Идеал мектеп! Ол қандай болуы керек?..

Мектеп басшысы ретінде осы сұрақ мені үнемі алаңдататын. «Идеал мектеп» қатарына қосылу үшін бізге не кедергі және қандай мүмкіндіктер бар? Мектептегі менеджментті, бәлкім мұғалімдердің біліктілігін жетілдіруді немесе оқыту стильдерін өзгерту керек пе екен деген ойлармен жүретінмін. “Сабақ оқушылардың интеллектуалды өмірінде құр ғана сабақ болып қоймас үшін, ол қызықты болу керек. Осыған қол жеткенде ғана мектеп оқушылар үшін рухани өмірді тілеген ошағына, мұғалім осы ошақтың құрметті иесі мен сақтаушысына айналады”, – деген В. Сухомлинский пікірімен толық келісемін.

Себебі мектепте өтілген әрбір сабақ оқушы үшін өмірлік азық, мұғалім үшін биік нәтиже болуы керек деп ойладым. Осы тұста білім мазмұнының жаңаруына сәйкес ұйымдастырылған курстар менің ойымның жүзеге асуына үлкен мүмкіндік болды деп айтар едім. Сол курстарға мектептің лидерлерін, яғни көшбасшы мұғалімдер қатарынан жіберуге тырыстым. Мектеп әлеуетін жақсартуға біздегі бар басты ресурс –мектептің әдістемелік активін жандандыру екенін түсіндік. Курстан өткен мұғалімдер шынымен де жаңа серпінмен, тың идеялармен келді. Тиімді көшбасшылық мектеп жүйесін жетілдірудің басты элементі болып табылатындығына тағы көзіміз жетті.

Курсты аяқтап келген ұстаздар арқылы сабақ процесіне, мұғалімдердің оқыту стиліне өзгерістер енгізіле басталды. “Басқаларды үйрете отырып, біздің өзіміз де үйренеміз”, – деп Сенека айтпақшы, ұжым болып өзара, бірін-бірі оқыту арқылы мектеп мәдениетін қалыптастыра алдық. Деңгейлік курстан өткен мұғалімдермен қатар, жаңа бағдарламаның идеясына қызығушылық танытқан мұғалімдерден «Серпін» желілік қоғамдастығы құрылды. Қоғамдастық аясында мұғалімдер мен директор орынбасарлары өзара тәжірибе алмасып, инновациялық тәсілдерді өз қызметтеріне енгізіп қана қоймай, өткізген сабақтарына, атқарған шараларына сыни талдау жасай алатын болды.

Мектеп лицейде «Мұғалім тәжірибесіндегі зерттеу», «Мұғалім тәжірибесіндегі рефлексия» бағдарламалары бойынша ертификатталған тренерлер өз әріптестерін сабақты зерттеуге ғана тартып қоймады, оларды сабақты зерттеу арқылы өздерінің оқыту дағдыларын жақсартуға ықпал етті. Бұған дейінгі тәжірибемізде сабақты бірлесе жоспарлау, сабақты бірлесе зерттеу, проблемаларды бірігіп шешу үдерістері мүлдем жүргізілмейтін еді. Зерттеу сабағын тәжірибеге енгізу мектебіміздегі өзекті проблемалардың шешімін табуға мүмкіндік берді.

Сабақты зерттеу оқушыға саналы білім беруді көздеген, бір мақсатқа жұмылған ұстаздар шеберханасы деп айтсақ, артық айтпаған болар едік. Мектеп-лицейіміздің 2019 жылдан бастап жетекші мектеп қатарына енуі біздің мектеп дамуындағы келесі бір елеулі фактор болды деп айтар едім. «Серпін» желілік қоғамдастығы жұмысы, жетекші мектеп ретінде аудандағы екі мектеппен орнатылған байланыс көшбасшы педагогтер арасындағы озық тәжірибе алаңына айналды. Магниттік мектептер желісі арқылы педагогтер шығармашылық әлеуетін дамытуда, білім мазмұнының тың идеяларын іске асыруда бірлесе жұмыс атқарып келеді.

Қоғамдастық аясындағы іс-шаралар мұғалімдердің бірлестіктер арасындағы байланысын орнатып, пән мазмұнының тереңдеуіне ықпал етті. Соның нәтижесінде мектеп-лицей оқушылары мен мұғалімдері аудан көлемінде ғана емес, облыс, республика көлемінде тәжірибелерін таратып, сайыстарда жүлделі орындарды иелене бастады. Ұйымшыл ұстаздар ұжымы былтыр республикалық «Мың бала» интеллектуалды білім сайтының «ЕҢ ҮЗДІК МЕКТЕП» аталымы бойынша бірінші орынға қол жеткізді.

«Республиканың үздік мектебі – 2020» байқауына ҚР-ның оқу орындары арасында «ҚР үздік аудандық лицей, гимназия» номинациясы бойынша үшінші дәрежелі дипломмен марапатталуы да мектептегі көшбасшы мұғалімдердің шығармашылық ізденісі мен сарқылмас еңбектерінің жемісі дер едім. Әйтсе де білім ордасындағы әдістемелік актив мүшелерінің атқарған нәтижелі жұмыстары арқылы толықтай «идеал мектеп» болдық деп айта алмаймыз. Дегенмен мектеп мәдениетінің қалыптасуы, білім сапасының артуы, оқыту мен оқудағы инновацияларды енгізу жолындағы алғашқы қадамды жасағанымыз ақиқат.

Жанболат Опабекұлы НАЗАРОВ,
№ 129 мектеп-лицейінің директоры,

Қызылорда облысының Сырдария ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий