“Адам және экология” телекөпірі: Экологиялық мәдениет, экологиялық сауаттылық, экологиялық білім
Бүгінгі күні экологиялық мәдениетті арттыру, қоршаған ортаны аялау – басымдыққа ие міндеттердің бірі. Сондықтан да елімізде «Жасыл ел» жобасы қабылданып, осы бағдарлама аясында маңызды істер атқарылуда. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму: біздің еліміз үшін бірінші кезектегі мәселе, маңызды және негізгі міндетіміз. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды», – деген болатын.

Республикалық орталықтың жергілікті филиалына қарасты білім кешені 2021 жылдың «ECO FEST-2021» жас экологтардың бейіндік ауысымы аясында Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің жаратылыстану және география институтымен бірлесе отырып, «Адам және экология» атты республикалық экологиялық телекөпір ұйымдастырды. Бұл іс-шараның басты мақсаттарының бірі – оқушылардың бойына экологиялық дүниетанымды, мәдениетті сіңіріп, табиғат пен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру. Телекөпірге аталған оқу орнының оқытушылары, магистрантар, студенттер мен «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы филиалдарының демалушы оқушылары қатысты.
2020-2021 оқу жылында жоғары оқу орындарында, жалпы білім беретін мектептерде экологиялық тәрбиені дамыту басты орында екендігін ескерсек, аталмыш іс-шараның жас ұрпақтың бойына экологиялық сауаттылықты қалыптастыруына зор үлесін қосары сөзсіз. Телекөпір жұмысы түрлі алаңдардан құрылып, алаңдарда экологиялық білім, еліміздегі экологиялық мәселелер, экологиялық сауаттылық мәселелері сөз болып, түрлі ғылыми тың көзқарастар, экологиялық мәселелердің шешілу жолдары қарастырылды.
Телекөпірді жаратылыстану және география институтының директоры, география ғылымдарының докторы, профессор К.Каймулдинова алғы сөзімен бастап, бүгінгі күні экологиялық мәселелердің өзекті екендігін қарапайым мысалдармен оқушыларға айтып өтті. Сондай-ақ, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Г.Сабденалиеваның «Электромагниттік сәулеленудің адам денсаулығына әсері» атты баяндамасында электр сәулелерді тарататын технологиялардың пайдалы және зиянды жақтарын көрсете отырып, экологияның адам денсаулығындағы ролін нақты көрсетті.
Ал педагогика ғылымдарының докторы, профессор К.Бакированың «Формирование экологической культуры личности» тақырыбындағы баяндамасы оқушылар бойына экологиялық мәдениетті тұлғаны қалыптастыруға үлкен үлесін қосты, сонымен қоса экологиялық мәдениетті арттыру саласында құрылған ұйымдарды таныстырды. Қоршаған орта жағдайы әлемді тебірентіп отырған ауқымды мәселе. Осы мәлелелерді шешу барысында әлем және отандық ғалымдардың зерттеу жұмыстарын танытып, оқушыларды зерттеушілікке қызықтыру, ғаламдық проблемаларды шешуге ат салысуға шақыру басты мақсат.

Бұл тақырыптағы баяндамасымен география ғылымдарының PhD докторы, аға оқытушы Д.Алиаскаровтың еңбегі оқушылар санасында сақталатыны анық. Сонымен қоса, «Жасыл Қазақстан» бағдарламасын түсіндіру үшін экология ғылымдарының PhD докторы, аға оқытушы А.Сейлханның «Жасыл Қазақстан» бағдарламасы – экологиялық мәдениеттің кепілі» атты баяндамасы келешек ұрпаққа экологиялық тәрбиені мектеп қабырғасынан дарыту керектігін ұғындыра білді.
«Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру бас орталығы және филиал оқушылары өз туған өлкелерінің экологиялық өзекті мәселелері туралы ой қозғады. Бірінші болып «Балдәурен» республикалық орталықтың оқушылары «Судың экологиялық проблемалары» атты баяндамасында Бурабай өлкесінде орналасқан өзен-көлдердің жағдайлары туралы тың статистикалық мәліметтер келтірсе, Түркістан өлкесінің топырақ экологиясы жайлы осы аймақтағы филиалдың оқушылары тұшымды пікірлерін айтты.
Балқаш қаласындағы филиалдың оқушылары «Атмосфера экологиясы» мәселесін көтерді. Қапшағай қаласындағы филиалдың оқушылары «Электр энергиясы» тақырыбындағы желілік білім беру модулі және инстаграм парақшасында бастау алған #myecochallenge атты челлендждің әсері және қорытындыларымен бөлісті. Телекөпір барысында «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру бас орталығы және филиалдарының оқушылары, Абай атындағы ҚазҰПУ Жаратылыстану және география институты профессор-оқытушылары арасында сұрақтар алаңы құрылып, жоғарыда көрсетілген өзекті мәселелер талқыланды. Тәрбиелік маңызы зор «Адам және экология» атты телекөпір өз мақсатына жетті деген ойдамыз.
Бану Ракымбердиевна ИГИСЕНОВА,
Гүлжауһар Нұржанқызы ТӨЛЕНДІ,
“Балдәурен” республикалық оқу сауықтыру
орталығы филиалындағы білім кешені
мұғалімдері, Алматы облысының
Қапшағай қаласы