Мектеп пен музейдің берегей байланысы бекемделе бастады

Қазіргі таңда өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімін қалыптастырып, сүйіспеншілігін оятуда, әр жастың өз халқының тарихы мен мәдениет, дәстүрлеріне деген құрметін арттыру мақсатында біздің білім ордасы ҚР Мемлекеттік орталық музейімен тығыз байланыста жұмыс жасауда.

Ортақ мақсатқа сәйкес оқушыларға арнап көрсетілетін музей жәдігерлерімен, еліміздің тарихы және мәдениетімен таныстыратын әртүрлі әдістемелік білім беретін бағдарламалары және музейлік сабақтарына қатысып, сол музей залдарында  әртүрлі  тақырыптарда ұйымдастырылатын түрлі шараларға белсене араласудамыз. Мектеп – гимназияның оқу – тәрбие, әдістемелік орынбасары Жакыпбекова Назира Алмахановнаның ұйымдастыруымен бiлiктi, көшбасшы, шығармашыл ұстаздарымыз қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Шайхина Күлшара Тлекбергенқызы, Азербаева Жiбек Талғатқызы мен музыка пәнінің мұғалімі, домбыра үйiрмесiнiң жетекшiсi Ержанов Арыс Акылбековичтiң жетекшілігімен мектебіміздің дарынды оқушылары Қазақстан Республикасы  Мемлекеттік Орталық музей қызметкерлерімен  бірге өте жоғары дәрежеде  “Армысың, Әз – Наурыз ” тақырыбында әдеби – музыкалық қойылымы ұйымдастырды.

Басқосу мемлекеттік орталық музейдің этнографиялық залында өтті. Мектеп пен музейдің байланысына ұйытқы  болып жүрген экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі Бағдаулетова Бибатима Тауекеловна іс – шараны бастап берсе, экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің  қызметкері Буркитбаев Дулат Лукбекович Наурыз мерекесінің тарихымен қатар, қазақтың маңдайына біткен қос дүлділіміз, туылғанына  175 жыл толған жыр алыбы  Жамбыл Жабаев пен туылғанына 160 жыл толған қазақтың әйгілі күйші, композиторы Дина Нұрпейісованың өмір жолы және шығармашылықтары туралы оқушылар мен келген қонақтарға таныстырылым жасады.

Іс шара «Дәстүрімізге айналған Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз құтты болсын! – деп бастаған жүргізушілер сөзімен  қатар, дәстүрге сай шашу шашылып, одан «Бүгін мейрам, Ұлыстың  ұлы күні. Бұл күні адамдар ренжіспейді. Ренжіскен адамдар төс қағысып татуласады» – деген Алдар, Қожанасыр, Тазшабала көрінісімен басталып, той тойлаған Сүйінбай ауылының Наурыз тойы көрінісімен толықтырылды.  Егде адам:- Сүй аға, ешкімнен өлең қарыз сұрап көрмеген шапырашты едік. Сіз сырқаттанып келе алмаған соң, Құлмамбет екі күн шыдатар емес.Тойға барған  ақынның бәрі жеңілді. Сізге де, мына Жамбылға да тіл тигізді. Есеміз кетіп барады. Құлмамбеттің жағына құм құйылсын. Көкірегінде намысы болса тез жетсін деп, Құдайберген Жамбылды шақыртып отыр.

Сүйінбай: Бәрекелді, Құлмамбет айлакер, кәнігі қасқыр ақын. Аңдысын аңдып бақ. Орайы түсті-ау деген кезде, бұғалығынды тастап жібер, ол сенікі. Ал, жолын болсын! – деп батасын берген Сүйінбай сөзінен кейін  Құлмамбет  ауылының Наурыз тойы көрінісімен жалғастырылады. Дастархан басына жиналған ел ішіндегі суырып салма күйшілер мен бұлбұл әншілер ортасына қонағын құрметтеген қазақ халқының әдебімен төрге Жамбылды оздырып ақынды құрметпен қарсы алды.

Осы көріністе Жамбыл:- Ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермей, намысымызға тиіп Құлмамбет шақырған соң арнайы атбасын осында бұрған жайым бар – деген сөзінен кейін «Жамбыл мен Құлмамбет» айтысымен жалғастырылды. Айтыс соңын  жас әнші қызымыз домбырада қазақ халқының әнімен әуелетіп көтеріп жіберді. Наурыз тойы ары қарай жалғасты. Жеңгелер: – Мына Маңғыстау өңірінде күй айтысы жақсы дамыған деседі. Тамыры тереңде жатқан күй айтысы көнеден келе жатқан асыл мұрамыз. Олай болса, әсем  өрнекті күйлерін төгіп, ердің намысы сынға түсетін кез де келді – деген сөзімен жалғасты.

– Қане, жігіттер, намысты қолдан бермелік. Дүбірлеткен күйшілермен   болған күй сайысы шежірелі аңыз болып ұрпаққа қалсын- деген қолдау сөздерімен мектеп гимназияның жас күйшілерінің орындауында  «Күй сайысы» музей көрермендерін одан ары шабыттандырып жіберді.  Қойылымдағы «Наурыз мерекесі» одан ары  тойға жиналған халық өнерлілерімен ажарлана түсті. Бейтаныс жанның: – Халқымыз қашанда ерен жүйріктерге әманда бай болған. Айналайын Динажан, жасынан өнер қонған ерекше қабілетті дарын иесісің.

Бала кезіңнен Дәулеткерей, Мүсірәлі, Байжұма сияқты атақты күйшілердің күйлерін орындап жүрген «Домбырашы қыз» едің. Құрманғазыдай дәулескер күйші ұстазың бар, бақытты жансың, айналайын. Бұл күй сенің ғана  бағың емес, исі  қазақ даласының бағы деп білеміз. Дина, қарағым, қазақ күйлерінің өресін ұзартып жүрген бірегей арулардың бірісің. Келесі қонақкәдені өзіңнен сұраймыз, – деген сөзіне, іле шала Дина рөліндегі жас айтыскер әрі күйші қызымыз:- Осындай бір отырыста атамыздың бір күйін орындап болған соң риза болған Құрманғазы атамыз былай деген еді.

– Менің оң қолымның, ал Динаның сол қолының шеберлігі күшті. Егер менің оң қолым мен Динаның сол қолының шеберлігі бір адамға дарыса, одан асқан домбырашы болмас, сірә» деп өзінің ескі домбырасын маған  табыстаған еді. Аманатқа қиянат болмасын, атама ұқсап, осы тойдың құрметіне шығарылған «Той бастар» күйімді барша тойға жиналған қауымға арнаймын – деп құйқылжыта күйін ойнады. Осылай қазақ ауылының шағын ғана Наурыз тойын тойлау дәстүрін көрсеткен өнерлі оқушылардың қойылым соңындағы ерекшелігіне тәнті болдық.

Жас жігіттер мен қыздардың: – Қас қарайып қалды, қалған ән шашуды алтыбақан басында шырқайық. – Жігіттер, ақсүйек ойнасақ қайтеді? – деген сөздерімен аяқтап, көрініс орнынан тарасты. Музей қызметкерлері дарынды оқушыларымыздың шынайы көрсете білген рөлдік ойындарына сүйсінсе, әнші қызымыздың дәстүрлі әндерді орындаудағы шеберлігіне тамсанды, күй сайысына түскен оқушыларымыздың шебер орындауларынан, дайындап жүрген ұстазы Ержанов Арыс Акылбековичтiң тамаша жетекші екендігін баса айтты.

Қойылымның қортындың кезеңінде сөз алған  ҚР Республикасы Мемлекеттік Орталық музей директорының орынбасары Ғалия Теміртон,  мазмұнды әрі жоғары дәрежеде өткізілген іс – шараға  ризашылығын білдіре отырып,  мектеп әкімшілігі, мұғалімдері мен дарынды оқушыларымызды марапаттады. ҚР Мемлекеттік орталық музейіндегі іс – шараны ұйымдастырған мұғалімдер мен дарынды оқушыларымыздың болашағына шығармашылық табыс тілей отырып, музеймен болашақта бірлесе әлі де талай игі жұмысымыздың жалғасатындығына сенеміз.

Рима Сабржановна АБДИКАРИМОВА,
№ 152 мектеп – гимназия 
директоры,
Алматы қаласының Алатау ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий