Қажырлы еңбек қашан да ел игілігіне қызмет етеді
Еліміз үшін аянбай еңбек етіп, өзінің адалдығымен, парасаттылығымен ел жадында жүрген азаматтарының ғибратты ғұмырын көпке үлгі, жастарға өнеге ету ел-халқымыздың тамаша дәстүрі. Осындай тұлғалы перзенттердің бірі де бірегейі жастық шағында – «Сыр сұлуы», есейген шағында – «Ғасырдың Батыр Анасы» атанған, есімі аңызға айналған қайраткер, күрішші, Социалистік Еңбек Ері, Ардақты Ана Жұмабекова Сәлима Жұмабекқызы дер едік.
Барша адамзат баласы ана алдында бас иеді. Ана деген мәртебелі аттың ұлылығын ұлықтаған дана халқымызда «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген тәмсіл ежелден бар. Әйел-Ана– шаңырақтың шырағы, отбасының ұйытқысы, ұрпақ тәрбиешісі. Жер, Отан, Табиғат атауларының әрқайсысын «Ана» ұғымымен егіз деп тануы – қазақтың әйел-ананы ерекше құрметтеуінің белгісі. Ежелден халық жадымен біте қайнасқан Тұмар ханым, Ұмай ана, Бегім ана, Гауһар ана, Домалақ ана, Қарашаш сұлу және тағы да басқа тарихи танымал абыз аналарымыз, батыр қыздарымыз жайындағы ел аузында тараған аңыз әңгімелерден халқымыздың оларға қалай табынатынын аңғарамыз.
Ұлы аналарымыздың ұлағатынан нәр алған қазақ қызы қандай қиындықта да қабақ шытпаған. Сәлима Жұмабекқызын осынау ұлттық дүниетанымнан нәр алған феномен десек, ақиқатын айтқанымыз. Қармақшы ауданының Дауылкөл ауылында туып өсіп, сұрапыл соғыс тұсындағы және одан кейінгі жылдардағы ауыр еңбекке ерте араласты. Еңбек ете жүріп есейді. Отбасын құрды. Алтын құрсақты ана дүниеге бірінен соң бірі он бір бала әкеліп, олардың бойына өзінің бар игі қасиеттері мен ізгілігінің құнарын сіңіре білді.
Еңбек адамның адами қасиеттерін, тұлғалық қабілеттерін қалыптастыратын шешуші күш. Адал еңбектің арқасында әр адам өз бақытын табады. Кім адал еңбегінің арқасында ел құрметіне бөленсе, сол адамның өмірі баршаға ғибрат екені де шындық. Сәлима Жұмабекқызы табиғат бойына дарытқан еңбекқорлықтың, төзімділік пен қайсарлықтың арқасында шыңдалып, алдынан шыққан қиындықтарды жеңіп, бейнет жүгін еңсерді. Даралықтың негізін қарапайым ғана адамдық парасаттан іздеп, тағдырының таңдауына айналған ісін абыроймен атқара білді.
Мұнысы әрдайым берекеге бастап, мұратына жеткізді. Сәлима Жұмабекқызының өлкемізде іске асырылған көптеген игілікті шаруада қолтаңбасы қалған. 1959 жылдан В.И.Ленин атындағы кеңшарда (қазіргі Тұрмағамбет ауылы) күріш өсірумен айналысты. Ірілендірілген звено жетекшісі бола жүріп, 1974-1986 жылдары өзіне бекітілген күріш егісінің әр гектарынан орташа алғанда 100 центнерден өнім жинады. Осындай ел мүддесі жолындағы еселі еңбектері үшін Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, Құрмет белгісі және екі мәрте Ленин ордендерімен марапатталды.
1979 жылы КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды. Қайтсем елге жақсылық жасаймын деп үнемі ізденісте жүретін халық қалаулысының өңірде агроөнеркәсіп өндірісі инженерлерін дайындайтын тұңғыш жоғары оқу орнын ашуға қосқан үлесі де елеулі. Сәлима Жұмабекқызы жастарды тәрбиелеу ісіне белсене атсалысты. Бүгінде оның қажырлы еңбегі мен адамгершлілік қырларынан тәлім алған қаншама азамат еліміздің дамуына лайықты үлестерін қосып, қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық салаларда еңбек етуде.
Елдің көсегесі еңбек арқылы ғана көгеретінін жақсы білген ата-бабаларымыздың өз өмір тәжірибелерін кейінгі буынға аманат етіп отырғаны табиғи нәрсе. Демек, бүгінгі әлеуметтік жаңғырудың аса маңызды мәселелерінің бірі қоғам мүшелерін, оның ішінде жастарды адал еңбекке ынталандыру болмақ. Бұл тұрғыда Сәлима Жұмабекқызының артында қалдырған өшпес өнегесі де келер ұрпақпен бірге жасайтыны сөзсіз. Өйткені, ол – қашанда елімен бірге, еңбекпен егіз ғұмыр кешіп, өнегесімен көркейген жан. Туған елі үшін толағайдай тер төгіп, бар ынтасымен еңбек етті.
Құдай қосқан қосағы Ноғай Дәулетұлы екеуі қызығы да қиыны мол өмірді бастан кешірді. Отбасынана шыққан тәлімді ұрпағы жұрт үлгі тұтатын абырой иесі, өнегелі істерімен жерлестеріне сыйлы. Қызылорда облысының әкімдігі мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ұйымдастыруымен қазақ халқының қайраткер қызы, Социалистік Еңбек Ері, Батыр ана Сәлима Жұмабекқызына арналған «Өмірі өнеге ғасырдың батыр анасы» атты ғылыми-танымдық конференция өткізілді. Конференцияның мақсаты – адал еңбекті насихаттау, азаматты еске алып, құрмет көрсету әрі рухына тағзым ету. Конференцияны Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова алғы сөзбен ашты.
Конференция барысында ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Қ. Бисенов сұрапыл соғыс пен одан кейінгі қиын-қыстау кезеңді ерен еңбектің арқасында артқа тастаған Сәлима Жұмабекқызының бүкіл өңірге еңбегімен де, ұлағатты сөздерімен де өнеге болып, тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосқанын атап өтті. Университет профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Б. Сайлыбаев өңірге қажетті инженерлерді дайындау қажеттілігі кезек күттірмес мәселе болып тұрған шақта оның КСРО ауыл шаруашылығы министрі В.Месяцтің қабылдауына кіріп, Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтының Қызылордадағы филиалын дербес институт ретінде ашу мәселесін шешуге өзіндік ықпал еткеніне тоқталды.
Ы.Жақаев атындағы күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Ә Тоқтамысов С. Жұмабекованың 80 жылдық мерейтойына орай Қазақтың күріш ғылыми–зерттеу институтының селекционер–ғалымдарының өздері шығарған жаңа күріш сортына «Сәлима» есімін бергенін мақтанышпен айта келе, өнімділігі жоғары бұл сорттың егу технологиясының қыр-сырларымен бөлісті.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, Сәлима Жұмабекованың қызы Фатимабибі Дәулет өз баяндамасын: «Дүниеден өткен тұлғаның қандай кісі болғаны, оның халқына сіңірген еңбегі, ел алдындағы қадір-қасиеті, артына қалдырған мұрасы, ұлағатты істері жайлы ақпараттан адамдар жоқтауды ести немесе оқи отырып хабардар болады. Анамызға деген жоқтау, басу айту, көңіл айту сарынында жазылған өлең жолдарын сағыныш, қимастық сезім, жүрек түбінде тұншыққан нала деп қана қабылдамай, мағыналы, өнегелі, мәнді әрі сәнді өмірімен тарихта мәңгілік қалған қазақтың Сәлимасы туралы шежіре жолдары деп те қабылдаған жөн болар, – деп қорытындылады.
Конференция барысында мемлекет және қоғам қайраткерлері Қ. Көшербаев, академиктер У. Бишімбаев, Қ. Бозымов Сыр өңірінің ардақты қызының тағылымға толы өмір және еңбек жолының кейінгі ұрпаққа жасампаз үлгі ретінде әрі қарай да насихаттаудың маңыздылығына тоқталып, жалпыға ортақ еңбек қоғамын құрудағы еңбеккер тұлғалардың рөлі туралы байыпты ой қорытты. Ізденімпаз жастарға, тарихшылар мен өлкетанушыларға, көпшілік оқырманға арналып конференцияның еңбектер жинағы алдын ала шығарылды.
Адал еңбекті насихаттау, азаматты еске алып, құрмет көрсету әрі рухына тағзым ету елдіктің, қоғамдық кемелдіктің белгісі. Батыр ананың ғибратқа толы ғұмыры, игілікті істері, еңбек майданындағы жетістіктері тағылымды тәрбие мен өшпес өнегенің қайнары болып қала бермек.
Бейбіткүл КӘРІМОВА,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда
университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры