Уақыт талабы: Бәсекеге қабілетті кәсіби маман

Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты – еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті, жан-жақты құзыретті мамандар дайындау екені белгілі. “Ел экономикасын технологиялық жаңғырту жағдайында еңбек нарығы үшін құзыреттіліктің  әмбебап жиынтығы, белсенді азаматтық ұстанымы, тұлғааралық дағдылары мен жүйелі ойлау қабілеті бар кадрлар қажет”, – деп ұлттық білім беруді және ғылымды дамытудың  2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында  айтылғандай, білім беру жүйесінде болып жатқан түбегейлі өзгерістер білім саласында біліктілігі жоғары мамандарды даярлауды қажет етеді.

Білім мен ғылымның дамуы – адамзат өркениетінің өлшемі, сапалы білім – жарқын болашағымыздың кепілі. Тәуелсіз еліміздің ертеңі, білім мен тәрбиенің бастауы – ұстаз қолында. Елін сүйетін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, дәстүрін қастерлейтін ұрпақты тәрбиелеу – біздің басты парызымыз. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан да ұстазға жүктелетін міндет өте ауыр» – деген болатын. Ендеше, білім беруде мұғалім білігі мен  білімі  жоғары, ұлағатты тұлға болуы  міндетті. Қай елде болсын, балаға білім беру ісі елеулі орын алады. Себебі, еліміздің мәртебесінің биік болуы жас ұрпақтың білімі мен белсенділігіне, іскерлігіне тікелей байланысты.

“Ұстаздардың ұстаханасы» атанған біздің колледж педагогика саласындағы мамандарды дайындауда мол тәжірибесі қалыптасқан  оқу орны. Бүгінде қара шаңырақтан тәлім алып, еліміздің түкпір-түкпіріне қанат қаққан әрбір түлегіміз, бар жиған білімдерін өскелең ұрпаққа, өз халқының игілігіне арнағаны ақиқат. Бұл оқу орны әрбір жас буынның жігерін жанып, білімін шыңдап, ғылымға бетбұрыс жасауына үлкен үлес қосуда. 2018-2019 оқу жылының қараша айында мамандықтар бойынша халықаралық аккредиттеуден өттік. «Білім туралы» (27. 07. 2007 ж) Заңның 1-бабындағы 49-3 тармаққа сәйкес, адамгершілік-рухани білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру шеңберінде «Өзін-өзі тану» адамгершілік рухани білім бағдарламасын іске асыру жөніндегі негізгі білім беру ұйымы ретінде  Білім және ғылым министрінің (08. 05. 2019 ж,  №195) бұйрығымен бекітілді.

Білім ордасы  орта буын педагог кадрларды дайындау ісінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан тәжірибелі оқытушылар құрамынан тұрады. Талапты білімгердің таңдаған мамандығын игеруінде теориялық білім мен кәсіптік тәжірибенің дұрыс ұштасуы маңызды рөл атқарады. Сол себепті,  Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан мекемелердегі әлеуметтік серіктестермен тығыз байланыс орнатылып, нәтижесінде 12 базалық мекемемен үш жақты келісім-шарт жасалды.

Атап айтар болсақ, «В.Терешкова атындағы орта мектебі», «Қ.Сатпаев атындағы  орта мектебі», «Р.Токатаев атындағы орта мектебі», «Абылай хан атындағы орта мектебі», №1 «Рахат» орта мектебі, «Көктөбе -1» орта мектебі, «Айжан» балабақшасы, «Айгөлек» балабақшасы, «Шапағат» балабақшасы, «Әйгерім» балабақшасы, МКҚМ «Еңбекшіқазақ  ауданының  балалар мен жасөспірімдердің туристік  және экскурсия  орталығы», РМҚК «Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі.

Оқу орнымыз  0101000 – «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы, 0101013- «Мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешісі» біліктілігі, 0105000 – «Бастауыш білім беру» мамандығы, 0105013- «Бастауыш  білім беру» мұғалімі, 0105033- «Шетел тілінен бастауыш білім беру» мұғалімі біліктілігі, 0103000 – «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығы,  0103023-«Дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі» біліктілігі, 0108000-«Музыкалық білім беру» мамандығы, 0108013- «Мектепке дейінгі және негізгі орта білім беру ұйымдарындағы музыка пәнінің мұғалімі» біліктілігі, 0111000- «Негізгі орта білім беру» мамандығы, 0111013- «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі», 0111023 – «Орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі», 0111053 – «Өзін-өзі тану мұғалімі», 0111083- «Шетел тілі мұғалімі» біліктіліктері, 0511000 – «Туризм» (салалары бойынша) мамандығы, 051102 2 – «Саяхат жүргізушісі» біліктілігі бойынша мамандар дайындауда.

Бүгінгі таңда  күндізгі оқу бөлімінде  – 1025 білім алушы, сырттай оқу бөлімінде – 392 білім алушы білім алуда. Оқу кабинеттері жаңа технологиялық ақпараттық құралдармен жабдықталған. Интернетке қосылуға мүмкіндік беретін WI-FI нүктелері кеңінен пайдаланылуда. 2020 жылдың наурыз айының 16-сынан бастап  білім беру ұйымдарының қашықтан оқыту форматына көшкені мәлім. Бұл оқу-тәрбие үдерісін толықтай қашықтан оқыту технологиясына  бейімдеуді керек етті. 

Осы орайда «Талап» КЕАҚ, «НЗМ» ДББҰ  «ПШО» ұйымдастыруымен өткізілген курстардан оқытушылар біліктіліктерін арттырды. Қашықтықтан оқытуға байланысты «Бастауыш білім беру», «Негізгі орта білім беру», «Дене тәрбиесі және спорт», «Музыкалық білім беру» мамандықтары бойынша оқытушылардың түсірген бейне сабақтары «Білім» бейіні бағытындағы республикалық оқу-әдістемелік бірлестігі болып табылатын «Ж.Досмухамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжіне», Қарағанды гуманитарлық колледжіне жіберілді, бейнесабақтар  оқытушылар үшін ресурс ретінде «Талап» КЕАҚ-ның ҚБТ парақшасына орналастырылды.

Колледжде оқу үдерісі «Platonus – колледж» автоматтандырылған жүйесімен жүргізіледі. Қашықтан білім беру технологияларын қолдана отырып оқыту онлайн немесе офлайн режиміндегі қашықтан оқыту сабақтарының және білім алушылардың өзіндік жұмыстарының үйлесіміне негізделеді. Қашықтан оқыту жағдайында  мақсатқа жету үшін ойлауы, шығармашылығы  терең, мейірім шапағатын, биязылық шарапатын естен шығармайтын тұлғаны оқытып, тәрбиелеуге бағытталған іс-шаралар жоспарланып, ZOOM, Skyре тағы басқа қосымшалар арқылы өткізілді.

Жұмыс барысында қол жеткізген жетістіктеріміз ұстаздарымыздың, ұжымның ерен еңбектерінің жемісі. Шығармашылықпен қызмет етіп, өз іс-тәжірибесін насихаттап жүрген оқытушыларымыз түрлі марапаттарға ие болды. «Заманауи сабақ педагогтың кәсіби өсуінің көрсеткіші» атты облыстық ашық сабақтар  фестивалінде  А.Куанышбаеваның педагогика пәнінен «Тәрбие әдістері» тақырыбындағы  бейнесабағы – І орын, тарих пәнінің оқытушысы М. Солтанбектің «Қазақ диаспорасының қалыптасу тарихы» тақырыбындағы бейне сабағы үшінші орынды иеленді. Абай Құнанбайұлының  175 жылдық  мерейтойына арналған «Абай салған дара жол» халықаралық байқауында  Алдаберген  Нұргелдіге бас жүлде берілді (жетекшісі: Досжанова А.А).

2020 жылдың қазан айында Шымкент қаласында өткізілген «Жастар, ғылым және инновация» атты ҮІ Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысқан  2-курс білім алушысы Манапова Сандуғаш «Шет тілін үйренудегі тиімді жас» тақырыбындағы зерттеу жұмысын ұсынып, ІІ орынды алды. Жетекшісі: ағылшын тілі пәнінің оқытушысы – Азимжанова А.А. 2020 жылдың 9 желтоқсан күні Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасының басшылығымен  Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күніне арналған “Мен- кәсіпкермін” республикалық гранд турнирінде колледж командасының “Білім-гуманды- логопедиялық дамыту орталығы” атты  жоба жұмыстары 3-орынға ие болды (жетекшісі: Ж.Солтанбек).

Желтоқсан айында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ұйымдастырған Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мерейтойларына орай Жетісу өңірінде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған “Жетісу- кітапқұмарлар өлкесі” атты байқауда  “Бастауыш білім беру” мамандығының білім алушысы Рамазанова Гүлдана І дәрежелі дипломмен,  304 топ білім алушысы Ягмурова Ирада екінші дәрежелі дипломмен марапатталды (жетекшілері:К.Е.Алимтаева, С.А.Баймуханова).

«Бөбек» ҰҒПББСО-ның ұйымдастыруымен  «Өзін-өзі тану»  пәні бойынша техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары  білім алушылары арасында алғаш рет  республикалық  олимпиада өткізілді. Олимпиадаға  Алматы облысынан Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің «Ізгілік маржаны» командасы қатысып,  жүлделі ІІІ орынды алды (жетекшісі:  өзін-өзі тану пәнінің оқытушысы – Тұрсынова С.Ш).

Педагогикалық мамандықтар бойынша Worldskills чемпионаты желтоқсан айында облыс деңгейінде ZOOM платформасы арқылы қашықтан  ұйымдастырылып өтті. Чемпионатқа «Бастауыш білім беру» және «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандықтары бойынша  білімгерлер қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Олар, «Бастауыш білім беру» мамандығында оқитын 3-курс білім алушылары 1-орын Ягмурова Ирада, 2-орын Аскарова Милана, жетекшісі Баймуханова С.А.  «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығында оқитын білім алушы – 1-орын Қуан Мөлдір, жетекшісі Утелова М.Б., орын алған  білім алушылар  ақшалай сыйақы алды.

«Өткенге қарап басымызды иеміз, ертеңге қарап білек сыбанамыз» демекші,  бүгінгі студент – ертеңгі жас маман, бүгінгі бала-ертеңгі азамат. Ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, іскер, бойында ізгі қасиеттері қалыптасқан, жан-жақты, интеллектуалдық деңгейі жоғары, ойы, сөзі, ісі бір кемел адамды тәрбиелеу – сол жас мамандарға байланысты.

Олай болса, жаңа ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін, қажетті дағдыларды дарыту үшін, мұғалімдер тынымсыз еңбектену керек. Үйренгеніміз де, үйренеріміз де көп.  Қай заманда болмасын жұмыла жұмыс істеу – жетістік. Жылдар желісінен үзілмеген осынау жүйе – ұлтты ұйыстырады, тәуелсіздік тұғырын берік етеді. Елімізде орын алған қашықтан оқыту кезеңінде де оған көзіміз жетті. Осындай игі істеріміз жалғасын тауып, әр адамның жүрегіне ізгілік нұрын құя берсін.

Алмас Әуезханұлы ЖЫЛКЫБАЕВ,
Есік гуманитарлық-экономикалық
колледжінің директоры, Алматы облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий