Жамбыл Жабаев – 175: Өлең сөздің дүлдүлі

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының жаратылыстану және гуманитарлық пәндерді оқыту әдістемесі кафедрасының бастамасымен ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына және жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай «Жамбыл Жабаев – Ұлы Даланың алып жыршысы» тақырыбында облыстық дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Іс-шара ғасырдан ғасырға ұласып, атадан ұрпаққа мирас болып жалғасқан қазақ сөз өнерінен телегей-теңіз жыр тудырған халық поэзиясының атасы атанған Жамбылдың даңғыл жыраулығы, ұлы айтыскерлік мұрасы, күйшілік, жыршылық өнері, ғажап әңгімешілдігі, байтақ шежірешілдігі мен ақын жырларының шеберлігі, ақынның өмірі мен шығармашылығын әдебиеттану, тіл білімі және әдістемелік қырынан жан-жақты қарастыруға арналған.

Дөңгелек үстел жұмысында бас қосқан ғалымдар мен ұстаздар қауымы сөз мәйегін кие тұтқан абыз жыраудың шығармашылығы мен бай мұрасын насихаттап, аты аңызға айналған халық ақынының болашақ ұрпақ үшін қалдырған баға жетпес мол рухани мұрасына кеңірек тоқталды. М.Х.Дулати атындағы ТарМӨУ-дің профессор-оқытушылары Құлбарақ Сәмен Оразғалиұлы, Мақашев Бақытжан Маханұлы, Мұқашев Темірбай Әліұлы ақынның туындылары заман ағымы қанша өзгерсе де, еш маңыздылығын жоғалтпайтындығын атап өтіп, Жамбыл шығармашылығындағы жалпы адамзаттық құндылықтар туралы ой бөлісті.

Сондай-ақ, Жамбыл атындағы №5 мектеп- гимназиясының оқушылары ақын туындыларынан үзінділер оқып, ән шырқады. Қазақ әдебиетіндегі туған халқының мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі жыр алыбына айналған Жамбыл ақынға Талас ауданы А.Байтұрсынұлы мектеп гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, облыстық Жамбыл оқулары байқауының жүлдегері Бұралқы Әсел Шәріпбекқызы мен М.Қыстаубайұлы атындағы орта мектептің шағын орталық тәрбиешесі Аркабаева Жәудір Бақытқызы арнау оқып, сөз құдіретін, өлеңнің адам жанын әлдилейтін ғаламат әсерін танытқан ақын шығармашылығын мадақтады.

Іс-шара соңында қатысушылар өзара пікір алмасты, Жамбыл өмірі – ол халық өмірі, ұлт тарихымен тамырлас тамаша тағдыр. Жамбыл шығармашылығы – Ұлы дала Елінің ұлағатты қазынасы! Тәуелсіздіктің отыз жылдығымен тұспа-тұс келген Жамбыл ақынның дүбірлі мерекесі жоғары деңгейде аталып өтті.

Жулдыз Агадиловна КОЛБАЕВА,
“Өрлеу” БАҰО” АҚ филиалы Жамбыл
облысы бойынша ПҚБАИ, “ЖжГПОӘ”
кафедрасының аға оқытушысы, Тараз қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий