Геология мамандығының негізін қалаушы – ұстаз Шаhмардан

Отандастардың ойында ұлылығы уақыт келе артатын көрнекті тұлғалар бар. Бұл қатарда Қ.И.Сәтбаевтың жақындары, ерекше дарынды шәкірттері мен әріптестері арасында, Қазақстанның ғылыми және қоғамдық әлем ортасында елеулі құбылыс ретінде академик, мемлекеттік және лениндік сыйлықтардың лауреаты, геологиялық-минералогиялық ғылымдардың докторы, Қазақстанның Ғылым академиясының бұрынғы Президенті, қоғам және мемлекет қайраткері, Шахмардан Есенұлы Есеновтың ұлы тұлғасы ерекшеленеді.

Шахмардан Есенұлы маман ретінде еңбек еткен жеріне қарамастан, жоғары белсенділікпен ерекшеленді, достарына және жұмыстағы жолдастарына деген адалдықпен жұртты тамсандырған. Есеновтың басқа адамдардан айырмашылығы- ойдың саралығы, қарым-қатынастардың ашықтығы, себебі оның ақылының әмірі мейірімді жүрегінің сезімдерімен толықтырылған.

Шахмардан Есенұлының мінез-құлқының ең керемет тұстары- қарапайымдылық пен кішіпейілділік болатын.

Қазақстандағы кен орындарын ашу арқылы ел экономикасының негізін қалаған Шаhмардан Есеновтың еңбегін айтпай кету мүмкін емес.

Ол- «еліміздің бас геологы», жетекші маман, жастарды қолдай білген ғалым- ұстаз, елі үшін еңбек еткен министр, қазақтың әл-Фарабиін өз қазағымызға  қайтара алған тұлға.

Кез-келген оқырман оның еліне сіңірген еңбегімен етене таныс болса керек.

Себебі, «қара алтынның ордасы саналатын Маңғышлақты отанының игілігі үшін сақтап қалған әр тұлғаны елі ешқашан ұмытпайды.

Осыған сәйкес, бір кездері өзі басқарған Ғылым академиясының төрінде есімі тарих бетінде алтын әріппен таңбаланған ғалымның өмір жолына арналған естелік кеші де өткен болатын.

Қазақ ғылымына сүбелі үлес қосқан Есеновты көзін көргендер «Сәтбаевтың шәкірті» деп те еске алады. Қаныш Сәтбаевтың шәкірті болу арқылы білімін шыңдап, жинаған тәжірибесі мен қабілетінің арқасында 34 жасында -Геология министрі, 38 жасында Премьер-министрдің орынбасары болды. Кеңес үкіметі кезінде бұл ел естімеген жетістік болатын», – дейді оны еске алған замандастары.

Елдегі мұнай, газ, басқа да құнды  кен орындарының көзін ашқан ол, тек геология ғылымына ғана емес, сонымен бірге, шикізат өндірісіне негізделген экономикамыздың өсуіне және оның бүгінгі келбетін қалыптастыруға үлкен еңбек сіңірді.

Қазақстан – соғыс кезінде әскери қару-жарақ өндірісін толықтай шикізатпен қамтамасыз ете алған, жері қазына-байлыққа толы алып мемлекет.

17 жасында алыстағы алып шаhар Алматыға аттанған ол Қазақ тау-кен металлургия институтына, қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетіне оқуға түседі. Қаныш Имантайұлы оның қарым-қабілетін бірден танып, қанатының астына алады. Басында Жезқазған өңіріндегі геологиялық барлау экспедициясында еңбек еткен ол кейін сол экспедицияның бас инженері болып тағайындалды. Еңбек жолында Есенов Жезқазған, Жаңаөзен, Қаражанбас пен Жетібай, Қаламқас, Бозащы секілді пайдалы қазбаларға бай кен орындарының халық игілігіне жұмсалуына себепші болған.

Геолог ел -жер кезіп, алыс сапарларда «қара тердің» дәмін татқан азаматтар. Олар істің барысы мен адамның басты мақсатын бірден тани алады. Ал Есенов- нағыз кәсіби маман бола білді.

Шаhмардан мырза Орталық және Батыс Қазақстан өңірлерін геологиялық барлау экспедициясына қатысқан тұста Жезқазғандағы кен өндірісінің көлемі 5 есеге артқан екен. Оған ғалым жасаған зерттеу нәтижелері әсер еткені анық.

Ісіне адал адам. Шикізат саласындағы әр басқан қадамы оның мансабын бір саты жоғарылатты. Ол-жетекші ірі сарапшы бола білген тұлға.

Кейін министр болған тұста да геологтар оны жылы қабылдаған еді. Себебі, ол қарапайым жұмысшылармен далада иық тіресіп еңбек етіп, өзін ұйымдастырушы ретінде таныта білді әрі өздерімен кәсіби тұрғыда бірге өсті.

Шаhмардан Есенұлының тіпті сөз сөйлеу мәнері де адамдарға ұнайтын. Өйткені ол бірден тек іс туралы сөз қозғайтын болған.

Ғалым министр болған тұсында геологтардың әлеуметтік жағдайын көтеруге үлкен үлес қосты. Оның ішінде жұмысшылардың отбасын да назардан тыс қалдырмаған. Осылайша, геология министрі өзіне сенген қарапайым адамдар үшін кім алдына келсе де, мәселесін шешіп бір-ақ қайтатын мұндай азамат XX ғасырда қазақтың маңдайына біткен бағы десек те артық етпес.

Бұлай деуімізге Есеновтың бір кездері Маңғышлақты Қазақстанның бір бөлшегі ретінде сақтап қалуы себеп болып отыр.

Кеңес Одағын басқарып отырған шағында Н.Хрущев «Маңғышлақтағы «қара алтынды» игерумен мұнай өндіру ісінде тәжірибелі Әзербайжан, Түркменстан секілді республикалар айналысу керек» деп түйген болатын.

1965 жылы Мәскеуде КСРО министрлерінің  Кеңесі мен Жоғарғы кеңес Төралығының жабық түрде біріккен отырысы өтіп, Маңғышлақты беру мәселесін талқыға салды. Сол кездегі Қазақстанның басшысы Дінмұхамед Қонаев отырысқа республиканың көлемінде ғана емес, Кеңес Одағында да беделі бар өзінің жас геология министрі Шаhмардан Есеновты жібереді. Себебі, Маңғышлақтағы кен орнын тапқан геологтардың бірі 37 жасар  Шаhмардан Есенов еді. Ол Кеңес Одағы жетекшілерін Маңғышлақты Қазақстаннан ажыратпауға көндіруі керек еді.

Академик Сұлтан Сартаевтың жазылған кітабында Есеновтың отырыста Қазақстанда да мұнай мен газ кәсібімен айналысуға ғылыми әрі өндірістік потенциал бар екенін және Әзербайжандағы мұнай қорлары біздегі кен орындарына қарағанда едәуір аз екенін дәлелдеп бергені айтылған. Бұл дерек Есеновты есіне алған кез келген адамның естелігіне арқау болған.

Қазіргі  1,5 млрд. тоннаға жуық мұнайдың қазақтың еншісіне қалуына да себепші болған осы Шаhмардан Есенов десек артық айтылған болмас еді.

Шаhмардан Есеновты Қазақстан экономикасының негізін қалаған азаматтардың бірі ретінде кейінгі ұрпаққа өнеге етіп айтып, дәріптеу көзін көрген, жұмыстас болған азаматтардың міндеті дер едім.

Соның бірі өзім осы Шаhмардан Есеновтың алдында отырып ақылын тыңдап, дәрісін алғандардың бірімін. Шаhмардан Есенұлы жайында айтатын болсам, өте мәдениетті, кішіге үлгі, үлкенді сыйлай білген азамат ретінде таныдым. Сонымен қатар менің дипломдық жобамның жетекшісі болғанында мақтан тұтамын. Сол кісіден алған білімімнің арқасында қазіргі таңда, сол кісінің атына берілген университетте тапжылмай 27-жыл еңбек етіп келемін.

Қазақтар үлкен істерге мұрындық болып жүретін алдына қойған биік мақсаттары бар азамат туралы «Отызында орда бұзған, қырқында қамал алар» дейді. Шаhмардан ағаның осындай тұлғалардың қатарынан екені даусыз.

Сырдарияның бойынан түлеп ұшқан ол шын мәнінде, «өзін-өзі жасады, өз тағдыры өз қолындағы адам» деп айтуға тұрарлық халықтың адамы еді. Оның елі мен жері үшін жасаған адами және кәсіби ерліктері бір бөлек әңгіме.

«Ұлы адам әрдайым бастамашы болады, себебі ол басқаларға қарағанда алысқа көз тастап, жаңалыққа басқалардан гөрі ерекше ынтық болады…» деген Георгий Плехановтың сөздері тамаша адам және ұстаз, елеулі мемлекеттік қызметкер, ғылым мен өндірістегі кереметтей ұйымдастырушы  Шаhмардан Есеновтың өмірі мен қызметіне тікелей қатысты.

Әрине, тұлға деген тіркеске кім көрінген лайық емес. Бірақ еңбегі еліне жылдар бойы азық болатын Ұлы тұлға деуге Шахмардан Есенұлы Есенов  әбден лайық.

 

Черкешова Салима Муналбаевна
Ш.Есенов атындағы Каспий Технологиялар және Инжиниринг Университетінің аға оқытушысы 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий