Ақтау – НЗМ: Дариға Болатбай – “Елбасы медалі” жобасының қола жүлдегері

Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Дариға Болатбай жастарды кешенді дамытуға арналған «Елбасы медалі» жобасының қола медаліне ие болды. Ұлттық деңгейдегі жастарды қолдау бағдарламасының жүлдегері жеті бағыттан тұратын тапсырмаларды алты ай бойы орындаған, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі. 

Әбіш Кекілбаев атындағы тарихи-өлкетану музейінде жобаның Маңғыстау облысы бойынша жеңімпаздарын марапаттау салтанатты рәсімі өтті. Жеңімпаздарға медалді Маңғыстау облыстық білім беру басқармасының орынбасары Айжақсы Жылқыбайқызы табыс етті.

– “Елбасы медалі» жастарды ұлттық нақышта сыни ойлауға бағытталған ерекше жоба. Маңғыстау облысында жастардың жобаға қызығушылық танытып, белсенді қатысқандары қуантады. Еліміздің болашағына үлес қосар ұрпақты тәрбиелеуде жобаның берері мол. Сондықтан барша жүлдегерлерді құттықтаймын, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Ал қола медаль иегері Дариға Болатбай жобадан дүниетанымы кеңейе түскенін және тұлғалық дамуына жобаның әсері көп болғанын айтады. – Елбасы медалі жобасының негізінде мен волонтерлік қабілетімді дамытып, кітап оқуға құштарлығымды арттырдым. Жоба аясында бос уақытымда Тұщықұдық ауылындағы көпбалалы отбасыда тәрбиеленіп жатқан балаларға ағылшын тілін үйреттім. Бұл пандемия кезінде маған көп көмегін тигізді. Сондықтан жоба ұйымдастырушыларына алғысым шексіз, – дейді ол.

Айта кетейік,  «Елбасы медалі» – жастарды кешенді дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі бағдарлама. Жобаға қатысу арқылы, жастар өз уақытын басқаруға, мақсат қоюға және оларға жүйелі түрде қол жеткізуге, салауатты өмір салтын ұстануға және үнемі өзін-өзі дамытуға үйренеді.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий