Педагог кадрлардың біліктілігін арттыру – кәсіби оқыту нысаны
Білім алушыларға сабақ беру мен оқыту сапасын арттыру үшін мұғалім өзінің кәсіби білімі мен іскерлігін үздіксіз жетілдіріп отыратын, құзіретті маман болу керек. Бұл жолда ең бірінші білімді жетілдіруге мүмкіндік беретін, кәсіби шеберлікті шыңдап дамытып отыруға аса қажетті нысан – біліктілікті арттыру курстары. Біліктілік дегеніміздің өзі – білімді меңгертудегі құндылықты бейнелейтін қабілеттілік және іскерлік, дағдылар мен жұмыс тәжірибесінің жиынтығы.
Біліктілікті арттыру курстарының негізгі мақсаты – білімді де білікті мамандардың бойында іргетасы нық қаланған жүйелі білім, кәсіби іскерлік пен дағды, шығармашылық белсенділік пен еркіндік, мәдени ойлай білу қабілеттерін дамыту. Қазіргі таңдағы ұстаздардың алдында тұрған басты мақсат – ғылым мен техниканың даму деңгейіне сәйкес білімі терең, іскер және ойлауға қабілетті, әлемдік стандарттар негізінде жұмыс істей алатын, бәсекеге қабілетті құзырлы тұлғаны қалыптастыру.
Педагогтердің біліктілігін арттыру – білім беру реформасының өзекті мәселесі болып қала бермек және осы бағытта елімізде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Біліктілікті арттыру курстарында педагогтердің кәсіби міндеттерді шешуге бағытталған жаңа әдіс-технологияларды меңгеруіне, білімі мен білігінің аясын кеңейтуге баса назар аударылып келеді. Курстарда мұғалімдердің білім алу мен кәсіби дағдысын қалыптастыру ғана емес, сондай-ақ кері байланыс орнатудың да маңызы үлкен.
Курс аясында педагогтердің қызметтік салада туындайтын түрлі жағдаяттарды шешуде өзара тәжірибе, пікір алмасуына мүмкіндіктер жасалады. Іле ауданы бойынша «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы филиалында білім беру мазмұнын жаңарту бағдарламасы бойынша мектеп үйлестірушілері, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, “Тәжірибедегі рефлексия” тақырыбы бойынша мектеп тренерлері – 51, бірінші деңгей “Педагогикалық қоғамдастықтағы мұғалім көшбасшылығы”, екінші деңгей “Мектептегі мұғалім көшбасшылығы” тақырыбында біліктілік арттыру курсынан -560, ЖББ бойынша -3100 педагог қамтылды.
“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ филиалы Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының жоспары негізінде қысқа мерзімді біліктілік арттыру курсынан барлығы – 1300 педагог өтті. Республикалық институты ББЖКБАРИ базасында: робототехника, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, педагог ұйымдастырушысы біліктілік арттыру курсынан өтті. Барлығы – 160 педагог.
Қазіргі кездегі қашықтан оқытудың басым бағыты – телекоммуникация құралдарының көмегімен құрылған оқушы мен оқытушының жеке танымдылығының қызметі. Бұл тәсіл білім беру субъектілерінің өзара іс-қимылының интерактивтілігін және оқу процесінің өнімділігін қамтамасыз ететін ақпараттық және педагогикалық технологияларды біріктіруді көздейді. Бұл жағдайда ақпарат алмасу және жіберу оқушылардың нәтижелі білім беру қызметін ұйымдастыру үшін көмекші ортаның рөлін атқарады.
Міне осы кезде мұғалімдер үшін біліктілік арттыру курстарының маңызы ерекше болды. ПШО, «Өрлеу» БАҰО» ұйымдастырған синхронды түрдегі курстардың (чат, бейне байланыс, қашықтағы тренерлер мен мұғалімдерге ортақ “виртуалды тақталар” және тағы басқалар), сонымен қатар асинхронды түрдегі курстардың мұғалімдер үшін маңызы зор екені сөзсіз (электрондық пошта негізіндегі телеконференциялар).
Қорыта айтқанда біліктілік курстарынан өту арқылы педагогтер жаңартылған білім беру бағдарламасының құрылымын, мақсаттары мен міндеттерін меңгере отырып, тиімді оқыту мен оқу материалдарын пән бойынша жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес қолдана алады. Оқу бағдарламасымен бірге пайдаланылатын бағалау моделіне қол жеткізудегі критериалды бағалау жүйесін, жаңартылған білім білім беру бағдарламасына байланысты тиісті оқыту әдістемесін тиімді қолдануды игереді. Кәсіби біліктіліктерін дамытады.
Осы жерде біліктілік курстарын ұйымдастырудағ Алматы облыстық білім беруді дамыту оқу – әдістемелік орталығының әдіскері Ахметова Бибігүл Рысбекқызының ерен еңбегін атап өткен жөн. Курс мұғалімдерге біліктіктерін арттырып, білім қорын кеңейтуге, сонымен қатар әр түрлі білім беру орталықтарынан келген әріптестерімен тығыз қарым-қатынас орнатуға керемет мүмкіндік береді.
Г. ТУРМАНБЕТОВА,
Іле аудандық білім беруді дамыту
оқу – әдістемелік орталығының
әдіскері, Алматы облысы