Қашықтан оқытудың тиімділігі

Қазіргі уақыттағы бүкіл әлемде ушығып тұрған эпидемиялық төтенше жағдайға байланысты қашықтан оқыту мәселесіне көшуге тура келді. Мұғалім мен оқушы енді алыс отырып, яғни қашықтан жұмыс жасап отыр. Қашықтан оқыту ақпараттық құралдар және ғылыми негізделген тәсілдер арқылы білім алу формасы. Қашықтан оқыту – білім алушы мен педагог қызметкерінің жанама (алыстан) немесе толық емес жанама өзара іс-қимылы кезінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды және телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып жүзеге асырылатын оқыту.

Қашықтан оқыту технологиясын қолдана отырып білім берудің мақсаты: сапалы білім беру қызметін алуда азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейту; әлеуметтік жағдайына, жасына, денсаулығына және өмірдің тағы басқа себептеріне қарамастан қамтамасыз ету. Еліміздегі үш миллионнан астам оқушының тиісті білім алуын қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Бұған дейін ұстаздың қарсы алдында отырып сабақ алған бала алғаш рет компьютер мен смартфонға үңілмек. Ал қашықтан оқытуға “Balapan” (қазақ тілінде) мен “Еларна” (орыс тілінде) телеарнасы да атсалысып жатыр.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, аз уақытта жұмыс тобы құрылып, мамандар жаңа форматтағы білім жүйесінің моделін жасады. “Індет кезеңінде оқу үрдісін ұйымдастыру бойынша уақытша шаралар енгізген көршілес елдердің тәжірибесі, халықаралық тәжірибе зерделенді. Оқушылар үшін 2 мыңнан астам телесабақ әзірленеді. «Қашықтан оқыту» түсінігі оқушы мен мұғалім арасындағы қашықтықтың бар екенін көрсетеді. «Онлайн-оқыту» тақырыбы интернет-байланыс арқылы жүреді. Яғни, мұғалім мен оқушы бір-бірінен бөлек тұрады.

Ұстаз тапсырмаларды беріп, оның орындалуын қарап, бағалап, кері байланыс жасап,қайтадан оқушыға жібереді. Оқушылар өз кезегінде сабақтарға қатысып, берілген тапсырмаларды орындап, мұғалімге тексеруге жібереді. Бас кезінде айтарлықтай қиындықтар туындады, бірақ ұстаздар үнемі тығырықтан шығатын жол іздеп жүретін адамдар. Сабақ жоспарының тезисін құру арқылы тапсырмалар дайындап,оларды оқушыларға күнделік кз, вацап арқылы жіберіп, кері байланыс орната алатын мүмкіндігіміз бар.

«Біз үшін барлық сабақ орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сай оқу бағдарламасы бойынша, сабақ кестесіне сәйкес, цифрлық білім беру ресурстары бойынша әдістемелік қолдаумен және мультимедиалық материалдармен қамтамасыз етіліп, ұстаздар үшін алдын ала әзірленген жоспар бойынша жүргізілгені маңызды. Бастысы, білім алу тетігі сапаға әсер етпеуі қажет, – деген министрдің айтқанын қолдап, расында, білім сапасы төмендеп кетпеуі үшін бар күш-жігерімізді саламыз.

Барлық жер шарының тұрғындары осы індеттен тез жазылып, оқушылармен бетпе-бет жүздесуге асықпыз! Маған қашықтан оқыту ұнады. Себебі ақпараттық-коммуникациялық технологияларды және телекоммуникациялық құралдарды қолдануда білімдерімді тереңдеттім. ZOOM платформасымен видеосабақ жасауды үйреніп, оқушыларға шағын сабақтарды түсіндіріп Whatsapp желісі арқылы жіберіп отырмын. Сонымен қатар оқушылар да үнемі тапсырмаларын орындап, кері байланыс жіберіп отыр.

Қорыта айтқанда, қашықтан оқыту қазіргі заман талабы болса, оны ұйымдастыруда ең бастысы электрондық материалдар, қашықтан оқытудың дидактикалық жасалымы, педагог-үйлестірушілерді дайындау болып табылады. Бұл біліктілігі жоғары, зияткерлік және кәсіби деңгейі дамыған, халықаралық дәрежедегі бәсекеге төзімді қоғам құруға зор көмегін тигізеді. Қашықтан оқыту технологиясының артықшылықтары: заман талабына сай ақпараттық-телекоммуникациялық технологиялар мен құралдарды қолдану; интерактивті әрекеттесу формалары; сапалы білім алу; уақытты үнемдеу; ыңғайлы уақытта оқу; территориялық шектеулер жоқ; денсаулық күйі бойынша шектеулер жоқ.

Білім беру жүйесінің ортасында оқушы тұратынын ескерсек, оқыту жүйесі тұтасымен өзгереді. Мұғалім оқушыға арналған өзіндік жұмыстарды, тәрбиеге қатысты жұмыстарды ұйымдастырумен шұғылданады. Қашықтан оқыту технологиясын қолдануда мұғалімнің рөлі арта түседі және өзгереді. Әрбір мұғалімнен ізденуді, шығармашылық жұмыс жасауды, алыс-жақын шет елдердің озық тәжіребиелерімен танысуды және оларды күнделікті өмірде қолдануды қажет етеді.

Гүлназ Қалменқызы ТҰРҒАНБАЕВА,
1 Май мектебінің  ағылшын тілі пәні
мұғалімі, Алматы облысының Қарасай
ауданындағы Бекболат ауылы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий