Жауаптылықтың жүгі жеңілдемейді

Мектептің жүрегі мұғалім болса, жаңартылған сабақ – мұғалімнің кәсіби шеберлігін көрсететін, ұстаз атын ұлықтайтын педагогикалық процесс. Біз педагогикалық үдерісті өз дәрежесінде жүргізетін жетекші мектеп атауын алған озық мектептердің қатарындамыз. Бұл жауапты мәртебеге ие болуға мұғалімдердің жетпіс пайызы тәжірибелі және еңбек өтілі жоғары мұғалімдер санының көптігі, елу пайыз мұғалімнің кәсіби біліктілігінің жоғарылығы, мектепте «Үштік одақ» жұмысының жүйелілігі, оқушылар жетістігінің көптігі және жалпы педагогикалық ұжымның бірлігі ықпал етті.

 

Кез келген іс-шараны жоғары дәрежеде өткізу, жаңаны жылдам қабылдауға бейімділік, мобильді жас мамандарымыздың іскерлігі де оң әсер етуде. Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуда ғылыми жоба жұмыстары мен онлайн пәндік олимпиадаларға көптеп қатысуымыз да серіктес мектептерге үлгі болуда. Ал білім беру деңгейін көтеруде оқытуды пән бірлестіктерінде бірлесіп жоспарлауды тәжірибеде сәтті игеру – бұл қоғамдастықтың ықпалы. Біз географиялық белдеуде жақын орналасқан төрт серіктес мектептке жетекшілік етеміз.

Бірлескен жұмыс барысында арнайы «ADKAR» моделін қолдану арқылы серіктес мектептердегі өзгерістерді басқаруды жүйелі жүзеге асыруымызды жетекші мектептің жетістігі деп айтар едім. Сабақты зерттеу циклдерінің тұрақты жүргізілуі мұғалімдердің зерттеу тәжірибесін жетілдірсе, сабақты зерттеу тапсырмалары арқылы оқушылардың зерттеу дағдыларының қалыптасуы жетекші мектеп болып танылуымызға өз үлесін қосуда. Екі жыл бұрын бастау алған «Lesson Study моделін» мектептің оқу үдерісіне енгізу барысында мұғалімнің оқыту тәжірибесінде нақты өзгерістер әкелуі мектептің ерекшелігін білдіреді.

Қазіргі жағдайда қашықтан оқыту қолжетімді болғандықтан серіктес мектептермен оқытудың жаңа технологиясын пайдалануды арнайы платформаларда жүргізіп жатырмыз. Тәжірибе алмасу мүмкіндігі жеңілдеді, өйткені мұғалімдердің АКТ құзыреттілігінің артуына серіктес мектептердің де ықпалы орасан. Мектепте мектепішілік бақылаудың жүйелі, сапалы жүргізілуі, сонымен қатар мектеп тәлімгерлерінің кәсіби біліктілігінің жоғары болуы мұғалімдердің іс-әрекеттерін бақылауға, бағалауға, тиімді кері байланыс ұсынуға, өзіндік бағалау дағдыларын арттыруға бағытталған іс-шаралары өз ауданымыздағы озық мектеп қатарынан көрінуге септігін тигізуде.

Құралай Амантайқызы ЗУЛХАРНАЕВА,
Ләнде Бөкенов атындағы жалпы орта
мектебінің директоры, 
Түркістан облысының
Созақ ауданындағы Степной кенті

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий