Заманауи ұстаз келбеті

Бүгінгі әлем дамуының жаңа ұстанымдары білім беру жүйесінен күн сайынғы экономикалық, әлеуметтік және мәдени өзгерістерге мейлінше бейімделуді талап ететіні баршаға аян. Әлем қазіргі күні «білім қоғамын» және «білім экономикасын» құру бағытында. Мемлекеттік білім беру жүйесіндегі қазіргі ең басты мәселелердің бірі Қазақстан Республикасындағы білім беру жүйесін ақпараттандыру болып табылатыны белгілі. Білім берудің біртұтас ақпараттық жүйесін құру – информатика пәні оқытушысына тікелей қатысты екені рас.

Шелек политехникалық колледжінің информатика пәнінің оқытушысы Жиренова Айгүл білім беру үдерісінде қашықтықтан оқытуда вебинар; бейне сабақ,online тренинг;”online”, “offline” режимдеріндегі технологияларын қолдана білетін іскер маман. Айгүл Барибаевнаның –  оқытудың заманауи әдістеріне, байланыс және ақпарат берудің техникалық құралдарына негізделген білім беру технологияларын қолдану тәжірибесі әріптестеріне үлгі. 1996 жылы өзінің туған жері – Алматы облысындағы Еңбекшқазақ ауданының Қызылшарық ауылындағы М.Әуезов атындағы мектепті ойдағыдай аяқтады.

Сол жылы Есік қаласындағы педагогикалық колледжді «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша оқуға түсіп 2001 жылы дипломды маман атанған еді. 2001 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына «физика-информатика» мамандығы бойынша оқуға түсіп 2006 жылы жақсы бітіріп шықты. 2006-2008 жылдары Алматы қаласы №17 мектеп-интернатында информатика пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарды. Өскелең ұрпақтың жүрегіне жол таба білген кейіпкеріміздің шәкірттері республикалық байқауларда жеңімпаз атанды.

Бәсекеге қабілетті ұрпақ дайындап, шәкіртінің шығармашылық дағдыларын жетілдіруде белсенділік танытқан ұстаздың алғыс хаттары мен марапаттары аз емес. 2008 жылдан бері Шелек политехникалық колледжінде информатика пәні оқытушысы және IT маман болып қызмет атқарып келеді. Шәкірті Масимжан Руфат жеңімпаз атанып, «Мамандықпен мақтанамын» атты республикалық онлайн байқауында екінші дәрежелі дипломға ие болды. Айгуль Барибаевна әрдайым өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын заманауи   ұстаз.

Елімізде болып жатқан төтенше жағдайға қарамастан ұжыммен бірлесе отырып, колледждің оқу-тәрбие жұмыстарына байланысты түрлі семинарлар мен вебинарларды ұтымды ұйымдастыру барысында ақпараттық технологияларды қолдануда білімі мен біліктілігін көрсете білді. Айгүл отбасында  аяулы жар және үш ұлының ардақты анасы, әулеттің әдепті келіні. Тұңғышы- Алихан бүгінде жоғары оқу орнының озат студенті. Ол білім беру тұжырымдамаларына қоса әдістемесін, оқыту бағдарламаларын және қаржыландыруды қамтитын жүйе тетігін жетік меңгерген.

Айгүл Барибаевна ұжымда сыйлы, беделді маман. Адамгершілік қағидасын жоғары ұстайтын ол әрқашан көмегін аямай, қол ұшын созуға даяр. Студенттердің оқу үдерісі барысында игеруге тиісті білім, білік, дағдыларын қалыптастыруды қамтамасыз етіп, тәрбиелеу мен дамытуға бағытталған іс-әрекет түрлерін оқыту –заманауи  ұстаздың басты назарында. Оқу үдерісіндегі оқыту мен студенттің білікті маман ретінде қалыптасуына қажетті білім, білік, дағдыларды қалыптастыру- негізгі басым бағдары.

Оқытушы мен студенттің өзара байланысты іс-әрекет түрлері оқыту әдістерін жетік меңгерген заманауи ұстаздың бүгінгі келбеті алпыс алты жылдың терең әрі тағылымды тарихы бар біздің кәсіби оқу орнындағы барлық әріптестеріне үлгі. Дамыған елдердегі білім беру жүйесінде ерекше маңызды болып табылатын мәселелердің бірі — оқытуды ақпараттандыру, яғни оқу үрдісінде ақпараттық технологияларды пайдалану болып табылады. Қазіргі таңда да елімізде білім беру жүйесінде жаңашылдық қатарына ақпараттық кеңістікті құру қолға алынып, көкейкесті мәселе ретінде күн тәртібінен түспей отырғандығы рас.

Бүгінде білім – болашақ бағдары болғандықтан,кез-келген маман даярлайтын оқу орынның басты міндеттерінің бірі – жеке тұлғаның құзіреттілігін дамыту екені белгілі. Құзірет – білімгердің жеке және қоғам талаптарын қанағаттандыру мақсатындағы табысты іс-әрекетіне қажетті білім дайындығы – заманауи ұстаздардың еншісінде екенін жақсы біледі. Айгүл Жиренова тәжірибе тәлімгер ретінде де жас ұстаздарға көмегін аямайды. Білім беру үрдісін ақпараттандыру – ақпараттық комуникациялық технологияларды пайдалану арқылы дамыта оқытып,  дара тұлғаны бағыттап оқыту мақсаттарын жүзеге асыруға мүдделі.

Осы орайда оқу – тәрбие үрдісінің барлық деңгейлерінің тиімділігі мен сапасын жоғарлатуға өз үлесін қосып келеді. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының Құрмет грамотасымен, «Рухани жаңғыру» ақпараттық сараптамалық орталығынан «Қазақстан педагогтарының 100 үздік мақаласы»: білім, ғылым, әдістеме» атты республикалық байқаудың «Үздік сабақ жоспары» аталымы бойынша бірінші дәрежелі дипломына қоса Алғыс хаты және арнайы төсбелгімен марпатталды. «Жас білімпаз» республикалық студенттер байқауында шәкірттеріне жүлделі орынды иеленгені үшін арнайы Диплом табысталған болатын.

Бүгінде  талабы күшті қоғамның ағысы қатты. Ал сол ағысқа қарсы шәкіртті дайындау тағы да заманауи ұстаздарға артылар ауыр жүк екені даусыз. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші Айгүл Барибаевнаға жемісті еңбегінің нәтижесінде жетістіктері көбейсін дген ізгі ниетпен, шығармашылық табыстар тілеймін!

Бибінұр Алтановна БАЙТОРИЕВА,
Шелек политехникалық колледжінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы,
Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий