Кикбоксингтен алтын алқа иегері

Біздің елімізде өткен ға­сыр­дың тоқсаныншы жылдары кикбоксинг қатты дамыды. Кикбоксингтің алты түрі бар. К-1, фул-кантакт және лоу-кик – бұлар бұл спорттың ішіндегі қатаңдау түрлері, ал семи-контакт, лайт-контакт, фристайл дегендер «жұмсақтау» түрлері. Жалпы, кикбоксинг келешекке керек спорт деп ойлаймын. Жекпе-жекке деген құмарлық жауынгер қазақтың қанында бар қасиет. Өзін ғана емес, өзгені де қорғай ала­тын, шымыр, шыныққан, оқы­ған-тоқығаны мол өнегелі жас тәуелсіз қазақ елінің ертеңгі қалқаны емес пе?!

Жастардың да бұл спорт түріне қызығушылығы жоғары деп нық сеніммен айта аламыз. Себебі, үлгі тұтарлықтай ұлт ұландары бар. Салауатты өмір салтын қалыптастыруда дене тәрбиесінің маңызы зор. Бәріміз де жастарды болашақтың тірегі болатын, ден саулығы мықты азамат ретінде көргіміз, олармен мақтанып жүргіміз келеді. Одан бөлек, ұл-қыздар арасынан мықты спортшылар даярлап, оларды түрлі деңгейдегі турнирлерде  ел намысын қорғауға әзірлеу өз алдына жауапкершілігі мол жұмыс.

Сондықтан қазіргі қыз-жігіттердің болашағына зор сеніммен қарап, үміт артатындар көп.Осы орайда түрлі шаршы алаңда  өз жас ерекшелігіне орай көрініп, белестерді бағындырып жүрген өрендеріміз де баршылық. Оларды жарысқа барынша баптап, жеңіске деген құштарлығын оятуда спорт мектептерінің де қосар үлесі зор.  Осы мақалама арқау болып отырған  мектебіміздегі жас боксшы – Орынбеков Бағдат туралы  мақтанышпен айтуға әбден болады. Қазіргі таңда 9-сынып оқушысы. бесінші сынып оқыған сәтінен бастап кикбокс өнеріне, оның ішінде «фул-кантакт» деп аталатын әдісіне  қызығушылығы артып, арнайы жаттығулардан қалмай, нәтижесінде көптеген турнирлерде намысты қолдан бермей келеді.

Оның осы кезге дейінгі жетістіктеріне тоқталар болсам: 2019 жылы кикбоксингтен балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің 2006-2007 ж.т жасөспірімдер арасындағы облыс біріншілігінде 45 кг салмақ дәрежесінде бірінші қатардан көрінді. 2019 жылы кикбоксингтен балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің 2005-2006 ж.т жасөспірімдер арасындағы Байқоңыр қалалық біріншілігінде 54 кг салмақ дәрежесінде алғашқы орынды орын иеленді. 2019 жылы Шардара қаласында болып өткен 9 мамыр Ұлы Отан соғысының жеңісінің 74 жылдығына арналған кикбоксингтен «Шардара  кубогы – 2019» жарысында 48 кг салмақ дәрежесінде тұңғыштар сапында тұрғаны бар.

Бағдаттың биылғы жылдағы үлкен жеңісін айрықша айтқым келеді. Яғни, ол жақында 2021 жылы  наурыз айының 12-14 наурыз күндерінде еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің бастамасымен Шымкент қаласында ұйымдастырылған әмбебап жекпе-жектен жасөспірімдер арасындағы республикалық чемпионаттағы 55 кг салмақ дәрежесінде жүлделі бірінші орынмен марапатталып, алтыннан алқа тақты. Жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты ретінде құрама команданың құрамына енді.

Сынып жетекшісі әрі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ретінде Бағдатты сөзге тартып, сұхбаттасқанымда оның мақсаты айқын, келешегінен зор үміт күтетін чемпион болатынына анық көзім жеткендей, «Спортта нәтижеге жетуім  ең алдымен осы мектептегі тынымсыз жаттығудың жемісі деп ойлаймын. Әсіресе, жеңіс тұғырында тұрғанда көк туымыз желбіреп, әнұранымыз орындалған сәтте толқымау мүмкін емес. Спортта ең алдымен белгілі бір тәртіпті сақтап, бапкерді тыңдап, мықты дайындықтың нәтижесінде жоғары көрсеткішке жетуге болады. Мектепте спортқа басымдық берілгенімен, сабақты да жақсы оқуға тиіспіз”, – деп сөзін қорытындылады жас былғары қолғап шебері.

Осы орайда Бағдатты жеңістерге жетелеген, рухын көтерген жаттықтырушыларының да аты-жөндерін атап өткен жөн. Олар: Нұрбек Жармаханов пен Галымжан Жургабаев сынды өз саласының мықты жаттықтырушылары. Бағдаттың еліміздің әнұранын шарықтатып, көк туымызды биікте қалықтататын сәттері, алар асулары мен басар белесі  әлі алда деп сенеміз. Абыройың асқақ болсын, жас өрен!

Галымжан Жарылкасынович  ЖУРГАБАЕВ,
Темірбек Жүргенов атындағы №80 мектеп
гимназиясының дене шынықтыру пәні
мұға
лімі, Қызылорда облысындағы
Қармақшы ауданының Төретам кенті
                                                                       

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий