі таныстырылып, ұстаздар еңбегінің жетілуіне, одан әрі шыңдалуына үлкен септігін тигізді. Білім шаңырағымыз үш жыл қатарынан ауданымызда «Үздік ауыл мектебі» атанып отырғаны да біз үшін абырой деп санаймын. Осындай жетістіктерге жету бірлесе атқарған зор еңбектің жемісті нәтижесі екені сөзсіз.
Гүлнұр Ырғызбайқызы СИХЫМБАЕВА,
Оспанқұл Меңаяқұлы атындағы жалпы
орта білім беретін мектебінің директоры,
Шығыс Қазақстан облысындағы Аягөз
ауданының Баршатас ауылы