Ақын әлемі: Тың даланың қызы

Туған өлкем, байтақ далам, тың далам,
Дүбіріңді бүкіл ғалам тыңдаған.
Дарынымның сарқылмайтын бұлағы,
Мәңгі қайнар, таусылмайтын жыр маған, – деп бестөбелік жерлесіміз ақын, жазушы Рысты Шотбаева өз өлеңдерінде туған өлкеге деген шынайы сүйіспеншілігін осылай жырлаған.

Ол кісімен мен  көзі тірісінде бірнеше  рет кездесіп, әр түрлі тақырыптағы әңгімелерін тыңдап, болашақтағы жоспарлар туралы ой бөліскенбіз. Әлі есімде кітапхана меңгерушісі ретінде алпыс жасқа толуына орай Сілеті аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған мерейтойдың куәгері болған едім. Сол жүздесуде ол өзінің кіндік қаны  тамған  туған жеріне деген ыстық сезімін, оқырмандарына деген сүйіспеншілігін өлең жолдарымен жеткізгісі келіп, бірнеше туындыларын оқып берді. Рыстының туып өскен жеріміз Қорғалжын ауданы. Әке-шешесінен ерте қалған  ол ағасының  қолында тәлім-тәрбие алған.

Жастайынан халық ауыз әдебиетімен сусындап, шұрайлы шығармаға қызығушылығы артқан. Білім педагогика саласында жетілдірген жас маман мектепте 18 жыл қызмет атқара жүріп, поэзия  мен проза бағытында көптеген тырнақалды туындыларын жазды. Рысты Шотбаеваның өлеңдері, поэмалары, әңгімелері, пьесалары талай газет-журналарды жарияланып, жеке кітап болып шықты. «Ерейментау етегінде», »Байғазы», «Достық  жолында», «Арайлы таң», «Толқынды Нұра» өлеңдер жинағы, «Айсәуле» әңгімесі, «Үлкен үй», «Енелер мен келіндер», «Құнанбайдың құдалары» атты пьесалары.

«Көк қарындаш», «Жалқаудың  жазасы» балаларға  арналған  шығармалары оқырман қауымның лайықты бағасын алған болатын. Кейіпкеріміз туралы журналистердің жазғандары да жетерлік. Өкінішке орай, автордың еңбектері біздің кітапхана қорында жоқ. Дегенмен, бұқаралық ақпарат құралдарындағы мәліметтер мен жеке мұрағатта сақталған деректер арқылы «Жан серігім, сырласым – өлеңім» тақырыбында арнайы ұйымдастырдым. Талантты дарынның шығармалары өскелең ұрпақ үшін өнегелі мұра болары даусыз. Сондықтан біз танымал жерлесіміздің есімін ешқашан естен шығармай, ұдайы мақтан тұтамыз.

Орынбасар МУСИРОВА,
№5  көпсалалы мектеп лицейдің
кітапхана меңгерушісі, Ақмола
облысының Степногорск қаласы

Қиналған сәт
Кең даланың ойы менен қырларын,
Кімдер білер онда қандай сыр барын.
Сары даланың сағымындай сағыныш,
Түйін тауып шешілмеген жырларым.

Көз ашқалы көп нәрсе екен көргенім,
Кейде асығыс көңілімді бөлмедім.
Бауыр етің, іштен шыққан балаңның,
Қандай жаман қиналғанын көргенің.

Көздегенің ойлағандай болмаса,
Қанағатсыз барға көңіл толмаса.
Орны толмас өмірдегі бір қиын,
Әлдекімдер намысыңды қорласа.

Бұл дүние екі айналып келмейді,
Қол жеткендер көкке құлаш сермейді.
Ең қиыны іштен шыққан балаңа,
Бақыт сыйлау неге қолдан келмейді?!

Рысты ШОТБАЕВА

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий